Әлемде банктен өсімақымен несие алу белең алып барады
Әлемде банктен өсімақымен несие алу белең алып барады
1 ай бұрын 389 24.kz

Әлем елдерінде де қазір банктен өсімақымен несие алу белең алып барады. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.

Тіпті, алпауыт Американың өзінде халық несиеге өмір сүруге әбден үйреніп алған. Аргентинада да дәл солай. Ел арасында банктен қарыз алу қарқыны үдеп кеткен. Бірақ, берешегін қайтара алмай жатқаны қаншама?! Оған ең алдымен қымбатшылық себеп дейді сарапшылар. 

АҚШ-та несие басты мәселенің біріне айналғалы қашан. Алпауыт мемлекет несие карталары бойынша берешегі өте көп елдің бірі саналады. Әсіресе, 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтарда қарыз алушылар басым. Жұрт несиені жарыса алғанымен, мерзімінде қайтармайтын көрінеді.

Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің соңғы есебіне сәйкес бүгінде тұрғындардың берешегі 1,12 триллион долларға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайға жалақының аздығы мен күнкөрістің қымбатшылығы түрткі.

ЦИТАТА

Тэд Россман, Bankrate компаниясының аға талдаушысы

"Инфляция деңгейінің өсуі мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер америкалықтардың қарыз жүктемесінің артуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сол себепті бұл несие картасының қарызын өтеуді қиындатады."

Аргентина

Аргентинада осыған ұқсас жағдай. Коммерциялық банктер ұсынған пайыздық мөлшерлеме орташа есеппен жылына 26-28 пайызды құрайды. Бұдан бөлек шарықтап тұрған инфляция бар. Оның деңгейі 300 пайызға таяған. Сондықтан тұрғындар қарыз алса да кейін оны қайтаруды қалтасы көтермейді. Несиеге пәтер сатып алмақ былай тұрсын, оны жалдаудың өзі жергілікті халық үшін қалтаға ауыр салмақ салады. 

Сандра Болух, жергілікті тұрғын: - Күнкөріске қажеттінің бәрі қымбат. Көлік құны аспандап кетті, дизель отынының бағасы айтпаса да түсінікті. Қызмет құны, пәтер, ғимарат жалдау ақысы да жоғары. Тіпті, полиэтилен пакеттерінің бағасы көтеріліп кеткен.

Жалпы несиенің жылдық мөлшерлемесі ең төмен елдер тізіміне келсек, олардың дені дамыған мемлекеттер. Мәселен, Финляндияда тұрғын үй несиесінің жылдық пайызы 1,1-1,5 процент болады. Тұрғын үй қымбат саналатын Жапонияның өзінде ипотекалық несиенің орташа мөлшерлемесі 1,2 пайыз шамасында. Ал Швейцарияда банктен баспананы 100 жылға рәсімдеуге болады.

 

0 пікір
Мұрағат