Келесі, ықтимал, жойқын пандемияның ең қатерлі тұсы неде
Келесі, ықтимал, жойқын пандемияның ең қатерлі тұсы неде
3 жыл бұрын 4461 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Бүгінде адамзат тәжді тажалмен арпалысып жатқанда ғалымдар келесі ықтимал пандемияға жол ашуы мүмкін вирустарды зерттеуге кірісіп кетті. Бұл жайында  islam.kz порталы аталмыш танымдық материал жарияланған inosmi.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Келесі пандемияға жол ашатын жұқпалы індеттің ошағы өзге құрлықтарға қарағанда Азияда, соның ішінде, оңтүстік-шығыс Азия аймағында болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Неге десеңіз, біріншіден, аталған аймақ тропикалық ендікте жатыр, яғни, жұқпалы індет ошағына айналуы мүмкін жабайы жануарлар көптеп кездеседі; екіншіден, аталмыш аймақта халық саны көп әрі тығыз орналасқандықтан жылдан жылға жұқпалы індет ошағына айналуы мүмкін жабайы жануарлар мекен ететін тропикалық орман-тоғай оталуда, яғни, жайылым, егістік, т.б. ауыл шаруашылық мақсатта орман-тоғайдан аршылған жер халық санының көбеюіне байланысты қарқынды игерілетін болады.

Бангкок қаласындағы Қызыл кресттің тайлық бөлімінде жаңа инфекциялық аурулар мен өзге де денсаулық мәселелерін зерделеу жөніндегі ғылыми орталықтың (Emerging Infectious Disease-Health Science Centre) жетекшісі Вачараплуэсади соңғы 10 жыл бойы жануардан адамға жұғатын ауруларды анықтау әрі алдын алуды ұйғаратын Predict жобасы бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Тропикалық ендікте жатқандықтан биологиялық әр алуандылығымен аты шыққан Азияда инфекциялық аурулардың көптеген түрі пайда болады. Бұл жайт өз кезегінде жұқпалы індет ошағына айналу қатерін арттыратын фактор ретінде алға шығады.

Вачараплуэсади мен оның әріптестері бүгінде күллі әлемді жайлап, жолындағысын жайпаған тәжді тажал пандемиясына себеп болған жарқанаттарды зерттей келе тек коронвирусты ғана емес, сонымен қатар, адамға жұғу қатері бар өзге де қауіпті вирустарды анықтаған.Сондай вирустардың бірі – Нипах вирусы. Жеміспен қоректенетін жарқанаттың бойынан табылды. Оның айтуынша, Нипах вирусынан болатын аурудың емі жоқ әрі болатын өлім-жітім індет ошағының қай жерден пайда болатынына байланысты 40%-дан 75%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын денсаулық сақтау саласында дағдарыс тудыруы мүмкін патогенді микроорганизмдердің тізімін жасап, сол бағытта ғылыми зерттеулерге қаржы бөліп, басымдық беріп отырады. Дәлірегі, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті, екпесі жоқ, пандемия тудыруы мүмкін вирустарға назар аударады.

Нипах вирусы әлемдегі аса қауіпті ондаған патогеннің бірі. Азияда бұл ауру бірнеше рет бас көтерген болатын. Нипах вирусының қауіпті ететін тағы бірнеше себеп бар: аталмыш вирустың ұзақ уақытқа созылатын инкубациялық кезеңінде (кейбір дерек бойынша 45 күнге созылады) оны жұқтырған адам (оны адамның өзі сезбеуі мүмкін) талай адамға жұқтырып үлгереді. Бұл – оның бір қаупі. Сол себепті, бұл жұқпалы індеттің ауқымдылығы өз кезегінде осы вирусқа байланысты пандемияны талай жылға созуы мүмкін. Бұдан бөлек, ол тек адамға ғана емес, сонымен қатар, өзге де сүтқоректілерге жұғады. Аталған індетке шалдыққан адаммен немесе жануармен тікелей қатынас және тағам арқылы жұғады. Нипах вирусын жұқтырудың белгісі адамның бойында жөтел, тамақтың ауруы, бұлшық еттің ауыруы, шаршау түрінде көрініс тауып, осы секілді аса өткір респираторлық аурулар симптомдарына ұқсас келеді. Бұдан бөлек, энцефалит — әдетте адамның ажалына себеп болатын мидың қабынуы орын алуы мүмкін.

Пастер институтының ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Веасна Дуонгтың (Veasna Duong) сөзіне қарағанда, Камбоджаның солтүстік-батысында ағатын Санга өзенінің бойында Баттамбанг деп аталатын қала бар. Ондағы базар таңғы 5-тен бастап жұмыс істейді. Алайда, басыңызды көтерсеңіз, ағашта салбырап тұрған мыңдаған жарқанатты көресіз. Олар төменге саңғытады. Оның астынан мыңдаған адам мен иттер өтеді. Жарқанаттың зәрі олардың үстіне тамады. Баттамбангтегі базар Камбоджадағы жұқпалы індет ошақтарының біріне алуы мүмкін. Өйткені, жарқанаттар адамдармен күн сайын тығыз контактіде болады. Мұндай контакті өз кезегінде вирустың мутацияға ұшырауына себеп болып, соңы пандемияға ұласуы мүмкін. Мұндай қауіпті базарлар Таиландта да әр аттаған сайын (пұтханада, базарда, мектепте, туристік нысандарда, т.б.) көптеп кездеседі. Бір ғана Ангкор-Ват деп аталатын, жарқанаттар мекен ететін туристер кешеніне жыл сайын шамамен 2,6 млн турист келіп-кетеді. Осының өзі жұқпалы індеттің жылдам таралуына жетіп жатыр.

2013-2016 жылдар аралығында Веасна Дуонг пен оның әріптестері жарқанаттардың әрі Нипах вирусының маршрутын білу үшін GPS-қадағалау бағдарламасын жүзеге асырған еді. Осының арқасында аталған вирус пен жарқанаттардың бағыты мен бағдарын қадағалауға мүмкіндік алды. Мұндай қауіпті аймақтарға Үндістан мен Бангладеш те жататынын айта кету керек. Аталған елдерде кезінде Нипах вирусының ошағы кездескенін де ұмытпау керек. Үндістан мен Бангладештің жергілікті тұрғындары құрма ағашының шырынын пайдаланады. Түн қараңғылында жарқанаттар құрма ағашының плантациясына ұшып келеді – жеміспен қоректену үшін. Бұл да аталған індеттің жұғуына себеп болатын факторлардың бірі. 2001-2011 жылдар аралығында Бангладеш аумағында 11 түрлі Нипах вирусының ошағы пайда болды – 196 адам жұқтырып, олардың 150-і аталған дерттен қаза тапты. Құрма ағашының шырыны жарқанаттар молынан шоғырланған Камбоджада да кеңінен пайдаланылады. Жоғарыда аты аталған ғалымдар Камбоджадағы жарқанаттардың бір түнде жеміс іздеп 100 шақырым қашықтыққа дейін ұшатынын анықтаған болатын. Ең сорақысы, жергілікті тілде гуано деп аталатын жарқанаттың саңғырығы Таиландта да, Камбоджада да тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Осы мақсатта жергілікті тұрғындар жарқанаттың саңғырығын сатып пайда табу үшін олардың жақын маңда мекендеуіне бар жағдайды жасап қойған.

Бүгінде адамзаттың 60%-ы урбанизация процесі қарқынды жүріп жатқан Азия мен Тынық мұхиты аймағында тұрып жатыр. Бұл да егер алда-жалда жұқпалы індет бас көтерсе, оның кеңінен таралуына жол ашатын фактор. Бүкіл әлемдік банк келтірген мәлімет бойынша 200-2010 жылдар аралығында Шығыс Азияда 200 мон-ға тарта адам қалалық жерлерге қоныс аударған. 1998 жылы Нипаз вирусынан Малайзияда 100-ден аса адам қайтыс болған екен. Ғалымдардың тұжырымдауынша, орман өрті мен құрғақшылық жарқанаттардың табиғи тіршілік ету ортасынан ауа көшуіне, сөйтіп, жеміс ағаштарын паналауына түрткі болған. Орман өрті мен құрғақшылық секілді қоршаған орта факторларынан стресс алған жарқанаттардың вирусты тарату деңгейі артады. Әлемдегі тропикалық орман-тоғайдың 15%-ы Азияда. Бүгінде бұл аймақтағы орман аяусыз оталып жатыр. Әдетте жеміспен қоректенетін жарқанаттар жемісі мол орман-тоғайды мекен етеді. Бізге белгілісі, Эбола вирусының да, SARS вирусының да, covid-19 тәжді тажалының да, Нипах вирусының да тасымалдаушысы жарқанат. Жарқанаттардан адамзатқа осындай қауіп төнетінін ескеріп, тұқым қалдырмай жойып жібере алмайсыз: жағдайда одан бетер ушықтырып аласыз - One Health Institute Laboratory зертханасының әрі Predict жобасының жетекшісі Трейси Голдштейннің (Tracey Goldstein) айтуынша, жарқанат экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұруда маңызды рөл ойнайды. Олар 500-ден аса өсімдікті тозаңдандырады. Сондай-ақ, олар жәндіктер популяциясын бақылауды жүзеге асырады – мәселен, безгек індетін тарататын масалармен қоректену арқылы талай аурудың алдын алуға көмектеседі.

0 пікір
Мұрағат