Коронавирус: Вирус па? Саясат па?
Коронавирус: Вирус па? Саясат па?
4 жыл бұрын 3491 Ербек Ақбаев

Қытайдың «коронавирус» астарындағы жымысқы саясаты. Осындай атпен "Qazaq Times" порталы мақала жариялады. Короновирус саясат па, әлде вирус па? Мақаламен Сіздер де таныс болыңыздар, құрметті оқырман! Бұл жайында adyrna.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Коронавирустың елімізде таралғанына да айдан асты. Содан бері  вирус туралы ақпар отандық  ақпарат құралдары бетінен бір түскен емес.  Өзім де осы ақпарат саласында қызмет атқаратындықтан шынайы дереккөзді жеткізу үшін мейлінше мәліметтерді әртүрлі көздерден оқып-білуге тырысамын. Қазақ тілінен тыс, қытай, ағылшын тіліндегі контенттерді үзбей қадағалаймын. Осы бір айға жуық уақытта отандық және шетелдік БАҚ-тарды салыстыра келе, кейбір жайттардың әртүрлі себептермен қарапайым көпшілікке жетпей жатқанын ұғындым.

Қытайдың маска саясаты

Алдымен маска туралы айтайын. Наурыз айының басынан бері, елміздегі дәріханаларда маска жоқ деген сөздер айтыла бастады. Бұл кезде мен бұған аса мән бере қоймадым. Халық жаппай масканы сатып алған шығар деп ойлаған едім. Бірақ жақында мына жаңалықты оқыдым.  «Daily Mail» сайтында “The true scale of China's medical stockpile is revealed: More than TWO BILLION masks were imported into Wuhan in just one month as the coronavirus crisis escalated” деген тақырыппен мынандай мәлімет жарияланды: Қытай үкіметі қаңтар айынан бастап, бір айдың ішінде әлем елдерінен 20миллиярд маска сатып алыпты. Ал ол кезде олар ауруды жасырып, адамға жұқпайды деп әлемді алдаған. Бірақ, өздері жаппай маска сатып алуға көшкен, басқа елге вирус жеткенде масканың тапшылығы біліне бастады. Індет әлемге жайылып, қажетті маскадан тарығу байқалғанда Қытай үкіметі осыны пайдаланып маскамен дипломаттық жұмыстарын жүргізе бастады. Жан-жаққа масқа жіберіп, өзін осы әлемнің құтқарушысы ретінде саяси сахнада рөл сомдай бастады. Мына бір ақпаратқа қараңыз, Франция Қытайға 10миллиярд маскаға тапсырыс берген, ал Қытай басшысы: “Маска береміз, бірақ, Huawei компаниясының 5G технологиясын пайдаланыңдар», – деп талап қойған. Бәріміз Huawei-ді білеміз, бірақ, оның түбі Қытай үкіметінің компаниясы екенін көбі біле бермейді. Біздің Қазақстанға да Қытай үкіметі маска және басқа да көмек беріп жатыр. Иә, бұл жақсы іс, Қытайда вирус тарап жатқан кезде біздің елге көмек қолын созғаны құптарлық. Бірақ, Қытай үкіметі тегін көмек бермейді, біз қарапайым халық билікте отырған кісілер олармен қалай келіскенін білмейміз. Соны ашық халыққа жеткізу керек деп ойлаймын.

Тағы бір қызық ақпарат, Қытай бір ай бұрын Италияға гуманитарлық көмек бергенін көптеген БАҚ-тан оқыдық. Бұл кезде Италиядағы жағдай ушығып, қиын хәлге душар болған. Алайда гуманитарлық көмек дегенмен, Қытай Италияға берген медициналық және басқа да құралдарын тегін бермегені, сатқаны анықталып отыр. Сондай-ақ, медиада итальяндықтар Қытай елінің әнұранын шырқады, “Италия Қытай арқасында вируспен күресіп жатыр” деген жалған видеолар таратты. Бірақ, Италия журналистері мұның өтірік екенін дәлелдеп, жазып  жатыр.  Қытайдың Италияға көмектесіп жатқаны қалай пропоганда құралына айналды:

Мұндай «гуманитарлық» көмек Қытайдан елімізге де келді. Өкініштісі, Қытайдың Қазақстанға гуманитарлық көмек пен дәрігерлерді жіберуі нағыз пропоганда құралына айналды. Сол келген дәрігердің бірі қазақстандық арналарға берген сұхбатында “біз вирусты жеңіп келдік” деп сенімді түрде кесіп айтты. Егер вирустан айықтыратын дәрі шықпаса, немесе оның алдын алатын вакцина әлі қолданыста болмаса, онда оны қалай жеңдік деп айтуға болады?! Керісінше «вирусты жеңдік» деген Қытайдың басқа елге жіберген маска, тест, костюмдары сапасының төмен болуына байланысты кері қайтарылуда. Мәселен, Чехия Қытайдан алған тест 80% қате көрсететінін айтты. Біздің елге берген заттардың сапасы қандай, іске жарай ма? Бұл әлі белгісіз... Бірқатар елдер Қытайдың төмен сапалы көмектерінен бас тарып, қайтарып жіберді:  Коронавирусқа байланысты бір қатар елдердің қытайдың медициналық жабдықтарынан бас тартқаны, Los Angeles Times-тағы "жарамсыз маскалар мен жалған тесттер туралы материал, иә болмаса Нидерландтағы мыңдаған жарамсыз маскалар немесе "Прага таңындағы" материалдарды қазақ оқырмандарынада ұсыну керек.

Қазақстан не үшін Қытайды сотқа беру керек?

Қытай билігінің қазіргі әрекеті вирустың өздерінен шыққанын мойындамай, жауапкершіліктен қашып, керісінше өзін әлемді құтқарушы ретінде көрсетуге саяды. Олар, тіпті, бастапқыда вирус АҚШ-тан шықты, Италиядан шықты деген жалған ақпарат таратуға тырысты. Онысы өнбеген соң ғана ғылымға жүгінейік деп тоқтаған болды.

Америка, Ұлыбритания, Үндістан т.б. елдердің адвокаттары бастап, Қытай үкіметін халықаралық сотқа беруді қолға алып жатыр, себебі Қытай үкіметі бастапқыда вирусты жасырып, адамға жұқпайды, деп әлемді алдады. Егер ең басында жасырмай әлемге шындықты жарияласа, қазір мұндай көп адам өлімі болмайтын еді, қаншама елдің экономикасына да мұндай үлкен зиян әкелмейтін еді. Америка саясаткерлерінің айтуы бойынша, егер Қытай үкіметі шығынды төлемесе, онда басқа да амалмен төлем жасатуға болады. Мысалы: 1.Қытайдың Америкадағы жылжымайтын мүліктерін тәркілеу; 2. Қытайдан кіретін тауардың баж салығын көтеру; 3. Қытайға берешек қарыз ақшадан алып қалу.

Менім ойымша, біздің ел де Қытайды сотқа беру және төлем туралы мәселені көтеруі керек. Мұндай мәселені көтерудің келесі пайдалары бар: 1. Өз билігімізге Қытайға қатты жақындауға болмайтынын, халықтың қарсы екенін сездіріп, билікті соған сай саяси қадамдар жасауға мәжбүрлеуге болар еді; 2. Қытай үкіметіне де қысым болады. Оларға Қазақ елі қолындағы ойыншық емес, оның да өзіндік үні, позициясы бар ел екенін көрсету керек; 3. Өзіміздің халыққа осы вирустың шығуы, бізге әкелген зияндар кімнің кеселі екені түсіндіруге болады; 4. Біздің ісіміз басқа елдерге үлгі болмақ; 5. Егер пайдасы болып, төлем жасаса, біздің осы төтенше жағыдайда болған экономикалық шығындарға жеңілдік әкелер еді. Түптеп келгенде, мақсат Қытайға ақшаны төлету емес, саяси тәуелсіз ел ертінде өз мүддесін қорғай алуға қауқарлы екенін көрсету. Егер олар төлемді өтеуден бас тартса, біздің оларға қарыздан қысқарту жасауды талап етуімізге де болады.

«Ухань күнделігі» шындықты әшкереледі

Ухань қаласында тұратын Fang Fang деген жазушы жақында өзінің “Wuhan Diary” (Ухань күнделігі) деген кітабын жарыққа шығарды, бірақ, тек ағылшынша және неміс тілдерінде басылды. Қытай өз ішінде бұл кітапты шығаруға тыйым салды. Себебі, бұл кітапта Ухань қаласы карантинде болған кезде дәрігерлердің шынайы оқиғаларын көрсетті. Бұл Қытайдың өзінің пропагандасына үлкен соққы. Қазір «Wuhan Diary» деген кітап Amazon сайтында сатылымда бар. Fang Fang-ды қытайлықтар интернетте жамандап, оны соттау керек деп шу көтеріп жатыр, себебі ол Уханьда болған шынайы істерді әлемге көрсетті. Біздің қазақстандықтарға Уханьда болған жағдайды осы кітап арқылы көрсетуге болар еді... Ал өкініштісі, еліміздің ұлттық арнасы «Қазақстан» Қытайдың идеологиялық сойылын соғып, компартияның насихатын ұрандататын қытай билігі тарапынан әзірленген «Ухан» туралы деректі фильмді көрсетпек. Бұны да біздің ақпараттық қорғаныс саясатымызға қағылған сына деп білеміз.

Осы вирус Қытай үкіметі өз қолымен жасаған деген деректер шығып жатыр. Егер бұл  дәлелденсе, ондай Қытай үкіметіне қарсы қылмыстық іс қозғалатыны сөзсіз. Қытай үкіметі қазір әлемдегі ең үлкен қырғынның себепкері болуы мүмкін. Осы жолы вирустың тарауы Қытай үкіметінің шынайы бет-әлпетін әлемге айпарадай ашты. Қазір АҚШ, Жапония өздерінің Қытайдағы зауыттарын толықтай шығындарын өтей отырып, өз еліне қайтаруға талпынып жатыр.

Жоғарда айтылған ақпараттар өсек-аяң, қиял емес,  әлемдік БАҚ-тардан алынған ақпарат негізінде қорытылып жазылған. Сондықтан Қытайдан келген көмекті (оны бодауының не екенін білместен) жатып кеп жарнамалаудың, Қытайды «қамқоршы», «тату» көрші етіп әспеттеудің өте қауіпті екенін, бейсаналы түрде санаға соққы жасалып жатқанын түйсініп, одан қорғанатын уақыт жетті. Есесіне қазіргі таңда қару соғысынан да ақпараттық соғыстың қауіпті болатыны әлдеқашан айқындалған емес пе...

0 пікір
Мұрағат