Алжир аумағын минадан тазартуға әлі ондаған жыл керек
|

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі кеңесі 1997 жылғы минаны қолдануға салынған тыйым туралы келісімді сақтауға шақыратын қарарды дауыс бермей-ақ бірауыздан қолдады. Бұл жайында islam.kz порталы камерундық Africa Plus News телеарнасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Минаға тыйым салуға қатысты бастаманы ең алғаш болып осы қатерден көресіні көрген Алжир көтерген еді. 1956-1962 жылдар аралығында тәуелсіздігі үшін соғыс кезінде Алжирді отарлаған Франция ааталған араб елінің шығыс және батыс шекаралары бойында 11 млн мина орнатқан болатын. Отаршылдықтың зардабынан алжир халқы әлі күнге арылған емес – ұлттық азат ету соғысынан бері бейбіт тұрғындар минаға түсіп қырылып жатыр, тірі қалғандары мүгедек болып қалуда. Осынау жарылғыш заттан Алжирден кейін әзірбайжандар зардап шегіп келеді. Ал Еуропа құрлығы бойынша Әзірбайжан жасырын мина саны жағынан қазіргі уақытта Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинадан кейін орында тұр. Әрмендер (армян) табаны күректей 30 жыл бойы Әзірбайжан жерін заңсыз иемденіп келді. Алжирді қан қақсатқан Франция әрмендерге көмектесіп, 1,5 млн-нан аса мина орнатты. Алжирдің ұлт азаттық соғысы кезінде Тунис пен Мароккодан алжир революционерлері мен қару-жарақтарының енуіне жол бермеу үшін француз отаршыл державасы Алжирдің шығыс және батыс шекараларының 1710 шақырымын бойлай мина алқаптарына айналдырды. Нәтижесінде шекара маңындағы аудандарда тұратын 3 млн алжирлік үй-жайын тастап, елдің қауіпсіз аймақтарына қоныс аударуға мәжбүр болды. Сол кезден Алжирлің 7300 бейбіт тұрғыны минаға түскен екен: 4830 алжирлік соғыс кезінде, ал 2470 алжирлік бейбіт кезеңде. 2017 жылы алжирлік саперлер 62 000-нан аса акр (ағылшындық өлшеу жүйесі немесе бірлігі бойынша) аумақты минадан таазартып, 9 млн-ға жуық жарылғыш затты залалсыздандырып, өзін минадан азат ел ретінде жалпық жаһанға жаар салып жарияласа да әлі күнге жергілікті тұрғындар мен шаруалар, балалар минаға түсіп қалып жатыр. Франция Алжирге мина орнатылған аймақтар картасын 2007 жылға дейін бермей келді. 2007 жылы берілгенімен оның өзі толық емес. "Олардың (минаның) саны 2 200 000-нан асады және Франция әлі күнге дейін олардың қайда орнатылғанын көрсететін карталардың бір бөлігін ғана бергенмен, қалғанын бермеді. Адамгершілікке келсек, президент Макрон мырза, сіз адами құндылықтар туралы айтқаныңызда, осы минаның салдарынан кейбір азаматтардың аяқ-қолдары кесілді, қаза тапқандары қаншама, соларды еске аласыз ба» - деп мәлімдеді осы сәуір айында бұрынғы алжирлік саясаткер Ахмет Халифа. Әзірбайжандағы жағдай да осыған ұқсас: 1991-2020 жылдар аралығында әрмендер орнатқан миналардан 3400-ден аса адам зардап шекті. Бір ғана 2020 жылдың өзінде 400-ге тарта адам минаның құрбанына айналды. Бастапқыда әрмендер де миналар картасының жоқтығын алға тартып келген еді, кейін әзірбайжандарға картаны бергенде де тек картаның 25 пайызы ғана дәл болып шыққан. Жарылыстардың 55 пайызы картамен қамтылмаған аймақтарда орын алған. Әзірбайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі келтірген дерек осындай. Франция 2020 жылдан бері Әзірбайжан мен Әрмения арасындағы бейбіт келіссөздерге кедергі келтіріп келеді. Қап тауындағы бейбіт өмір француздарға керек емес, өздерінің ықпал ету тетігін жоғалтып алмасы үшін. Франция Әрменияның қолтығына су бүркіп, жаңа қарулы қақтығысқа бастайтын арандату әрекеттерімен көзге түсіп келеді. 2024 жылғы маусымда Әрменияның қорғаныс министрінің Францияға сапары барысында тараптар Әрменияға CAY CAESAR француз гаубицаларын жеткізуге келісімшартқа қол қойды. Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ, Әрмения қорғаныс министрлігімен түрлі әскери техниканы, оның ішінде танктер мен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларды өндіретін KNDS әскери-өнеркәсіптік компаниясы арасында қол қойылды. Франция мұнымен ғана шектеліп қалмай, Әрменияның Әзербайжанмен шекарасына еуропалық бақылау миссиясын жіберу бастамасын көтерді. Франция осы уақытқа дейін Африка құрлығындағы өзінің бұрынғы отарына айналған елдерді уысынан шығарып алмау үшін террористік қауіпті желеу етіп, осындай құрық бойламайтын қитұрқы саясатын жүргізумен келген еді. Осылайша бұрынғы отар елдердегі ресурстарға қаржылық бақылау орнатты. Сарапшылардың есебінше, Франция жыл сайын Африкадан кем дегенде 500 млрд доллар пайда көреді. Франция минадан зардап шекккен алжирліктерге ешуақытта өтемақы бермеді. Алжирдің жерін жаппай қырып-жоятын қарудың сынақ алаңына айналдырды. Ал әзірбайжандар өз есебінен әрмендердің орнатып кеткен миналарын тазартып келеді. Әрмендер өтемақыны былай қойғанда миналар картасының өзін бермей отыр.




