Әлем үлкен соғысқа дайындалып жатыр
Әлем үлкен соғысқа дайындалып жатыр
13 күн бұрын 5281

Қытай Тынық Мұхиттағы АҚШ үстемдігіне қарсы тұру үшін, теңіз-әуе күштерін барынша нығайтып жатыр. «Қытай солдаттары күш-жігерін соғысқа дайындалуға жұмсауы тиіс», – деп мәлімдеме жасады Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин. Бұл жайында nege.kz ақпарат көзінің шолу материалын назарларыңызға ұсынамыз.

Ал Германия АҚШ-пен бірігіп, атом қаруын астыртын қолдануға машықтанып, құпия әскери жаттығу жасап жатқан көрінеді. Індет, экономикалық құлдырау, ішкі наразылықтың күшеюі, алпауыт елдер арасындағы алауыздықтың артуы – бұл қашанда ірі бұлғақтың басы.

Бір суреттің тарихы

Си Цзиньпин қазір Қытай халық-азаттық армиясының теңіз жаяу әскерінің корпусын аралып жүр. Әскерилермен кездесуінде, ол қытай жауынгерлерінің соғысқа дайындығын барынша жоғары деңгейде ұстауға шақырды.

Бейжің АҚШ-ты «Тайваньға заманауи қаруларды ғана сатып отырған жоқ, әскери кеңесшілерді де жіберіп жатыр» деп айыптап отыр. Оған нақты дәлелдеріміз де бар дейді. Мәселен, Тайвань басшысы бір әскери нысанға барған. Репортерлер түсірген бір суретке американдық офицер кездейсоқ түсіп қалған.

Қытайдың Тайван аралын басып алуға кең көлемді әскери жаттығу жүргізіп жатқаны құпия емес. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Тайбэй бұл суретті әдейі жариялауы мүмкін. «Аулақ жүріңдер, артымызда кімнің тұрғанын көріңдер», – дегенді ұғындыру мақсатында.

АҚШ заңдары бойынша Вашингтон бұл аралға әскери көмек беруге міндетті. АҚШ аралға 5 млрд долларға ең заманауи соғыс қаруларын сатуды жоспарлап отыр. Ал Қытай болса, «Тайвань тәуелсіздігін ресми түрде жариялайтын болса, сепаратистерге қарсы күш қолдануы тиіс» деп, заң шығарып қойған. Оның үстіне, теңізде ұрыс жүргізетін соғыс кемелерін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып жатыр.

Тайвань мәселесінің туындағанына ғасырға жуықтап келеді. Әйтсе де, ол кездегі Қытай мен бүгінгі Қытайды мүлде салыстыруға келмейді. Бейжің қазір әлемдік үстемдікке ұмтылып отыр. Ұлттық мүддесін қорғау жолында кіммен болса да тістесуге әзірлігін байқатып келеді. 

Германия Ресейдің үрейін ұшырды

Неміс басылымдарына сүйсек, Германия америкалық ядролық қаруларды қолдануға машықтанып, Steadfast Noon атты әскери жаттығу бастаған. Әрине, ол өте құпия түрде өтіп жатыр. Бірақ неміс қырып-жойғыш ұшақтарына атом бомбаларын орнатып жатқаны неміс журналистеріне белгілі болған. Бұл Ресей қоғамының үрейін ұшырып отыр. Бұл әскери жаттығулардың Ресейге қарсы бағытталғаны еш күмән тудырмасы анық. Ядролық қару ядролық қаруы бар мемлекеттерге қарсы қолданылатыны талас тудырмаса керек. Ресейдің де соңғы кездері жаңа зымыран түрлерін жасап шығарып, дөңайбат көрсетіп жүргені мәлім.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Путиннің жаңа құрлықаралық зымыранын көрсетіп: «Бізді тыңдамайтын едіңдер. Енді құлақ асатын боласыңдар», – дегені әлі ешкімнің жадынан өшкен жоқ.

Жанталаса қарулану заманы қайта келді. Тіпті, соңғы кездері Жапония әскери державаға айналуы үшін қаржыны осы салаға үйіп-төгіп жатыр Тіпті, ғарыштық державалар бірін-бірі «жұлдызды соғысқа түрткі болып отыр» деп айыптауда.

Қарабақта кілең «бейбітшілік сүйгіштер» соғысып жүр

Қарабақ жанжалы әзербайжандардың да, армяндардың да тарапынан «бейбітшілікті қалаймыз» деген сөздерін жиі естиміз. Екі халықтың арасында соғыс құрбандарына, баласынан айырылған аналардың зарына  жаны шын ашитындарын айтуда. Бірақ екі тарап «бейбітшілікті қалай орнату керек?» деген сауалға берер жауабы әртүрлі.

Армения үшін «әзербайжандар армяндар басып алған жерден бас тартуы керек». Әзербайжан болса, «Қарабақтан Арменияның басқыншы әскері шығарылуы тиіс» дейді. Екі ел бір-біріне «мүмкін емес» талап қойып жатыр. Бұл – соғыс жуық арада бітпейді деген сөз. Бір қарасаңыз, Қарабақта кілең «бейбітшілік сүйгіштер» соғысып жүргендей әсер қалдырады.

Түріктер – әзербайжандарды, орыстар – армяндарды ашық қолдап жатыр. Әзірге ақпараттық тұрғыдан. Қарабақ Түркия мен Ресейдің кезекті текетіресіне ұласатын түрі бар. Бұған бір шалт қимыл жеткілікті.

Адамзат дүниежүзілік соғыстың алдында тұр ма?

АҚШ-тың Қытайға қарсы қырғи-қабақ соғыс ашқанын ресми түрде жария еткен. Сирия, Украина, Қарабақ, Ливия, Ауғанстан, Тайвань және басқа да әлемнің «ыстық нүктелерінде» қызу күрт көтеріліп келеді. Қарабақ жарасының іріңдеп, қайта жарылуы тегін емес. Алпауыт елдердің қарым-қатынасындағы кілтипандар күннен-күнге шиеленісіп барады. АҚШ – бір жағында, Қытай мен Ресей  - бір жағында, өзге елдерге «кімнің жағында екеніңді айқында!» деп талап қоя бастады. Құдды, әлем қазір үшінші дүниежүзілік соғыстың табалдырығында тұрғандай.

Адамзат осы табалдырықты аттап, алапат қантөгіске қойып кете ме, әлде парасаттылыққа ерік беріп, көтерілген «қызуды» басудың өркениетті амалын таба ала ма? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

0 пікір
Мұрағат