Араб әлемінде отбасын құрмаған 30 жастан асқандар қарасы рекордтық деңгейге жетіп қалды
|

Отбасы құндылығы араб әлемінде де күйреу алдында тұр. Дәлірегі, 30 жасына дейін отбасын құрмағандар саны көбейіп кеткен. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Sabah ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, азаматтық соғыстың шаң-тозаңы әлі сейіле қоймаған Сирияда және Либанда тұрғындардың 85 пайызы отбасын құрмаған. Ал Иракте бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен. 2023 жылы халқының саны 100 млн адамнан асатын Мысырда 8 млн адам отбасын құрмаған, олардың 3 млн-ы әйелдер де 5 млн-ы – ерлер. Туниске келсек, халықтың 60 пайызы отбасын құрмаған. Бұл көрсеткіш Алжирде 50 пайыз, Марокко 40, ал Катарда 35 пайызға жеткен. Саудияның экономика және жоспарлау министрлігі келтірген дерекке қарағанда, 30 жастан асқандардың шамамен 45 пайызы ешуақытта отбасын құрмаған. Бұл құбылыстың астарын сарапщылар аймақтағы экономикалық және саяси тұрақсыздықтан көреді. Соның ішінде азаматтық соғыс, көші-қон, бай мен кедей арасындағы алшақтықтың артуы, т.б. Мәселен, саудиялық әйелдер арасында мансап қуып, білімге бет бұрып, тұрмысқа шығуды екінші орынға ысырғандар қарасы көбейіп келеді. Йемендегі ел тұрғындарының шамамен үштен бірі отбасын құрмаған. Ақша табу үшін қарулы күштер сапына өтіп жатқан жастар қарасы көп. Бұдан бөлек, жайлы өмірді іздеп шетел асқан араб жастарының арасында жергілікті әйелдермен бас қосуды үрдіске айналдырған.




