Тони Блэрдің балдызы Лаурен Буз: Менің мұсылман болуыма Палестина халқы әсер етті
|
Англияның экс-премьері, бүгінгі таңда Таяу Шығыс «төрттігінің» арнайы өкілі Тони Блэрдің балдызы Лаурен Буз өзінің мұсылман болуына Палестина мен Газаға жасаған саяхаты мен Палестина халқының ерлігі қатты әсер еткенін айтады. 2010 жылы Ислам дінін қабылдаған ол жақында Израилдің Газаға шабуылы жайында өз пікірлерімен бөлісіпті. Ол АҚШ-тың Израилге қарулай қолдау көрсетіп отырғандығын, соның себебінен Израиль өзіне тағылған айыптарды шынайы қабылдамай отырғандығын тілге тиек етуде. Десек те, Лаурен Буз Палестина халқының Алланың әділеттілігіне сенетінін айтады. «Сондықтан да, бұл шабуылдарға қарсы төтеп бере алады. Ондағы мұсылмандар мен балалар өлетін болса, жәннатқа кіретіндерін біледі. Тек балалардың үрей ішінде өмір сүріп жатқанына, жандарының жараланып жатқандарына жаным ашиды. Израиль осыны біле тұра Газада жаны жаралы бір нәсіл қалдыруға әрекет етіп отыр. Ал енді мұның сұрауы әлемнің мойнында. Әрбір баланың жан жарасы біздің кінәмізден!», – дейді Лаурен Буз.
Лаурен Буз 2008 жылдан бастап осы күнге дейін Газаға бірнеше рет барып, жәрдем еткен екен. Әлі де көмек қолын үзбейтінін айтып отыр ол. «Алла жазса, Газа жаңадан аяққа тұрып, қайта гүлденетін әлемдегі ең әдемі бір жер болады», – деп есептейді Буз.
Лаурен Буз өзінің жездесі, бүгінгі таңда Таяу Шығыс «төрттігінің» арнайы өкілі болып отырған Тони Блэрді міндетін дұрыс атқармай отыр деп кінәлады. «Тони Блэр, бәлкім, дәл қазір Багам аралдарында демалып жатқан болар. Палестина халқына, әйелдеріне, балаларына ешбір пайдасы тимейді екен, онда орнын босатсын, қызметінен өз еркімен кетсін. Егер оны тапсаңыздар, мені іздеп жатыр деп сәлем айтыңыздар», – деді Лаурен Блуз жездесіне налып.