Той
Той
10 жыл бұрын 7586
Қайрат Жолдыбайұлы

Жаз бен күз айлары тойға толы болады. Аллаға сансыз шүкір,тыныштықтың, бейбіт заманның шарапаты.  Әйтпесе тыныштығы кетіп, сәбилердің күлкісі бұзылған ел болғанымызда қайдағы той! Биыл да бірнеше тойдың қонағы, қуаныштың куәсі болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалатын тойлармен бүгінгі тойда әжептеуір өзгешелік бар. Жалпы тойдың басынан аяғына дейін отыруды ұната бермеймін. Дос-жаранның көңілі үшін барып, қуаныштарымен құттықтап, сыйлығымды тапсырып, ыңғайы келгенде рұқсат сұрап кетуге әзір тұрамын. Оқудан алғаш келген кезімде той атаулыға дәл шақырылған уақытында жетіп баратынмын. Сол баяғы уәдеде тұру, уақытты ысырап қылмау, мұсылман деген пунктуальный болуы тиіс деген жақсы ойдан. Бірақ мен асығып-үсігіп барған тойдың барлығы кем дегенде екі сағат кешігіп басталып жатты. Өзгені күткізбейін дегенде өз уақытымды ысырап қылып, есік алдында жалғыз өзің сопайып тұрғаның. Тіпті той иелері мына кісі неменеге ерте жетіп келген дегендей өзіңе бір түрлі қарайтын секілді. Сөйтсем қазекемнің  бес дегені жеті екен. Сосын мен де дәл уақытында екі сағаттан кейін баратынды шығардым. 

Алғашқы кездері дінге ден қойған көп жастар шарасыздықтан ақыл сұрап маған жиі келетін. Айтатындары үйлену тойымды жасамақшы едім, ата-анам: "арақсыз той болушы ма еді, ел не дейді, ұят емес пе?- деп тойымда арақ қоюды шарт қойып жатыр. Сосын ата аналарына "Тойда небір жақсы тілектер айтылып, баталар беріледі. Арақ құйылған тойда соның біреуі де қабыл болмайды. Ұл-қызыңыз бақытты болсын десеңіз адал дастархан жайыңыз.  Қазақ ғасырлар бойы арақсыз-ақ қымыз, шұбатымен қызын ұзатып, ұлын үйлендіріп отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізді емес пе?" - дегендей сөздермен түсіндіріп әлек болушы едік. Он неше жыл бұрын туған ағамның тойын арақсыз өткіздік. Ертесі ағамды бір досы көшеде көріп қалып: "кешегі берген құдайы тамағың жақсы өтті" - деп мазақ еткені бар. Бүгінде Құдайға шүкір арақсыз өтетін дастарханы адал тойға ешкім жатырқай қарамайды. 

Тағы бір жақсы өзгеріс қалыңдықтың той көйлегінде. Бұрын жаппай батыстың жыртық ақ көйлегін киетін. Ал қазір қазақтың бүрме етек көйлегі мен әдемі сәукелесін кие бастадық. Тәуба! Басымызды тік ұстап, мақтанышпен киетін киім үлгісі. Неткен әсем киім! Ұзатылар қызына осындай көркем киім тіккен ата-бабамызға мың алғыс!

Тойдағы тағы бір жақсы өзгерісті бір неше жыл бұрын белгілі спортшы Ардақ Назаров бауырымыз  өзінің үйлену тойында жасады. Той соңында таратылатын  үстінде от жанған тортты беруден бас тартты. "Торт үстіндегі отты үрлеп өшіргенде, өз ошағымның отын өшіргендей күй кешемін. Сосын оны ата-анамыздың аузына кішкентай бала секілді тықпылап жатқанымыз ерсі көрінеді. Одан да қазақта "келін шай" деген бар.  Ендеше келіндері той үстінде шай құйып, үлкендердің батасын алсын дегені бар. Кешегі қатысқан тойда да осы жақсы өзгерістің жалғасын тапқанына куә болдым. Белгілі өнер адамы Бекжан Тұрыс ағамыз талай тойды осылай өткізіп жүргенін айтты. Алла разы болсын!

Тойдың ендігі бір өзгерісті қажет етіп тұрған тұсы, тойшы қауымның бірі қалмай ортаға шығып, бірінің сөзін бірі қайталап ұзыннан ұзақ сөз сөйлеуі. Тіпті қателікпен ортаға сөз сөйлеуге шықырылмай қалса, əжептеуір ренжіп қалатындары тағы бар. Олардың сөйлеген сөзін тыңдап жатқан кісі болсашы. Мұны да өзгертуіміз қажет. Тойда кейбір адамдарға сөз сөйлетіп, тілек айтқызу қажет шығар. Бірақ тойды бастан аяғына дейін жиналысқа айналдырмау ләзім. Құдайға шүкір сана өзгерген сайын тойдың мазмұны да өзгеріп келеді. 

0 пікір