Әлемге әйгілі «Financial Times» газетінің бас сарапшысы Мартин Вулф осы жазда оқуға тұрарлық ең үздік кітаптардың тізімін жасапты. Бүгінде дүние жүзінде неше түрлі саяси, экономикалық дағдарыстар болып жатқанда, мына 11 кітап заманның бетін ұғуға таптырмас құрал дейді.
1. «Инновация республикасы» (The Republic of Innovation) – Андреа Капуссила
Кітаптың айтпағы: Нағыз бостандық бар жерде ғана байлық пен даму болады. Мемлекет нарыққа жөнсіз араласпауы керек, бірақ ірі алпауыттардың кішігірім бизнесті тұншықтыруына да жол бермеуі тиіс. Саясат түзелмей, экономика оңбайды.
2. «Шекарасыз ақша» (Money Beyond Borders) – Барри Эйхенгрин
Ежелгі заманнан бүгінгі крипто-валютаға (биткоинге) дейінгі ақшаның тарихы. Бүгінде АҚШ доллары әлемді билеп тұрғанымен, қазіргі жаңа технологиялар мен елдер арасындағы қырғиқабақ соғыс доллардың тағын шайқалта бастағанын баяндайды.
3. «Рецессия» (Recession) – Тайлер Гудспид
Экономикалық тығырықтар мен құлдыраулар туралы жазылған. Автордың ойынша, дағдарыстан қорқудың қажеті жоқ, экономика қанша құлдыраса да, ерте ме, кеш пе бәрібір өз орнына келіп, қайта көтеріледі.
4. «Өркендеудің қос соқпағы» (Two Paths to Prosperity)
Еуропа неліктен Қытайдан озып кетті? Кітап мұның сырын туысқандық пен таныс-тамырлыққа емес, әділ заңдар мен еркін нарыққа сүйенген еуропалық жүйеден іздейді. Арада қандастық байланыс болмаса да, адамдардың ортақ ережеге бағынып жұмыс істей алуы Еуропаны алға сүйреген.
5. «Теңсіздікпен бетпе-бет» (Challenging Inequalities) – Пол Джонсон
Британиядағы байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты 5 жыл бойы зерттеген кітап. Тек байлардан ақшаны тартып алып, кедейлерге үлестіре салу мәселені шешпейді. Ең бастысы — әр адамның нанын адал тауып жеуіне жағдай жасап, адамдық қадір-қасиетін аяқасты етпеу.
6. «Инновацияның қысқаша тарихы» (The Shortest History of Innovation) – Эндрю Ли
Адам баласының тас қашаған дәуірден бүгінгі жасанды интеллектке (роботтарға) дейін қалай дамығаны туралы. Дамудың құпиясы — бірлесіп жұмыс істеу мен ақпарат алмасуда. Бірақ бұл технологиялардың адамзатқа берер пайдасымен қатар, зор қаупі де бар екенін ескертеді.
7. «Ортақ игілік экономикасы» (The Common Good Economy) – Мариана Мадзукато
Экономиканы тек пайда табу көзі емес, бүкіл халықтың қамы үшін қайта құру керек дейтін кітап. Мұнда білім мен ғылым жекеменшік емес, бүкіл халыққа ортақ байлық болуы тиіс және билік пен бизнес халық алдында есеп беріп отыруы қажет.
8. «Қытайдың қираған арманы» (The Broken China Dream) – Миншин Пей
Бұл — өте даулы кітап. Көпшілік нарықтық жүйе Қытайға бостандық пен демократия әкеледі деп ойлады, бірақ олай болмады. Керісінше, бұл реформалар Коммунистік партияның билігін нығайта түсті. Қазіргі заманауи технологиялар халықты одан сайын қатал бақылауда ұстауға қызмет етіп жатыр дейді автор.
9. «Тұрақсыз орталық банктер» (The Unanchored Central Banker)
Мемлекеттердің сыртқы қарызы көбейіп, жаһандық сауда бәсеңдеген сайын, орталық банктердің инфляцияны (қымбатшылықты) ауыздықтауға шамасы жетпей барады. Кітап алдағы уақытта бағаның құбылмалы әрі тұрақсыз болатынын ескертеді.
10. «Күйреу тұзағы» (The Doom Loop) – Ишвар Прасад
Алпауыт елдердің арасындағы бақталастық әлемдік экономиканы құрдымға итермелеп жатыр. Керісінше, әлемді реттеп отыруы тиіс халықаралық ұйымдардың өзі бүгінде жікке бөлініп, дүниені хаосқа (бейберекетсіздікке) қарай сүйреуде.
11. «Біздің заманымыздың Кейнсі» (Keynes for Our Times) – Роберт Скидельски
Атақты экономист Джон Кейнстің идеяларын бүгінгі күнмен байланыстырады. Кітаптың түйіні өте қарапайым: экономиканың, ақшаның, бизнестің ең басты мақсаты — адамның бақытты әрі сапалы өмір сүруіне қызмет ету.
Бонус: «Миллиардерлерге салық салу керек» (We Need to Tax Billionaires) – Габриэль Зукман
Өте бай адамдар өз ақшаларын түрлі шетелдік компанияларға жасырып, мемлекетке тиісті салықты төлемейді. Автор байлығы 100 миллион еуродан асатын алпауыттарға ең кемі 2% салық салуды ұсынады. Тізімді жасаған Мартин Вулф бұл өте әділ әрі қажет бастама деп есептейді.
alarabiya.net араб тілді ақпараттық порталдан аударылды. islam.kz