2023 жылы трансмайлардан толық бас тартуға қол жеткізбек
2023 жылы трансмайлардан толық бас тартуға қол жеткізбек
4 жыл бұрын 3234 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат қарасының көбеюіне, жаһандық жылыну мен климат өзгерісіне байланысты әлемдік азық-түлік тапшылығының жылдан жылға артып келе жатқанына қарамастан тек бір-ақ мақсатта – инфекциялық емес аурулардың алдын алу үшін 2023 жылы трансмайларды тағам өнімдеріне пайдаланудан бас тарту жолында күресетін болады. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі аталған халықаралық ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесустың мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. ДДҰ келтірген дерекке қарағанда, өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын трансмайларды азық ретінде тұтыну өз кезегінде жылына шамамен 500 мың адамның ажалына себеп болып отыр. Жүрек-қан тамыр ауруларын тудыру арқылы. ДДҰ хабары бойынша осы уақытқа дейін әлемде 58 мемлекет 2021 жылдың соңына дейін аталған елдердің 3,2 млрд тұрғынын зиянды субстанциядан қорғауға бағытталған заң қабылдауға уәде берген. Алайда, әлі 100 ел трансмайларды тағам өндірісінен алып тастауға асығар емес. Бүгінгі таңда әлемнің 15 еліндегі өлім-жітімнің үштен екісі трансмайларды тағам ретінде пайдаланудан орын алып отыр. Негізінен трансмайларды тағам өндірісінде пайдаланудан жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі жоғары, яғни, бақуатты елдер ғана бас тартып отыр. Осы орайда құрамына Қазақстан да кіретін ЕуроАзиялық экономикалық одақ аумағында трансмайлардың майлы тағамдар құрамындағы нормасы 2%-ды құрайтынын айта кету керек. Атап айтқанда, маргарин мен әзірленуі тез тағамдар мен қуырылған тағамдарда, т.б. кездеседі. Бұл май өсімдік немесе өзге майлардан несімен ерекшеленеді немесе артықшылығы бар? Аталған май тағамның ұзақ уақыт бойы бұзылмай сақталуына көмектеседі. Трансмайлар –  сиыр, ешкі секілді жануарлар етінде және сүтінде, сондай-ақ, жасанды жолмен қатырылған майлар құрамында да кездеседі. Майлы ет жемей, майлылығы төмен сүтті ішсе, трансмайды тұтынудың қатерлі мөлшерін тұтынбаған боласыз. Ал жасанды жолмен қатырылған, яғни, гидрогенизделген май адам денсаулығына қауіпті: гидрогенизделу процесінде трансмайдың 50–60% дейін қалыптасады. Мұндай өнімдерді тұтыну адамның ғұмырын қысқартады. Сөз орайы келгенде трансмайлардың зиянын ең алғаш рет 1990 жылдары голландтық ғалымдардың дәлелдегенін айта кеткіміз келеді. Алайда, сол кезде олардың бұл дәлеліне әлемдік тағам өнеркәсібі назар аударған жоқ. Артынан трансмайларды зерттеуге миллиондаған доллар қаржы бөлінді. Адам организімі мен денсаулығына аса қауіптілігі белгілі болған соң ғана барып оның өзіне түрлі қозғалыстардың пәрменімен оның өндірісі мен тарату ісіне шектеу қойыла бастады. Трансмайлар жоғарыда айтып өткеніміздей, тек жүрек-қан тамыр ауруларын тудырып қоймай, сонымен қатар, сусамыр, бауырды май басу, бедеулік пен белсіздік, Альцгеймер, т.б. секілді аса қатерлі ауруларға бастайды.

0 пікір
Мұрағат