Туыстар арасындағы некеге тыйым салынды
Туыстар арасындағы некеге тыйым салынды
8 жыл бұрын 7454

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салатын және жас жұбайларды үйленбей тұрып, медициналық тексеруден өтуге міндеттейтін заңға енгізілетін түзетулерді бірауыздан мақұлдады. Ендігі жерде аталмыш түзетулерге байланысты бөлесімен және жиендерімен некеге тұруға болмайды. Сөз реті келгенде айта кетейік, аталған ел аумағында, әсіресе, тауды және ауылдық жерлерде жақын туыстармен некелесу кеңінен тараған болатын. Бұл өз кезегінде ұрпақтың денсаулығына кері әсер етіп, ұлттың жойылып кету қаупін тудырған. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, кемтар балалардың шамамен 30-35%-ы жақын туыстардың некесінен туғандар екен. «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тұрғыдан тіркеу туралы» заңға және Отбасы кодексіне енгізілген түзетулер үстіміздегі жылдың шілде айының 1-нен бастап, күшіне енеді. Қазіргі  уақытта ел билігі үйлену алдында жас жұбайлар өтуі тиіс медициналық анализдер тізімін жасау үстінде. Сондай-ақ, бұл міндетті мед. тексеруден өткісі келмегендерге қолданылатын шаралар да қарастырылуда. Бұл талапты орындағысы келмегендерге үлкен мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Айта кететін бір жайт, мұндай ұсынысты ел президенті Эмомали Рахмон ұсынған болатын. Жыл бойы бұл мәселенің ұлттық ерекшелігі ескеріліп, ел ішінде қызу талқыланған еді. Бірнеше ғасырлық тарихы бар, дәстүрге айналған бұл жат әдетті жою үшін алдымен елдің санасында қалыптасқан жаңсақ ұғымды (жақын туыстар арасындағы неке татулықты арттырады, күйеуі әйеліне жақсы қарайды-мыс) еңсеру үшін билік өкілдері көп күш жұмсады.

2 пікір
  • Біздің қазақ әуелден-ақ білген емес пе...
    8 жыл бұрын
  • Баяғыдан туысқан бауырластығы "Жеті атадан" аспағанша неке қиюға тиым салынған салты бар қазақ ұлтының қанынан да таза қанға ие болған ұлт табылмас деп ойлаймын.
    8 жыл бұрын
Мұрағат