Әлемдегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің әлеуеті тағы 800 млн адамды асырауға жетеді
Әлемдегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің әлеуеті тағы 800 млн адамды асырауға жетеді
4 жыл бұрын 2652 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Экологиялық ахуалдың асқынуы мен топырақтың дегредацияға ұшырауына әрі жаһандық жылыну салдарынан орын алған климат өзгерісіне байланысты, соның ішінде жылдан жылға құрғақшылық жайлап, шөл және шөлейтті аймақтардың аумағы артып келе жатқанына, сонымен қатар, адамзат қарасының шапшаң көбеюіне қарамастан күллі әлемдегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің әлеуеті бүгінгі таңда саны 7,7 млрд-тан асатын адамнан бөлек тағы 800 млн адамды асырауға, яғни, азықпен қамтамасыз етуге толық жетеді. Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдарының есебі бойынша. Ғалымдардың бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі Science Advances мерзімді басылымында жарияланды.

Бүгінде барлық құрлық бойынша ауыл шаруашылығына жердің шамамен 37%-ы пайдаланылады. Қалғанын таулы өңірлер мен шөл және батпақты жерлер құрайды. Сондай-ақ, топырағы құнарынан айырылып, дегредацияға ұшыраған ауыл шаруашылығына жарамсыз болып қалған жерлер. Ендігі жерде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер аумағын кеңейту мүмкін емес. Ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында, яғни, егістік немесе жайылым үшін орман-тоғайды отаудың өзі қауіпті сипат алған. Қоршаған ортаға орасан зор зиян келіп отыр. Осыны ескерген ғалымдар бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды жерді мейлінше тиімді пайдалану жолдарын жатпай-тұрмай қарастырып жатыр. Тиімді пайдалану дегенде топырақтың құнарын сақтай отырып, бір жылда бірнеше рет өнім алу немесе бір жолғысынан мол өнім алу жолдарын іздестіруде. Осы мақсатта әлем бойынша жерден өніп-өсетін азықтың 100 пайыздайы өндірілетін 130 негізгі ауыл шаруашылығы аймағындағы жердің суармалылығын – ирригациясын зерделеп, талдау жүргізген екен. Сонсоң осы аталған жердің сумен қамтамасыз етілу деңгейін көрсететін картаны жасады. Аталмыш зерттеу нәтижесі көрсеткендей, осынау ауыл шаруашылығына жарамды жердің тек бестен бір бөлігі ғана жеткілікті деңгейде ғана сумен қамтамасыз етіледі екен, қалғаны су тапшылығын тартып отыр. Бұл жайт өз кезегінде астық түсімін көп кемітеді. Ғалымдардың айтуынша, Ресей Федерациясы аумағында, Африка және Азияда жаңа су қоймаларын тұрғызса, сондай-ақ, ескірген ирригациялық жүйені қалпына келтірсе, тағы 800 млн адамды азықпен қамтамасыз етуге болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы мәліметі (2019 жылдың қорытындысы бойынша) әлемде 820 млн-нан аса адам аштық азабын тартып жатыр. 1,2 млрд адам ашқұрсақ өмір сүруде. Күніне аштықтан 18 мыңнан аса бала көктей солады.

0 пікір
Мұрағат