Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығады
|

KAZINFORM — Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс бейсенбі күні басқарылмайтын жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, сақтауға және өндіруге тыйым салатын Оттава конвенциясынан елдің шығуы туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Аймақтық қауіпсіздік жағдайының өзгеруіне байланысты, Латвия үшін өз әрекеттерінің икемділігін шектемеу және ел мен халықты қорғауды күшейту мақсатында әртүрлі қару-жарақ жүйелері мен шешімдерді қолдану мүмкіндігін сақтау маңызды, — делінген заңға қосымша түсіндірме жазбада.
Латвияның бағалауынша, басқарылмайтын жаяу әскерге қарсы миналар өзге миналар мен қару жүйелерімен бірге қолданылғанда, қорғаныс қабілетін күшейтеді, оны балама шешімдермен толық алмастыру мүмкін емес.
Сонымен қатар, Латвия әскери операциялардың бейбіт тұрғындарға әсерін барынша азайтуға міндеттенеді және халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын, соның ішінде қақтығыс кезінде азаматтық халықты қорғау нормаларын сақтай беретінін мәлімдеді.
2025 жылғы 16 сәуірде Латвияның Сеймі жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, сақтауға және өндіруге тыйым салатын Оттава конвенциясынан елдің шығуы туралы заңды үшінші оқылымда қабылдады. Заң жобасын 66 депутат қолдап дауыс берсе, 14 депутат — «Тұрақтылық» және «Латвия — бірінші орында» фракцияларынан — қарсы болды. Екі депутат қалыс қалды, үшеуі дауыс берген жоқ.
Сонымен бірге, Эстония үкіметі де бейсенбі күнгі отырыста Оттава конвенциясынан шығу туралы заң жобасын мақұлдады.
— Қазіргі қауіпсіздік ахуалында Қорғаныс күштеріне қауіп-қатер сипатына және ықтимал қарсыластың әрекетіне қарай қару-жарақ жүйелері мен шешімдерін таңдауда қосымша еркіндік пен икемділік қажет, — делінген Эстония заң жобасына берілген түсіндірмеде.
Сондай-ақ, Эстониямен қатар Литва, Польша және Финляндия да Оттава конвенциясынан шығу рәсімін бастағаны хабарланды.
Айта кетелік, Латвия әйелдер үшін міндетті әскери қызметті енгізуі мүмкін.
Назым Бөлесова
Эстония үкіметі қорғаныс шығындарына жұмсалатын қаржыны ұлғайтпақ
KAZINFORM — Эстония үкіметі 2029 жылға дейін қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің орта есеппен 5,4%-ына дейін ұлғайтатын жаңа қорғаныс бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Euronews.
Бағдарламаға сәйкес, қорғаныс шығындары 2,8 миллиард еуроға артады. Қазіргі уақытта Эстонияның қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің 3,3%-ын құрайды.
— Біз Эстонияның ұлттық қорғанысы тұрғысынан тарихи шешім қабылдадық. Бір жылда ұлттық қорғанысқа мұндай көлемде қосымша қаражат ешқашан бөлінген емес, — деді Эстонияның қорғаныс министрі Ханно Певкур.
Келесі жылы қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің шамамен 5,4%-ына жетіп, бір жылда 2%-дан аса өседі және ұзақ уақыт осы деңгейде сақталады, деп атап өтті министр.
— Төрт жылдағы орташа көрсеткіш те 5,4%-ды құрайды, бұл бізге НАТО-да келісілген әскери әлеуетті арттыру мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді, — деп қосты Певкур.
Үкіметтің қорғаныс шығындарын арттыру туралы шешімі әскери мүмкіндіктерді едәуір кеңейтеді, атап айтқанда, әуе қорғаныс жүйесін жетілдіру, құрлық әскерлерінің атыс қуатын арттыру, электронды соғыс әдістерін дамыту жоспарда бар.
Бұған сонымен қатар ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, киберқорғаныс, ұшқышсыз ұшу аппараттары, қарулы күштердің жеке құрамын ұлғайту және басқа да бастамалар кіреді.
Осыдан бұрын Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығатыны хабарланды.
Айнұр Тумакбаева




