Қазақстанда әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді. Елде 3 млн-ға жуық қарт бар
Қазақстанда әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді. Елде 3 млн-ға жуық қарт бар
1 сағат бұрын 25 24.kz

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. 2021 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жас болған. Төрт жылда көрсеткіш 6 жылға артқан. Бұған пандемиядан кейінгі демографиялық ахуалдың қалпына келуімен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының жақсаруы ықпал етті. Бұл туралы Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Рита Сәрсенова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Маманның айтуынша, ауруларды ерте анықтау және емдеу мүмкіндіктерінің кеңеюі, ана мен бала денсаулығын қорғау, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен күрес бағытындағы нәтижелер де өмір сүру ұзақтығына оң әсер еткен. 2023-2025 жылдары нәресте өлімі 23 пайызға төмендеген. 2025 жылы тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда бұл көрсеткіш 6 жағдайды құрады. Ал соңғы бес жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 20 пайызға азайған. Онкологиялық науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65 пайызға, балалар онкологиясында 71 пайызға жетті, - деді Рита Сәрсенова.

Медициналық көмектің халыққа жақындай түсуі де маңызды. Елімізде 2019 жылдан бастап 1263 денсаулық сақтау нысаны салынды. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында 655 медициналық нысан пайдалануға берілді. Осының бәрі ауруды ерте анықтауға, дер кезінде емдеуге және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде 85 инсульттік орталық жұмыс істейді. Күрделі кардиохирургиялық операциялар жасау мүмкіндігі де кеңейген.

Мамандардың пікірінше, медициналық инфрақұрылымның дамуы халыққа сапалы көмекті уақытылы көрсетуге жол ашады. Өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алдыңғы орында. Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы салыстырмалы деректерінде еліміздің көрсеткіші 75 жас болған. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы бұл межеге 76 жасқа дейін жеткен, - деді Рита Сәрсенова.

Дегенмен әйелдер мен ерлердің өмір сүру ұзақтығында айырмашылық бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жас болса, ерлерде 72 жас. Арадағы алшақтық – 8 жыл. Бұған биологиялық ерекшеліктермен қатар, өмір салты, темекі мен алкоголь тұтыну, жарақат алу және профилактикалық тексерулерден уақытылы өтпеу сияқты факторлар әсер етеді. Сондықтан ерлер денсаулығына, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және оларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлу қажет деп есептейміз, - деді Рита Сәрсенова.

Мамандардың айтуынша, ендігі міндет – өмір сүру ұзақтығын арттырумен қатар, азаматтардың сол жылдарды дені сау, белсенді өткізуіне жағдай жасау.

Елде 3 млн-ға жуық қарт бар

«Қарты бар үйдің қазынасы бар». Елде жасы 60-тан асқан жандар қарттар санатында саналады. Жыл басындағы есепке сүйенсек, бұл санатта 3 млн-ға жуық адам бар. Аймақтар арасындағы алғашқы үштікті атап өтсек, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша Алматы қаласы көш басында. Шаһарда 300 мыңнан аса қария өмір сүреді. Сондай-ақ, Түркістан облысында 200 мыңнан астам егде адам бар. Ал көмірлі өлке Қарағанды облысында 212 мың 487 қарт ғұмыр кешіп жатыр.

Қазақстанда жүзден асқан 1 323 қария тұрады

Оның шамамен 80 пайызы – әйел. 284-і – ер адам. Ғасыр құрдастарының мыңға жуығы қалада, 370-і ауылда тұрады. Ұзақ ғұмыр иелерінің басым бөлігі Алматыда, деп хабарлайды 24KZ.

Мегополисте бүгінде жүзді алқымдаған 304 азамат мекендейді. Ал Қостанай облысында 149, Жамбылда 88, Түркістан облысында 83, Шығыс Қазақстанда 82, Абайда 76 тұрғын бар. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда, Атырау, Ұлытау және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

0 пікір
Мұрағат