Мемлекет басшысы Global Islamic Finance Awards ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды
Мемлекет басшысы Global Islamic Finance Awards ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды
9 жыл бұрын 3095 akorda.kz

10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті. Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды.

Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты.

Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.

– Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретіндігін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуына тілектестік білдірді. 

0 пікір
Мұрағат