Иран АҚШ-тан 245 млн долларды не үшін талап етіп отыр?
Иран АҚШ-тан 245 млн долларды не үшін талап етіп отыр?
7 жыл бұрын 3106 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран АҚШ-тан Иракпен соғысы кезінде химиялық шабуылдан зардап шеккен азаматтарына 245 млн доллар талап етіп отыр. Иран соты осындай шешім қабылдады. АҚШ өтемақыны төлеуге келіссе, бұл қаражатты Саддам Хұсейн билік құрған тұста орын алған Иран-Ирак соғысы кезінде АҚШ әскерилері тарапынан Иранға қарсы жасалған химиялық шабуылдан зардап шеккендер мен опат болғандардың отбасыларына табыс етеді. Бұл жайында Fars ақпарат агенттігі хабар таратты. Иран сотының ресми өкілі Голам Хұсейн Моһсени Ежейдің мәлімдемесіне қарағанда, аталған химиялық шабылдан зардап шеккендер шағым түсірген. Естеріңізге сала кетейік, шамамен 1,5 млн адамның өмірін қиған Иран мен Ирак арасындағы соғыс 1980-ші жылдан 1988-ші жылға дейін созылған болатын. Сегіз жылдың ішінде ондаған қала қирап, Ирактың келтірген материалдық залалы 200 млрд долларды құраған еді. Бұл соғыстан жауласушы екі жақ та саяси және стратегиялық тұрғыдан діттеген мақсаттарына жете алған жоқ. 1987 жылдың жаз мезгілінде күрдтер шоғырланған Иранның солтүстік-батысында орын тепкен Сердешт қаласына Ирак авиациясы иприт бомбасын (қышалы газды) тастаған еді. Нәтижесінде он адам ажал құшып, 600 адам ауыр жарақат алды. Аталған елді-мекен тұрғындарының төрттен бір бөлігі айықпас ауру тапты. 1994 жылы АҚШ Конгресінің сенатында Иран мен Ирак арасындағы соғыс кезінде америкалықтардың Иракқа химиялық-биологиялық қару экспорттағаны жөнінде баяндама жасалған болатын. Алайда, 2002 жылдың қыркүйек айында Конгресте Ирак істері бойынша баяндама жасалған кезде Пентагон басшысы Дональд Рамсфелд бұл мәліметтен танып шыға келді, яғни, химиялық-биологиялық қару экспортталғаны жөніндегі фактіні жоққа шығарды. Иран сотының АҚШ-тың Иран мен Ирак соғысы кезіндегі бұл қадамына қарсы шешім шығарғаны бір бұл емес: 2004 жылы Сердешт қаласы тұрғындарына АҚШ-ты 600 млн доллар мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттеген болатын. 

0 пікір
Мұрағат