Ауған факторы: геосаяси ойын тәртібі өзгеріп келеді
Ауған факторы: геосаяси ойын тәртібі өзгеріп келеді
1 ай бұрын 772 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Әлемнің көптеген елінде қызметі мен насихатына қатаң тыйым салынған, заңмен қудаланатын Ауғанстандағы тәліптер қозғалысы белсенді әрекетке көшіп жатыр. АҚШ пен Солтүстік саяси-әскери альянсқа мүше елдер әскері шығарыла бастаған тұста.  Осыдан бірер күн бұрын тәліптер Ауғанстандағы Тәжікстанмен шекара маңындағы стартегиялық тұрғыдан маңызды аудандардың бірін (Имам Сақып) басып алды. Бұл жайында islam.kz порталы The Hill ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл аудан Орта Азиямен екі арадағы сауда жолына жақын орналасқан. Бүгінде тәліптер елдің 34 провинциясының 26-да билікпен соғыс жүргізіп жатыр. Ресми дероек бойынша маусым айының 9-ы күні тәліптер минаны залалсыздандырумен айналысатын Halo Trust америкалық-британдық аса ірі коммерциялық емес ұйымының ондаған қызметкерін өлтірген. АҚШ пен НАТО әскері шығарыла бастағанда тәліптер қозғалысы күш алып, еркін қимылдай бастады. Бұл арада тәліптер қозғалысының еркін қимылдауына тек америкалық және одақтас елдер әскерінің шығарылуы ғана себеп болып отырған жоқ. Америкалық және натолық әскердің шығарылуы тәліптердің толық жеңіске жеткенін білдірмейді. Десе де бұл тәліптер үшін жеңістің басы. Тәліптер қозғалысы тұтас билікке қол жеткізіп, әлем қауымдастығын өзін ресми танып, мойындатуға күш салады. Яғни, бірыңғай шариғи-әскери доминантты күшке айналып, елде өз доктринасын орнатып, оны мойындатуды көздейді. Сәл шегініс: бұл, сарапшылар айтып жүргендей, тәліптер жеңісі ме? Біздіңше, АҚШ барлық ресурсын, соның ішінде, әскери ресурсын геосаяси бәскелесі Қытаймен арадағы жарықшақтан шыңырауға айналып келе жатқан дағдарысты шешуге жұмылдырады. АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуіне негізгі себептердің бірі – осы. Екіншіден, ауған факторы АҚШ үшін «шырмалып шыға алмай қалған батпаққа» айналып барады. Соңы көрінбейтін соғыс АҚШ-тың триллиондаған қаржысын желге ұшырды. Екіншіден, АҚШ тек Ауғанстаннан емес, әлемнің әр түкпіріндегі, соның ішінде Таяу шығыстан да түбегейлі әскерін шығармаса да, Иранды тежеп ұстау үшін кезінде аталған аймаққа әкелінген зымырандарын, дәлірегі, Ирактан, Кувейттен, Иорданиядан және Саудиядан Patriot зымыран кешенінің сегіз батареясын алып кетпек. АҚШ билігінің бұл әрекеті де Қытаймен арадағы текетіреспен байланысты. Ауған тақырыбына оралсақ, АҚШ президенті Джо Байден мамыр айының 1-нен бастап, қыркүйек айының 11-не дейін америкалық және натолық сарбаздардың ауған жерінен толық шығарылатынын мәлімдеген болатын. Бұл арада ауған жеріндегі әлі отанына оралмаған 3 мың америкалық саорбаз турасында сөз болып отыр. 2001-2014 жылдар аралығында, яғни, табаны күректей 13 жыл бойы америкалық және натолық сарбаздар ауған жеріндегі тәліптерге қарсы арнайы операцияларды белсенді түрде жүргізген болатын. 2014 жылдан бастап коалиция тарапынан белсенді әрекет азайып, 2015 жылдан бастап тәліптер белсенді әрекетке көшті. Бұл арада контингенттің негізгі бөлігі ауған жерінен шығарылған болатын. Ауған жерінде АҚШ бастаған коалицияның әскери жорығының сәтсіз аяқталуына ең алдымен америкалықтардың ауған халқының дүниетанымы мен мәдениетіне қайшы өзге құндылықтарды ұстанатыны себеп болған. Дәлірегі, сарапшылардың айтуынша, тәліптер қозғалысы жергілікті халық үшін бірыңғайда азат етуші күш саналды. Америкалық басқыншылардан. 2011 жылы Нью-Йорк мегаполисіндегі халықаралық сауда үйі құлағаннан кейін (шамамен 3 мың адам опат болған) АҚШ билігі бұл терактіне Усама бен Ладен жетекшілік еткен әл-Каидадан көріп, тәліптерден оны ұстап беруді талап еткен болатын. Тәліптер америкалықтардың бұл талабын орындаудан бас тартады. 2011 жылдың қазан айының 7-нен бастап АҚШ пен НАТО әскері кең ауқымды әскери жорығын бастады. Тәліптер режимін құлату үшін 2001 жылы халықаралық қауіпсіздік жәрдем ету күші (ағылшынша – ISAF) құрылады. Бұл одаққа 48 ел кіреді. Коалицияда 160 мың сарбаз (оның 130 мыңы америкалық сарбаздардан тұрады). Бұдан бөлек, жергілікті ауған қауіпсіздік күштерінен жасақталған сарбаздарды есепке алғанда 300 мың сарбаз тәліптерге қарсы майдан ашады. Ал тәліптер тарапынан коалицияға қарсы, түрлі дерек көздерінің есебі бойынша шамамен 140 мың содыр (Ауғанстаннан – шамамен 40 мың, Пәкістаннан – шамамен 60 мың) соғысқан. Осы заманғы тарихта ең ұзақ соғысқа айналған бұл майданда АҚШ тарапы шамамен 1 трлн долларын шығындап қоймай, 2,5 мың сарбазынан айырылды, яғни, тәліптер қолынан ажал құшқан. Бұдан бөлек, 20 мыңнан аса сарбаз жарақат алған түрлі деңгейде. Жалпы коалиция бойынша 3,5 мыңнан аса сарбаз жер жастанған. Ауғанстан армиясы 45 мыңнан аса сарбазы опат болды. АҚШ-тың ауған жеріндегі шығыны 1 трлн долларға жеткенін айтып өттік жоғарыда: бұл қаражаттың 130 млрд доллары елді қалпына келтіруге (коалиция сарбаздарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге), 86 млрд доллары ауған ұлттық армиясын, қарулы күштерін (соның ішінде полициясы мен өзге де қауіпсіздік күштері бар) құруға жұмсалған. Соңғы жылдары америкалықт ар ауған жеріндегі бұл науқанға жылына 40 млрд доллар жұмсаса, 2010-2013 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 80 млрд долларға жеткен, ал 2011-2012 жылдары – 100 млрд доллар. Бұл қаражаттың бәрі желге ұшты дейтініміз, коалиция ауған жеріндегі түпкі мақсатына ақыры қол еикізе алмады: Тәліптер режиімінен ауған жерін азат ету мақсаты орындалмады. Бар жеткен жері – тәліптермен келіссіөз жүргізуге қол жеткізу ғана болды: 2020 жылдың ақпан айының соңында АҚШ билігі мен тәліптер бейбіт келісімге келді. Аталмыш келісімнің талаптары бойынша коалиция күштері 14 ай ішінде ауған жерінен кетеді; АҚШ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан салынған тәліптерге қарсы санкция алынып тасталады; бұдан бөлек, АҚШ Ауғанстанның ішкі ісіне араласа алмайды. Бұған қоса, тәліптер коалиция күштері тұтқындаған 5 мың тәліпті 1 мың қауіпсіздік күштерінің қызметкеріне айырбастайды.

(ахуалға қарай жалғасы болуы мүмкін – ред.)

Ұқсас материалдар:

«Ауғанстаннан НАТО әскерлері шығарыла бастады» (https://islam.kz/kk/news/alem/auganstannan-nato-askerleri-shygaryla-bastady-15102/#gsc.tab=0);

«АҚШ-тың тәліптерге "күні қарап" қалды» (https://islam.kz/kk/news/alem/aqsh-tyn-talipterge-kuni-qarap-qaldy-10566/#gsc.tab=0);

«Тәліптер мен АҚШ келіссөзіндегі негізгі тезис» (https://islam.kz/kk/news/alem/talipter-men-aqsh-kelissozindegi-negizgi-tezis-11380/#gsc.tab=0);

«Тәліптер Ауғанстанда өздерінің мемлекеттік органын құратынын мәлімдеді» (https://islam.kz/kk/news/alem/talipter-auganstanda-ozderinin-memlekettik-organyn-quratynyn-malimdedi-8018/#gsc.tab=0);

«Тәліптердің күші неде немесе тәліптер билік басына келгенде Ауғанстанды өркендеген елге айналдыра ала ма» (https://islam.kz/kk/news/alem/talipterdin-kushi-nede-nemese-talipter-bilik-basyna-kelgende-auganstandy-orkendegen-elge-ainaldyra-ala-ma-12419/#gsc.tab=0);

«АҚШ Ауғанстанда жаңа соғыс бастауы мүмкін» (https://islam.kz/kk/news/alem/aqsh-auganstanda-jana-sogys-bastauy-mumkin-8052/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат