Саудияға төнген қатер...
Саудияға төнген қатер...
6 жыл бұрын 3870 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Тұрақтылық, соның ішінде, саяси немесе экономикалық тұрақтылық мемлекеттің мемлекеттілігін, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Осы уақытқа дейін Саудияның тұрақтылығына әлем қауымдастығы секеммен қараған емес. Көбіне асығыс-ағат шешімдерімен әрі құбылмалы мінезімен көзге түскен тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман елдің болашағына күмәнмен қарауға итермелеуде. Десе де консервативтік ортада либералды бастамаларымен көзге түсіп, өзін реформатор ретінде танытып үлгерген оның жас адамға тән қызба мінезі салқынқанды саясаткерге еш үйлеспейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жарты ғасыр бойы Саудияның тұрақтылығына әлем қауымдастығы секеммен қараған емес. Тіпті, корол Фейсал билігі тұсында да 1973 жылы мұнайға жариялаған эмбаргосы бағаны көтергенімен экономика өсіп-өркендеген еді. Ол ол ма, 1979 жылы діни фанаттардың қасиетті Меккедегі мешітті басып алса да аталған елдің тұрақтылығына қатер төнбеген еді. Осы ғасырдың бас кезінде «әл-Каида» лаңкестік тобының үсті-үстіне шабуылдаса да Саудияның тұрақтылығы шайқалмаған болатын. Ханзада Мұхаммед бин Найеф бастаған аталған елдің қауіпсіздік қызметі содырларға тойтарыс беріп, бетін қайтара білді. Бұдан бөлек, Араб әлемінің жартысын шарпыған «Араб көктемі» де Саудияның тұрақтылығына әсерін тигізе алмады. Монарх Абдолла елде тұтануы мүмкін бүліктің алдын алу үшін басқаша ойлайтындардың аузын майлап, жалақы мен өзге де жеңілдіктер үшін 130 млрд-тан аса қаражатты шығын етті. Мұнымен ғана шектелмей Бахрейндегі ахуалды асқындырмай дер кезінде килігіп, әскерін кіргізді. Парсы шығанағындағы осынау шағын елдің аумағынан  әлі күнге Саудияның әскері кеткен жоқ.

Сонымен қазіргі тақ мұрагерінің негізгі саяси мақсаты Йемендегі бүлікшілердің арынын басуға саятынын айта кету керек. Бұл соғыстың жүріп жатқанына осымен төртінші жылға ұласып отыр. Хусит тайпасы ұзын саны 60 мыңнан аса зымыранмен атқылаған екен. Соның ішінде қасиетті қалаларды және Саудия астанасын нысанаға алып, 200-ге тарта баллистикалық зымыранмен шабуылдады. Ал Саудияның әскери әуе күштері Йеменнің онсыз да сын көтермейтін инфрақұрылымын, соның ішінде, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, т.б. мекемелерін жойды. Салдары да сойқан болды: Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген дерегіне қарағанда, йемендіктердің төрттен үші аштық азабын тартуда, 8 млн йемендік келесі жолы қайдан тамақтарын білмейді. Бұл соғыс Саудияның халықаралық беделі мен имиджіне орасан зор нұқсан келтіріп қоймай, сонымен қатар, Саудияның қазынасын тауысуға тақап қалды. Саудия билігі Йемендегі соғысқа күніне 200 млн доллар, кей ақпарат көздерінде айында 5 млрд доллар шығынданады. Естеріңізде болса, бұрын да хабарлағанымыздай, елдегі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күресті желеу еткен тақ мұрагері бұл науқанды өзі басқарып, қолына мол қаржыны шоғырландырған белгілі бизнесмендерді тұтқындаған болатын. Бұл науқан өз кезегінде елден капиталдың әрі шетелдік инвестицияның жылыстауына түрткі болды. Ең сорақысы, өзі шыққан ортаны өзіне қарсы қойып алды. Қазіргі уақытта жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған тақ мұрагері көп түндерін Жидда қаласындағы бір жарым миллиард долларға бағаланған, футбол алаңынан да ұзын яхтасында өткізіп жүр. Әзірге әкесі тақта отырғандықтан ол тақ мұрагері болып қалады. Алайда, әкесінің көзі тайса, оның тағына таласушылар шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл тақ таласы азаматтық соғысқа да ұрындыруы мүмкін. Сарапшылардың ойы осындай.

0 пікір
Мұрағат