Азық-түліктің 14%-ы саудаға шығарылмай тұрып құриды
Азық-түліктің 14%-ы саудаға шығарылмай тұрып құриды
5 жыл бұрын 2451 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Күллі әлем бойынша өндірілген азық-түліктің шамамен 14%-ы жиын-терін кезінен бастап, саудаға шығарылғанша жоғалады. Бұл жайында Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының баяндамасында айтылған. Аталмыш баяндаманы әзірлеу барысында мамандар мен сарапшылар азық-түліктің өндірістің түрлі кезеңдерінде қандай себептермен жарамсыз болып қалатынын немесе жоғалатынын анықтауға ден қойған екен. Сондай-ақ, бұл проблеманы шешудің жолдары қандай? Тағам азығын жоғалтуда Орта Азия мен Шығыс Азия елдері көш бастап тұр. Яғни, бұл бағыттағы тізімнің басынан көрінді. Жиын-теріннен соң өңдеу кезінде тағам азығының 20%-дан астамы дүкен сөрелеріне жетпей жоғалады. Аталмыш баяндамада келтірілген дерекке қарағанда, Африка құрлығында, дәлірегі, Сахара шөлінің оңтүстігіндегі елдерде фермалар 50%-ға дейін жеміс-жидек пен көкөністен айырылады екен. Әсіресе, майлы дақылдар мен құлпынай секілді жеміс-жидек түрлерінің 25%-дан астамы жоғалады. Керісінше астықты өнімдер және бұршақтың жоғалуы ең төменгі деңгейде - 8%. «Азық-түліктің шығын болуы мен бүлінуі оны өндіру-өткізу кезеңдеріне байланысты. Шығынның көбісі жиын-терін мезгілін дұрыс таңдамаумен байланысты. Бұдан бөлек, климаттық жағдай, өнімді жинау әдісі, өңдеу тәсілі де азықтың шығын болуына апарып соқтырады. Сондай-ақ, азық-түлікті дұрыс сақтамау да шығынға ұрындырады. Бұлардан бөлек, кеңінен тараған себептерге сатып алуды дұрыс жоспарламау, азық-түлікті шектен тыс көп сатып алу, азықтың сыртына жапсырылатын белгіні дұрыс бермеу («... мерзімге дейін тұтынған жақсы», мынадай жағдайда пайдаланған жақсы», т.б.) жатады»,- деп айтылған баяндамада. Аталмыш баяндама соңында мемлекет басшыларын, әлем қауымдастығын азық-түлікті барлық кезеңінде шығынға ұшыратпауға қатысты шаралар қабылдап, оны іске асыруға шақырған. Естеріңізде болса, "Әлемде тағамның үштен бірі қоқысқа тасталады немесе ысырапшылдықтың себептері мен салдары" (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/arturli/alemde-tagamnyn-ushten-biri-qoqysqa-tastalady-nemese-ysyrapshyldyqtyn-sebepteri-men-saldary-9296#gsc.tab=0) деген материалымызда азық-түліктің дүкен сөрелеріне жетпей шығын болуына басқа да себептерді айтып өткенбіз. Сол жазбамызда мынадай жолдар бар: "...адамзат азықты өндірген сәттен бастап ысырап ете бастайды. Қалай десіз ғой? Алдымен жиын-терін кезінде, өндіріс орындары мен сауда орындарына тасымалдауда, тұтынушылар тарапынан. Оның үстіне, тұтынушылар неғұрлым азықты қоқысқа тастаса, бұл өндірушілерге экономикалық тұрғыдан соғұрлым тиімді, соғұрлым тауарын өткізіп, байыған үстіне байи түспек. Астықтың шамамен 7 пайызы егістік алқабында қалады екен. Себебі де қарабайыр: азықтың нарықтық бағасының төмен болуына байланысты астықты жинап алып, тасымалдау шығыны өз-өзін ақтамайды да. Пайда әкелмек тұрмақ. Мұндай да кереғарлық болады. Ары қарай кеттік (сорақысы алды): жиналған астықтың 20 пайызына дейін фермер тағы тастауына тура келеді, өйткені, жемістер мен көкөністер сауда желілерінің қойған талаптарына сай келмейді, яғни, сауда орындары тауарлық түрі жоғалмасы үшін өнімнің түсі солғын, салмағы кем, дақ түссе, қабылдамай тастайды". 

0 пікір
Мұрағат