|
АІ жерді электронды қоқыспен толтырады – 2050 жылға дейін дата орталықтардың қалдығы үш есеге артады
|
Basel Action Network экологиялық ұйымының мәліметі бойынша Америка құрама штаттары аумағында 4871 жаңа деректерді өңдеу орталығы салынады, олардың көпшілігі AI мақсатында пайдалануға арналған. Бұл жайында islam.kz порталы The Verge мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш ұйым өкілінің айтуынша, келесі ширек ғасырда, яғни, 25 жылда АІ шығаратын электрондық+ қоқыс жер шарын алты рет орауға жеткілікті контейнерлерді толтыра алады. «Қазірдің өзінде электронды қалдықтар ғаламшардағы ең жылдам өсетін қалдыққа айналды және олардың тек бестен бір бөлігі ғана тиісінше кәдеге жаратылады», - деп мәлімдеді Basel Action Network құрылтайшысы Жим Пакт (Jim Puckett). Электронды қалдықтың ең басты қаупі - қоршаған ортаға қауіпті химиялық улы заттар бөледі. Basel Action Network есебінде AI үшін пайдаланылатын компьютерлік серверлермен байланысты электронды қалдықтардың, соның ішінде салқындату жүйелері, электр қуаты және желілік жабдықтар үшін «мыңдаған тонна мыс, болат және бетон» шығын болып жатыр. Сарапшылар 2030 жылға қарай есептеу қуатының 100 гигаватт мөлшерінде өсетінін болжап отыр. Осы болжамдарға сүйене отырып, әрқайсысының салмағы 1360 кг компьютерлік серверлері бар тіреулерді, салмағы 30 келіге дейін тартатын коммутаторларды және әрбір тіреуді қосатын мыс кабелінің жүздеген келісін қоса алғанда, қажетті жабдықтың шамамен салмағы есептелді. Мұндай жабдықтар жөндеуге келмейді әрі қайта пайдалануға арналмаған және әрбір екі-бес жыл сайын толық ауыстыруды қажет етеді. Аталған ұйым есебінде 2030 жылға таман АІ технологиясында пайдаланылатын жабдықтарды есептен шығару нәтижесінде жыл сайын 13 миллион метрикалық тоннаға дейін қалдықтар пайда болатыны айтылған. Бұған қоса, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар тобы мемлекет ьбасшыларын азаматтардың денсаулығын АІ дамуының салдарынан қорғау жөніндегі міндеттемелерді қабылдауға шақырды. Олар деректерді өңдеу орталықтары үшін тұтынылатын электр энергиясының орасан зор мөлшерінің кесірінен ауаның ластануы артып, демікпе дертіне шалдығатындар қарасын арттырады. Бір ғана құрама штаттарда жылына 1300-ге дейін мерзімінен бұрын өлім-жітімге себеп болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. McKinsey & Company агенттігінің болжамына қарағанда, таяудағы бес жылда технологиялық индустрияда АІ-ді енгізу қарқынынан қалмау үшін бүкіл әлем бойынша деректерді өңдеу орталықтарының құрылысына 7 трлн долларға жуық қаражат жұмсалады. Экологиялық ұйым есебінде осынау қыруар қаражат ары кеткенде 5 жылда ғана жұмсалады, ал бұл сома 75 жыл бойы әлемде ашаршылықты болдырмауға жететін еді.