БҰЛ КІМ? (әңгіме)
БҰЛ КІМ? (әңгіме)
3 сағат бұрын 147
Ғаббас Қабышұлы, жазушы

Газеттің келесі санына берілмек әңгіменің он екі мүшесін түгендеп, арам әріптерінен арылтып, Бөкен оңаша отырған. Қаламы қажеті жоқ тұсқа қыстырыла қалған бір қу үтірге шүйіліп түскен сәтте бөлменің есігі айқара ашылды да, төртпақ жирен жігіт кіріп келді.

— Та-а-ақ, — деді ол Бөкенге бажырая қарап. Төңкерілген түбектей мұрнының етегі делдиіп тұр.

— Бұл редакция ма?

— Иә, редакция.

— «Коммунизм туы» ма?

— Иә, иә.

— Бұл қай бөлім?

— Мәдениет бөлімі ғой.

— Та-а-ақ.

— Төртпақ тырп етпеген қалпында насыбай атым уақыт тұрып, бөлме ішін бұзау көзімен сүзіп шықты. Сосын төргі бос столды мұқыл иегімен нұсқады.

— Анауыңыз кім?

— Рахымды айтам.

— Рахаң командировкада.

— Қайда кетті?

— Күршімге?

— Қашан келеді?

— Алдағы дүйсенбіде.

— Неге кетті? — деді төртпақ, даңғырлай түсіп.

— Мұнша тергегеніңізге жол болсын, — деп Бөкен езу тартты.

— Сен кімсің? — деп төртпақ енді оның өзін тақымдай қалды.

Тергеудің тереңдеуге айналғанын сезген Бөкен бейтаныс мейманның бас-аяғын шолып алды да: — Туысқан-ау, — деді, — тым болмаса сәлемдесіп, танысып дегендей, одан соң...

— «Одан соң!» — деді төртпақ, оның сөзін тіке кесіп, кекесінмен мырс етіп.

— Немене, атыңды айтсаң, ауырып қаласың ба?!

Төртпақ бөтегесін бұлтита бұрып, айналып кетті. Есік жабылмай қалды. Бөкен, біреу төбесіне тоқпақ тастап жібергендей, сілейіп отыр. Қайта дізгеп моншағын тағы шашып алған баладай күйде. Көңілін телефон бөлді.

— Алло!

— Бұл кім? — деді телефондағы тосын дауыс. Бөкеннің көз алдына жаңағы төртпақ жирен қайта келе қалды. — Сізге кім керек еді?

— Әй, сен Бұғаубай емессің бе?

— Бізде Бұғаубай деген жоқ. Бұл «Коммунизм туының» редакциясы ғой.

— Қайдағы редакция?! Маған магазин керек! — деп әлгінің таңдайы тарс айырылды.

— Хош, сау болыңыз, көршілеріңізге сәлем айтыңыз! — деп трубқаны орнына қойып, Бөкен аз-кем күлімсіреді.

Ғ. Қабышұлы, "Мысықта сақал неге жоқ?" әңгіме жинағынан. 1972 жыл. 

 

0 пікір