Әзірбайжандағы шиғаларға Мұхаррам айында азалы шараны өткізуге тыйым салынды
Әзірбайжандағы шиғаларға Мұхаррам айында азалы шараны өткізуге тыйым салынды
4 жыл бұрын 1944 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Тәжді тажал пандемиясына байланысты Әзірбайжандағы шиғаларға Мұхаррам айында азалы шараларды өткізуге тыйым салынды. Аталған ел билігінің бұл қадамына түсіністікпен қараушылардан гөрі наразылық білдірушілер қарасы көп. Әзірбайжан аймақтарында наразылық білдіріп көшеге шыққан белсенділерді қауіпсіздік күштерінің арнайы жасағы тұтқындап жатыр. Бұл жайында «Кавказ торабы» ақпарат көзі мәлім етті. Сарапшылар мен құқық қорғаушылар соңғы уақытта Әзірбайжан билігін наным-сенім бостандығына шектеулер енгізуде деп айыптап жатыр. Мәселен, Far Centre саяси және экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі Хикмет Ғажызаде билік тарапынан ел аумағындағы наным-сенім өкілдеріне қатысты жүргізіп отырған саясаты көтермелеу мен тұқырту тәсілдеріне негізделгенін жеткізді. Яғни, бас көтерген белсенділердің қолына кісен салып, айыппұл салса, жекелеген діни бірлестіктердің қызметін бағалап, діни құндылықтарды насихаттағы үшін гранттар тағайындап жатады. Дәл осы Мұхаррам айында шиғалар имам Хұсейнді еске алуға арналған, дәстүрге айналған азалы шаралар өткізеді. Бұл шарада шиғалар өздерін қан-жоса азаптайды. Ал Уикипедия электронды анықтамада Pew Research зерттеу орталығының 2009 жылғы келтірілген дерекке үңілсек, Әзірбайжан халқының 99,2 %-ы мұсылмандар, олардың шамамен 85%-ын Жапар мәзһабын ұстанатын шиғалар, қалған 15%-ын Ханафи мәзһабындағы сүннет мұсылмандар құрайды.

0 пікір
Мұрағат