"30 жасқа дейін елден шығуға болмайды" - авторитарлы Орта Азия еліндегі ерекше тыйымдар
"30 жасқа дейін елден шығуға болмайды" - авторитарлы Орта Азия еліндегі ерекше тыйымдар
4 жыл бұрын 2034 Сымбат Сатыбалдина

Түрікменстан - түрлі тыйымдарымен ерекшеленетін мемлекеттердің бірі. Мәселен, 40 жастан асқан ер адамдарға шашын қара түске бояуға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, еркектер шашын қара түске бояған жағдайда табиғи түсін қайтаруы керек. Tengrinews.kz тілшісі Түрікменстандағы бұдан да басқа ерекше тыйымдарға шолу жасады. 

Көшеде құлаққаппен жүруге болмайды 

2018 жылдың сәуірінен полицейлер көшеде құлаққаппен өлең тыңдап бара жатқан Ашхабад тұрғындарына айыппұл сала бастаған. Қала тұрғындарының айтуынша, олар жаяу жүргіншілерді "жаңа ереже" қабылданғанын айтып тоқтата бастаған. 

Ал полицейлер құлаққаппен кетіп бара жатқан тұрғындар жан-жағындағы автокөлікті байқамай қалуы мүмкін деп түсіндірген. Құқық қорғау органдарының өкілдері музыка тыңдап бара жатқан жаяу жүргіншілерге айыппұл салуға елдегі жол-көлік оқиғасын азайтуға арналған ішкі істер министрлігінің бұйрығы негіз болғанын айтқан. 

Әйелдерге шаш бояп, кірпік ұзартуға тыйым салынады

Ашхабадтағы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін әйелдерге шаш бояп, кірпік, тырнақ ұзартуға және алтын әшекей бұйымдарын тағуға тыйым салынады. Бұл ереже 2018 жылдың наурызынан іске аса бастаған. 

Жергілікті шаштараз және сән салондарын әкімдік қызметкерлері аралап, кірпік және тырнақ ұзарту, шаш бояу қызметтерін алып тастауды айтқан. 

Одан бөлек, Түрікменстанның кеден қызметі шекарадан шашқа арналған ашық түсті бояуларды өткізбей тастаған. Сонымен қатар, кірпік, тырнақ ұзартуға арналған құралдарды да шекарадан өткізуге тыйым салынған.

Сонымен қатар, елдегі әйел адамдарға шомылу киімі мен шолақ шалбар киюге болмайды. 2018 жылдың сәуір айының басында Түркіменстан кедені ел төңірегіне әйелдерге арналған шомылу киімі мен шолақ шалбар алып келуге тыйым салды.

Алайда, кеден қызметі бұған ресми пікір білдірмеген.

Көліктердің түсі ақ болуы керек

Түрікменстандық билік қара түсті көлік сатып алуға 2015 жылы тыйым салған. Яғни, қара түсті көліктерді бірден жол полициясының айыппұл тұрағына алып кететін болған. "Хроника Туркменистана" мәліметінше, билік өкілдері бұл туралы түсінік бермеген. Халық арасында наразылық тудырған билік бұл әрекетін "ақ түс сәттілік алып келеді" деп қана пікір білдірген. 

Жаңа ереже елдегі автосервистерге жаққан көрінеді. Себебі, бұрын көліктің сыртын бояу 500 доллар болса, жаңа талап күшіне ене бастаған соң бұл қызметтің құны 1000 доллар болған. 

Айта кетейік, жергілік БАҚ мәліметінше, ақ - ел президенті Құрбанұлы Бердімұхамедовтің сүйікті түсі екен.

30 жасқа дейінгі ер адамдар шетелге шыға алмайды

Көші-қон қызметкерлерінің айтуынша, бұл ереже азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. 

"Менің шетелге шықпақ болған 27 жастағы танысымды көші-қон қызметкерлері облыстық бөлімшеге шақырып, билетін тартып алған. Олар 30 жасқа дейінгі ер адамдарды елден шығаруға тыйым салатын ереже бар екенін айтқан", - деп хабарлаған жергілікті тұрғын "Азатлык Радиосына". 

Тұрғынның айтуынша, кейіннен бірнеше адамға билет ақшасы қайтарылған. 

Әйелдерге көлік жүргізуге болмайды

EurAsia Daily мәліметінше, 2018 жылдың 5 желтоқсанында ішкі істер министрі Ескендір Мүликов президентке елдегі жол-көлік оқиғасының көбі әйел адамдар жасайтынын айтқан. Президент министрге "жағдайды түзетуге" тапсырма берген. 

Сөйтіп, 2018 жылдың желтоқсан айының ортасынан Түрікменстанда әйелдерге көлік айдауға тыйым салатын тәртіп жұмыс істей бастады. Алғашында полицейлер тек ескерту жасаса, кейіннен автокөлік иелерінің көлік жүргізу куәлігін тартып алып, көлікті айыппұл тұрағына апарып тастаған. 

Бірқатар әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынған

Олардың қатарына YouTube, Facebook, Twitter, ВКонтакте әлеуметтік желілері және WhatsApp, Wechat, Viber мессенджерлері жатады. Алайда оған қарамастан тұрғындар бұл желілерді VPN көмегімен қолданады. Сонымен қатар, қолдануға тыйым салынған желілердің орнына түрікменстандықтар көбіне Imo.im хабар алмасу бағдарламасын, сондай-ақ, Түрікменстанда 2018 жылдың желтоқсанында іске қосылған "Би-би" бірыңғай ұлттық әлеуметтік желісін қолданады екен. 

2013 жылы түрікмен билігі Кремльдің ресми сайтын да (kremlin.ru) бұғаттап тастаған. Себебі, қос азаматтығы (ресейлік және түрікменстандық) бар тұрғындар Кремль сайтында өте көп шағым жазған көрінеді. 

40 жастан асқан ер адамдарға шашын бояуға тыйым салынды

Бұл - мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін ер адамдарға қатысты ереже. Тауда Түрікменстанның Лебап уәлаятында 40 жастан еркектерге шашын бояуға тыйым салынады деген ақпарат тарады. 

"Азатлык Радиосының" мәліметінше, барлық мамандандырылған мекемелер, оның ішінде мектеп, ауруханада істейтін ер адамдар ақ шашын жасырып қалу мақсатында шашын қара түске бояған болса, табиғи түсін қайтаруы керек. Бұл ереже 1 ақпаннан күшіне ене бастаған.

Одан бөлек, Түрікменстанның мемлекеттік мекемелерінде істейтін ер адамдарға шашын өсіріп, сақал қоюға тыйым салынған екен. 

0 пікір
Мұрағат