Бұл мәтін – әйгілі ислам ғалымы Ибн әл-Жаузидің «Сайд ал-хатир» (Көңілдегі толғаныстар) атты еңбегінен алынған үзінді. Онда Аллаға тәуекел ету мен себептерге жүгінудің арасындағы тепе-теңдік туралы терең пәлсапалық ой айтылады.
262. Басыма бір іс түсіп, шын жүрекпен жалғыз Алла тағалаға бет бұрдым. Өйткені маған пайда жеткізетін де, зиянды бетін қайтаратын да Одан басқа ешкім жоқ екенін анық білетінмін. Содан кейін (сол істің оң алуы үшін) қажетті себептерге жүгініп, әрекет ете бастадым. Сол сәтте ішімдегі (жаңсақ) бір сезім маған қарсы шығып: "Бұл ісің — тәуекеліңе нұқсан келтіру ғой!" — деді.
Мен оған былай деп жауап бердім:
"Жоқ, олай емес! Өйткені Алла тағала бұл дүниені белгілі бір хикметпен, себеп-салдар заңдылығымен жаратқан. Ал сенің (әрекетсіз) күйіңнің мәні: «Алланың бекіткен заңдылықтарынан еш пайда жоқ, оның бары мен жоғы бірдей» дегенге саяды (бұл қате)".
263. Шарғи үкімдерде де себептердің орны әрдайым жоғары тұрған. Мысалы, Алла тағаланың (пайғамбарға соғыс майданындағы қауіп-қатер кезінде айтқан) мына сөзі буған дәлел: «Егер олардың ішінде болып, намазға тұрғызғың келсе, олардың бір бөлігі сенімен бірге (намазға) тұрсын және қаруларын асынсын...» (Ниса сүресі, 102-аят). Тағы бір аятта: «(Орған астықтарыңды) масағында қалдырыңдар (сонда бұзылмайды)» (Жүсіп сүресі, 47-аят) — деп, алдын ала шара қолдануды бұйырған.
Тіпті Алланың Елшісі де (с.а.с.) ұрыста үстіне қос сауыт киген және екі бірдей дәрігермен кеңескен. Сондай-ақ, Таиф сапарынан қайтқанда, Меккеге тікелей кіре алмай, Мұтғим ибн Адиге хабар жіберіп: "Мені өз қорғауыңа алшы", — деді. Ал негізінде, Ол ешбір себепке жүгінбей-ақ, тек Аллаға тәуекел етіп те кіре алар еді (бірақ бізге үлгі көрсетті).
264. Егер Шариғат барлық істі белгілі бір себептерге байлап қойған болса, онда менің ол себептерден бас тартуым — Жаратқанның хикметіне (заңдылығына) қарсы шыққандық болар еді. Сондықтан да мен ауырғанда емделуді — мұстахаб (құптарлық іс) деп білемін. Ал менің мәзһабымның негізін салушы (Имам Ахмад ибн Ханбал) емделуден гөрі, оны тәрк етуді абзал көрген. Бірақ қолдағы бұлтартпас дәлелдер бұл мәселеде ол кісіге еруіме жол бермеді. Өйткені сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла қандай да бір дерт түсірсе, міндетті түрде оның шипасын да бірге түсірді. Ендеше, емделіңдер!» — деген.
Мұндағы «емделіңдер» деген сөз — бұйрық райда тұр. Ал егер алдын ала тыйым салынбаған болса, бұйрық сөзі не уәжіптікті (міндеттілікті), не мұстахабтықты (ұнамдылықты) білдіреді. Аиша анамыз (р.а.) да: "Алла Елшісінің (с.а.с.) жиі сырқаттанғанынан және оған жазылған ем-домдардан мен де медицинаны үйреніп алдым", — деген. (Ахмед, "Мүснәд"). Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әли ибн Әбу Талибке (р.а.) бірде: «Мынадан же, бұл саған анаған қарағанда шипалырақ (пайдалырақ)», — деп бағыт берген. (Әбу Дәуід, "Сүнән").
265. Ал «емделуді тәрк еткен абзал» дейтіндер Алла Елшісінің (с.а.с.): «Жәннатқа есепсіз кіретін жетпіс мың адам бар... Олар — (дәнекермен) күйдіріп емделмейтіндер, дем салдыруды (сырқаттан бұрын) сұрамайтындар, ырымға сенбейтіндер және Раббыларына тәуекел ететіндер», — деген хадисін алға тартады.
Бірақ бұл хадис емделуге мүлдем тыйым салмайды. Өйткені ол кезде кейбір адамдар ауырмай тұрып, «алдын ала сақтанамын» деп денесін күйдіретін немесе басына бір пәле келіп қалмасын деп (бақсы-балгерлерге) дем салдыратын (хадистегі тыйым соларға қатысты). Ал Алла Елшісінің өзі (с.а.с.) Асғад ибн Зурараны күйдіріп емдеген және сахих хадисте (шариғатқа сай) дем салуға рұқсат берген. Демек, хадистің шынайы мәні біз жоғарыда түсіндіргендей (жөнсіз емнен сақтануға) саяды.
266. Егер ішімді жүргізу (іш қатудан арылу) қажет екенін түсінсем, емдік білімім маған емен жаңғағын (баланут) жеуге тыйым салады (өйткені ол ішті қатырады), керісінше тамаринд (үнді құрмасы) суын ішудің әлдеқайда пайдалы екенін көрсетеді. Бұл — медицина. Ал енді мен өзіме шипа болатын нәрсені ішпей тұрып: "Уа, Алла! Маған шипа бере көр!" — деп отырсам, маған иләһи хикмет былай деп үн қатар еді: "Сен пайғамбардың: «Түйеңді тұса да, сосын тәуекел ет!» деген сөзін естімеп пе едің?! Алдымен емді іш, содан кейін барып «маған шипа бер» деп дұға қыл! Сен егістігі мен өзеннің арасында бір-ақ уыс топырақ тұрса да, соны қолымен ысыра салуға ерініп, көктен жаңбыр тілеп, тасаттық намазын оқуға тұрған бейбақ секілді болма!".
267. Мұндай әрекетсіз күй — дәл бір жолға ешбір азықсыз, жалаң шыққан жолаушының халіне ұқсайды. Оның азықсыз жолға шығуы — Раббысын (жақсылық жасау-жасамау тұрғысынан) сынап көргісі келгені ма?! Ал негізінде, Алла Тағала Оған: «Жол азығын дайындаңдар (қамданыңдар)...» — деген бұйырған болатын.(Бақара сүресі, 197-аят) Ал ол болса: "Жоқ, мен азық алмаймын!" — дейді. Мұндай адам ажал жетпей тұрып-ақ өзін-өзі құртқан жан. Егер осындай бейқамдықпен шөл далада намаз уақыты кіріп, дәрет аларға су таппай қалса, ол өз салғырттығы үшін айыпталады. Оған: "Шөл далаға кірмей тұрып, қасыңа неге су алмадың?!" — деп кінә тағылады.
268. Сондықтан (діни мәселелерді) тым шұқырлап, ақыр соңында діннің негізгі қағидаларынан шығып кеткен қауымның іс-әрекетінен барынша сақтан, сақтан! Олар діннің кемелдігі — адамдық табиғаттан безу мен Жаратушы бекіткен заңдылықтарға қарсы келу деп жаңсақ ойлады. Егер де (Алла берген) терең білім мен ғылымдағы бекемдік болмағанда, мен бұл мәселенің мән-жайын бұлайша ашып түсіндіре де, өзім ұғына да алмас едім.
Менің меңзеген осы ишарамды жақсылап түсініп ал, бұл сен үшін (бос сөз жазылған) том-том кітаптарды оқығаннан әлдеқайда пайдалы. Әрдайым сыртқы пішін мен құрғақ сөзге алданбай, істің ішкі мәні мен ақиқатын (معاني) іздейтін парасатты жандармен бірге бол!1
1 Абдуррахман ибн Жәузи рахимаһуллаһ (1116-1201ж.): «Сайдуль Хатыр» атты кітабынан. Қазақшалаған islam.kz