Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,
Сол болар басқадан да жақын кісің.
Ағайынға, туысқа қайырылса,
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.
Еріне аю, баласына қасқыр болса,
Ондай қатын алғанның күні құрсын.
****
Байды құдай атқаны -
Дәулетіне мас болар.
Ханның құдай атқаны -
Қонсысымен қас болар.
Кәрінің құдай атқаны -
Аңдығаны ас болар.
Шал (Тілеуке) Құлекеұлы, Шал ақын (1748, бұрынғы Көкшетау облысы Азат темір жол бекеті – 1819, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы аумағы) — қазақтың төкпе ақыны. Арғын тайпасы Атығай руы Бәйімбет бөлімінен шыққан. Суырып салма ақындық таланты 15 жасында оны даңққа бөлеп, сол кездің өзінде халық Шал ақын ауылы (кәрі, дана) деп атаған.