Сахаба Әбу Зәрр әл-Ғифәридің насихаты
Сахаба Әбу Зәрр әл-Ғифәридің насихаты
7 сағаттан соң 176
islam.kz

Осман ибн Мухаммад аль-Усмани бізге былай деп хабарлады: Абу Бакр аль-Ахвази, ол Хасан ибн Османнан, ол Мұхаммад ибн Идристен, ол Мұхаммад ибн Рухтан, ол Имран ибн Омардан, ал ол Суфян ас-Сауриден мына риуатты жеткізді. Онда былай әңгімеленеді:

Бірде сахаба Әбу Зарр аль-Ғифари (р.а.) Қағбаның жанына тұрып, жұртқа дауыстады:

«Уа, ағайын! Мен — Жундуб аль-Ғифаримін! Сендерге шын жанашыр, ақылшы бауырларыңның сөзіне құлақ түріңдер!» — деді.

Адамдар оны жан-жағынан қаумалап жинала қалды. Содан соң Әбу Зарр сөзін ары қарай жалғап:

— Айтыңдаршы, егер араларыңыздан біреу ұзақ жолға шықпақ болса, өзіне азық дайындап алмай ма? — деп сұрады.

Жұрт: — Әрине, азықсыз жолға шықпайды! — десті.

Сонда Абу Зарр (р.а.): — Ақыреттің жолы — сендер ойлаған кез келген уақытша сапардан әлдеқайда ұзақ әрі азапты. Соған жетерлік азық жинаңдар! — деді.

Адамдар: — Ол қандай азық? Бізге не пайда береді? — деп сұрағанда, ол былай деп өсиет айтты:

Ақыреттің азығы

  • Ауыр күндердің азабынан аман қалу үшін — қасиетті Қажылықты өтеңдер.

  • Сауалы ұзақ, ал ыстығы өрттей Ақырет күні үшін— жаздың аптап ыстығында ораза ұстаңдар.

  • Қабірдің қараңғысы мен жалғыздығынан пана табу үшін — түннің бір уағында тұрып, екі рақағат намаз оқыңдар.

  • Ұлы есеп күнінің ауыртпалығынан аман болу үшін — қайырлы, әрі ізгі сөз сөйлеңдер, немесе жаман сөзден тілдеріңді тартып, тыныш отырыңдар.

  • Таршылық пен қиындықтан аман өту үшін — дүние- мүліктеріңнен садақа беріңдер.

Дүниедегі уақыттарыңды тек екі жиынға арнаңдар:

  • Ақыретіңді түгендейтін жиын;

  • Адал ризық-несібе іздейтін жиын.

Ал үшінші бір жиын тағы бар — ол саған ешқандай пайда бермейді, қайта зиянын тигізеді. Ондай бос отырыс пен жиыннан аулақ бол!

Мұра еткен мал-дүниеңді де екі-ақ дирхам деп біл:

  • Адал жолмен тауып, отбасың мен бала-шағаңа жұмсаған бір дирхамың;
  • Ақыретіңе дайындық ретінде алдын ала жіберген (садақа қылған) екінші дирхамың.
  • Ал үшінші дирхам бар — ол саған зияннан басқа ештеңе әкелмейді, оған қызықпа!

Сөзін аяқтай келе, Абу Зарр (р.а.) бар даусымен айғайлап, халыққа қайта жар салды:

«Ей, адамдар! Дүниеге деген тоймас нәпсілерің мен ашкөздіктерің түптеріңе жетеді! Сендер ешқашан қол жетпейтін арзан дүниенің соңынан жүгіріп, мәңгілік өмірді уыстан шығарып алдыңдар!»1

1Әбу Нәъим әл-Әсфәһәни: «Хилятуль Әулия». - Әбу Зәрр әл-Ғифәри (р.а.).

0 пікір