ХХІ ғасырда урбанизация қандай деңгейде болады?
ХХІ ғасырда урбанизация қандай деңгейде болады?
6 жыл бұрын 4856 Алтынай Қуанышбек

Соңғы уақытта қалалар жылдам дамып, ондағы халық саны арта береді деп жиі айтылып жүр. Тіпті, осыған қатысты жүргізіліп жатқан зерттеулер де көп. Бұл жақсы ма, әлде жылдам урбанизация эко-катастрофаға әкелуі мүмкін бе, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап. 

Нигерияның оңтүстік-батысындағы Лагос қаласының 1960 жылғы картасында бірнеше ауылмен қоршалған аздаған көшелер ғана байқалады. Ол кездері асфальт жол батпаққа айналып, жазық далаға орман отырғызыла бастаған. Қалада алты қабатты бірнеше биік ғимарат қана болса, автокөліктер тіптен аз еді.

Ол кезде қаланың болашақта қандай болатынын ешкім болжамаған да болар. Ал Лагос небәрі екі буында 100 есе өсіп, қала тұрғындарының саны 200 мыңнан 20 миллионға жетті. Бүгінде бұл әлемдегі ең ірі 10 қаланың бірі саналады әрі аумағы мың шаршы километрден асады. Дегенмен, кейбір бөлігі ғана үлкен байлықта өмір сүріп, көп жері хаос пен кедейліктің кебін киіп отыр. Халықтың көбінде тұрақты үй де жоқ. Сондай-ақ, санитария жүйесі мен су құбырына қосылмаған аудандар да баршылық. Қала көшелері кептелістен босамайды, ауасы түтінге толы. Ал қаланың негізгі қоқыс орны 40 гектар жерді алып жатыр әрі онда күніне метріне 10 мың тонна қоқыс лақтырылады.

Лагос қаласы

Overstretched Cities (Халқы тығыз орналасқан қалалар) деген не?

Бүгінгі таңда урбанизация туралы көптеген зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ғалымдардың соңғы зерттеуінде алдағы 60 жылда Лагоста болған өзгерістер қайталанбай, басқаша сипат алуы мүмкін екені айтылған. Ғалымдардың сөзіне сенсек, Нигерия халқының саны өсіп, халық қазіргі жылдамдықпен қалаға көше беретін болса, Лагос 85 немесе 100 млн халқы бар әлемдегі ең ірі мегаполиске айналуы мүмкін. Болжам бойынша, 2100 жылы бұл қала тұрғындарының саны Калифорния немесе Британиядан да көп болады және бұл үлкен экологиялық проблемаға әкелуі мүмкін.

Канадалық демографтар Даниэль Хооргвег пен Кевин Поуптың айтуынша, әлемдегі туу көрсеткіші ең жоғары африкалық Нигер республикасының астанасы Ниамей қаласы әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан сегізінші қалаға айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда халық саны миллионнан асатын қала тұрғындары 2100 жылы 46 миллионға жетеді деген болжам бар.

БҰҰ жасаған болжамға сенсек, жер бетіндегі халық саны алдағы 33 жылда 2,9 миллиардқа жетеді. Ғасыр соңында бұл көрсеткіш тағы 3 миллиардқа көбеюі мүмкін. БҰҰ мамандарының айтуынша, болашақта 80-90 пайыз халық қалада тұратын болады.

Бұл қалалардың тұрақты әрі дамыған қалаға айналуы немесе ауасы ластанып, қоқыстың астында қалуы, бақыланбайтын хаосқа тап болуы – қаланың тұрғындар санының өсу жылдамдығына уақытында әрекет ете білуіне байланысты болмақ. Көптеген экономистердің айтуынша, тұрғындар санының артуы байлыққа кенелтіп, урбанизация адамның экологиялық әсерін азайтуға әсер етуі мүмкін. Бірақ басқа сарапшылар қалалардың бақыланбай кететініне алаңдаулы. Себебі температура көтеріліп, жердің ластануы артады, су тапшылығы болып, адамдардың денсаулығы нашарлай бастайды.

Көптеген қалалар қазірдің өзінде эко-көліктер мен таза ауаға, канализацияға, жаңғыртылатын энергия көздеріне, тұрғындарға арналған ыңғайлы үйлер мен ғимараттарға инвестицияларды көптеп салуда. Ал басқалары шешілуі мүмкін емес көрінетін проблемаларға тап болуда.

Төменде Хооргвег пен Поуп жүргізген зерттеулерне негізделген мәліметтерді беріп отырмыз. Онда ХХІ ғасырдағы әлемдегі ең ірі қалалар халқы санының артуына байланысты болжам жасалған.

Зерттеушілердің айтуынша, туу көрсеткіші жоғары және урбанизация жүріп жатқан мемлекеттердегі 100 қалада алдағы 35 жылда 5,5 млн адам тұратын болады.

«2100 жылы Азия мен Африкада халық саны артады. Халқы тығыз орналасқан 101 қаланың тек 14-і ғана Еуропа мен Солтүстік және Оңтүстік Америкада орналасады», - дейді ғалымдар.

Алдағы 30 жылда бұл қалаларда не болатынын жаһандық табиғат пен 11 млрд адамның өмір сапасына байланысты болады. Әрине, қалалардың қалай дамитынын нақты болжау қиын. БҰҰ ұсынған деректерге сенсек, халықтың көбі жас, ұрпақ әкелуге қабілетті әрі урбанизацияға бейім болады. Нигерияда орташа жас 18, Африканың 54 мемлекетінде 20 жасты құрауы мүмкін деген болжам да бар. Үндістан халқының жартысы 25 жастан төмен, Латын Америкасында орташа жас 29 жасты құрауы мүмкін.

Бангалор, Үндістан

2015 жылғы халық саны: 7 млн

2100 жылға болжам: 21 млн

Бангалор қаласы

«25 жыл бұрын бұл қала ағаштарымен, өзендерімен, таза ауасымен танымал болып еді. Қазір әлемде болып жатқан экономикалық өсімнің әсерінен табиғаты бұзылып барады», - дейді Үндістан ғылыми институтының энергетика және жер-суды зерттеу тобының жетекшісі Т.Рамачандра.

Үндістан 2050 жылы 1,5 млрд халқы бар ең тығыз мемлекетке айналады деп күтілуде. Бұл мемлекетте соңғы 30 жылда қала тұрғындарының саны артып, 600 миллион адамға жеткен. Ғалымдардың айтуынша, Мумбай мен Дели секілді мегаполистер дамып, ірі қалалар да кеңейе түседі.

Рамачандра мен оның әріптесі Бхарат Айтал зерттеу жүргізіп, Бангалор қаласы жылдам өсетінін айтты әрі оның экологиялық салдары да болатынын жеткізді. Соңғы 30 жылда бұл қаладағы ауаның орташа температурасы 2-2,5 градусқа көбейген. Топырақты су деңгейі төмендеген. Өсімдік әлемінің 88 пайызы жоғалған. Рамачандра Бангалордың бұл проблемасы Үндістанның барлық қалаларында болуы мүмкін деп ойлайды.

«Ауаның ластануы қауіпті деңгейге жеткен. Су ластанған. Қалдықтарды жіберетін дер жоқ. Өзендер жоғалудың алдында тұр. Жоспарланбаған урбанизация табиғатқа қауіп келтіретін болады. Жер-су, өзен, жасыл шөпті әйнек пен бетон алмастырды. Табиғи жерлердің азаюы жабайы табиғаттың жоғалуына әкеледі», - дейді урбанизация мен экономикалық өсімнің Үндістанның жабайы табиғатына әсерін зерттеген ғалым Прэрна Биндра

Киншаса, Конго Демократиялық Республикасы

2015 жылғы халық саны: 12 млн

2100 жылға болжам: 83 млн

Киншаса қаласы

1920 жылды Киншаса қаласында 20 мың ғана халық болған. 1940 жылы ондағы тұрғындар саны 450 мыңға жеткен. Бүгінде бұл қалада шамамен 12 млн адам тұрады. Алдағы 50 жылда Киншаса 75 млн халқы бар Африкадағы халқы ең тығыз орналасқан екінші қалаға айналады деген болжам бар.

«Киншаса қаласында бүгінде тәртіп жоқ. 2050 жылы бұл Африканың ең ірі қалаларының бірі болады, бірақ халық саны 75 миллионға жетеді деп ойламаймын», - дейді Африканың бүкіләлемдік банк экономисі Сомик Лалл.

2100 жылы қалалардың қандай болатынын болжау қиын. 1980 жылдары Сеулдің қандай болатынын ешкім елестете алмайтын еді. Бүгінде бұл өндірістік лас қалаға айналды. Африкада жас жұмыс күші көп. Киншаса әлемдегі халық саны қатты өсіп жатқан қала, бірақ экономистің ойынша экономикалық өсім қала тұрғындар санының өсуіне сай жүрмейтін болады.

«Киншаса секілді қалаларда халық санының артуы экономикаға ешқандай пайда әкелмейді. Сонымен қатар африкалық қалалардың инфрақұрылымына салынатын инвестиция да өте аз», - дейді ол.

2100 жылға қарай әлемдегі халықтың 40 пайызға жуығы және балалардың жартысы африкалықтар болады. Бұл тарихтағы ең ірі демографиялық өзгеріс болмақ.

«Мұның алдын алу мүмкін емес. Әрі қаланың ластанатынына, эколоиялық проблемалардың көбейетініне бас қатырып отырған жоқпын. Менің алаңдататыны – қалалардың өнімді әрі әдемі болуға деген талпынысы болмайды», - дейді Лалл.

Гуйян, Қытай

2015 жылғы халық саны: 4,3 млн

2050 жылға болжам: 7 млн

Гуйян қаласы

Бұл қаладағы бірнеше жыл бұрын халық жұмыс істеп жүрген егістіктердің орнында қазір биік-биік ғимараттар орналасқан. Қаладағы ауылшаруашылық жерлері бұзылып, өзен бағыты өзгерген және ормандар кесілген.

Қытайда қалаға көшу өте жылдам жүріп жатыр. Соңғы 30 жылда Қытайдың 622 қаласына 500 млн ауыл тұрғыны көшіп барған. Ауылы көп мемлекеттің бүгінде 60 пайыз халқы қалада тұрады. 2025 жылы әрбір үш адамның екеуі қалада тұратын болады деген болжам бар.

Гуйян – қаланы жоспарлаудың жақсы үлгісі болғанымен, урбанизация экологиялық проблемаларға әкелді. Қалада ауа ластануынан түтін көбейіп, ормандар кесіліп, топырақ жаппай ластанды. Қытайда урбанизация шегінен шықты деуге болады. Билік бұрын жіберген қателіктерін түзетуге тырысып жатқанымен, бұл проблемаға бірнеше буын керек. Мысалы, қала Наньминь өзенін тазартуға 150 млн доллар жұмсады. Жаңа көліктердің сатылымын тоқтатты. Ауаның ластануын төмендету үшін электр автокөліктеріне квота белгіледі.

«Жылдам урбанизация басында билік тарапынан қолдау тауып отырды. Соның арқасында Қытай экономикасы өсті. Қытай инвестиция тарту үшін қалаларды пайдаланды. Мемлекет қала санын арттыруға, қала тұрғындарын көбейтуге мүдделі болды. Бірақ осы әрекеттердің ортасында қоршаған ортаға еш мән берілмегенін билік кеш түсініп жатыр», - дейді жаһандық урбанизацияға маманданған ғалым, ұлыбританиялық Гордон Макгранан.

Мехико қаласы

2015 жылғы халық саны: 20 млн

2050 жылға болжам: 25 млн

Мехико қаласы

«Әлемдегі ең ірі бес қаланың біріне айналған Мехиконы осындай жылдамдықпен өседі деп ешкім ойлаған жоқ. Бұрыннан бұл қалада адам саны артқан сайын қала үшін жақсы көрсеткіш деген ой бар. Бұл пропагандалық саясат», - дейді қалалар әлеуметтануының профессоры Коннолли.

Қалада халық саны тығыз. Қала лас. Көп тұрғындар кедей. Қала тұрғындарының барлығын тұрғын үймен қамту үшін жылына 50 мың жаңа үй салу қажеттілігі бар. Дегенмен, Мехико үлгісі урбанизацияны бақылауға болатынын көрсетті.

«Қалада урбанизация сәтті жүргізіле бастағанымен, экономикалық қатер көбейді. Африка мен Азияның жылдам өсіп жатқан қалалары Мехиконың қателігінен сабақ алуы керек. Мысалы, Мехикодағы халықтың 30 пайызында ғана көлік бар, бірақ қала автокөліктерге негізделіп салынған. Урбанизацияның экологиялық салдарын қала сыртынан көруге болады», - дейді Коннолли.

Оның айтуынша, бүгінгі күннің өзінде қалада су тапшылығы байқалады. Ал болашақта су мүлдем жетіспеуі мүмкін. Тұрғындар суды тұтынуды азайтулары керек. Бұл агрессиялық саясатты талап етеді. 50 жылдан кейін қалада ауыз су алтынға тең болуы мүмкін.

Эль-Альто, Боливия

2015 жылғы халық саны: 1 млн

2050 жылға болжам: 2,5 млн

Эль-Альто қаласы

Эль-Альто – кедей қала. 1952 жылы бұл жай ғана ауыл еді. 1960 жылы онда 30 мың адам тұрған. Қазір ол миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Қалада тұрақсыз жауын-шашын, мезгілсіз аяз ауылшаруашылығымен айналысуға ммүкіндік бермейді. Бұл Эль-Альтоның өндіріс пен экономика дамыса ғана өрге басатынын көрсетеді.

Латын Америкасы бүгінгі таңда әлемдегі ең урбанизацияланған аймақ саналады. Бұл мемлекетте халықтың 90 пайызы қалада тұрады. «Латын Америкасындағы урбанизацияда Мексика, Бразилия, Аргентина, Уругвай көш бастап тұр. Бірақ бұл жағдайдың қоршаған ортаға әсері қандай болатынын әлі де зерттеу керек», дейді зерттеуші Фернандо Арагон.

Копенгаген

2015 жылғы халық саны: 1.3 млн

2050 жылға болжам: 1,3 млн

Копенгаген қаласы

Еуропа қалалары әлемдегі ең бай қалалар саналады. Алайда, алдағы 50 жылда оларда тұратын халық саны артпайды, тіпті кемуі мүмкін деген болжам бар. Бүгінгі таңда туу көрсеткішінің төмендеуі, халықтың қартаюы, жақсы инфрақұрылым қоршаған ортаны сақтап қалуға бағытталған. Болашақта жылдам өспесе де, Еуропа қалалары әлемдегі энергияны ең көп тұтынатын қалалардың бірі болып қала береді.

«Копенгагендіктердің 62 пайызы жұмысқа велосипедпен барады. Табиғатқа осындай көзқарастан тайынбаса, қала экологиялық проблемалардан аулақ болады», - дейді ғалымдар.

Копенгаген 2025 жылға қарай көміртектен барынша бейтарап қалаға айналуды көздеп отыр. Ол үшін энергияны тұтыну және өндіру проблемасын шешумен қатар велосипед жолдарын көбейтіп, жаңа көпірлер салу жоспарланған.

Еуропада әр төртінші адам 60 жастан асқан. Ғасыр соңына қарай халық саны 36 пайызға артады деп болжануда.

0 пікір
Мұрағат