|
Саудияның ең танымал бренді әлемнің бес құрлығына таралуда
|
Саудияның Kinza брендтік өнімі, дәлірегі, алкоголсіз сусыны аталған араб елінің қазба байлықпен қатысы жоқ дайын өнім ретінде күллі әлемге таныла бастады әрі географиялық ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы Jakarta Globe.id ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған бренд оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы нарықты игеру үшін өндіру әрі сату бойынша жергілікті серіктес іздеп жатыр. Сусын өндіретін компания осы мақсатта қыркүйек айының 23-26 күндері аралығында Куала-Лумпур қаласында Malaysia International Halal Showcase (MIHAS) 2026 іс-шарасын өткізуді көздеп отыр. Сауд Арабиясының Жидда қаласында сусындар өндіретін Kinza компаниясы өндіріс, дистрибуция, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, электрондық коммерция салаларындағы серіктестіктерді қарастыратынын мәлімдеді. Компания жергілікті өндіріс өнімді жеткізу мерзімдері мен логистикалық шығындарды қысқартуға көмектесетінін, сондай-ақ, компанияға өнімнің мөлшерін, бағасын және жергілікті сұранысқа қарай түр-түрін түзетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жиддадағы негізгі өндіріс аталған брендтің өндірісі мен экспорттың маңызды орталығы болып қалады. Компания іске қосылған сәттен бастап өз өнімдерін бес құрлықта 75 нарыққа дейін кеңейтті. Компания портфеліне кола, лимон, апельсин, цитрус, қарақат және анар дәмі бар алкоголсіз сусындар, сондай-ақ, құрамында қанты жоқ өнімдер, газдалған су және энергетика кіреді. Kinza Оңтүстік-Шығыс Азияда жергілікті тұтынушылардың қалауына қарай басқа да дәмдерді енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Аталмыш компания өзінің мәртебесін, халықаралық беделін көтеру үшін Испанияның суперкубогымен, Францияның суперкубогымен, Батыс Азияның суперлигасымен ынтымақтастығын нығайтуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, саудиялық бренд Орта Азия нарығын зерттеп жатыр.