Зікір салудың дәлелі қандай?
Зікір салудың дәлелі қандай?
9 жыл бұрын 33268
Қайрат Жолдыбайұлы

Зікір салудың дінімізде дәлелі бар ма? Жалпы зікірдің адамға қандай пайдасы бар? Жамағатпен яки алқа түрінде зікір салу жайлы пікір білдірсеңіз?

Зікір сөзі «еске алу», «еске түсіру» деген мағынаны білдіреді. Құранның «Сөзсіз, Біз Зікірді (Құранды) түсірдік. Біз оны өзіміз сақтаймыз»1 деген аятында зікір сөзі «Құран» мағынасында қолданылса, «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намазға азан шақырылғанда (намаз және құтпа арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар!»2 деген аятында «жұма намазы» мағынасында келген. Сондай-ақ «Білмесеңдер, онда зікір (білім) иелерінен сұраңдар»3 делінген аятта «білім» мағынасында қолданылған. Ал Құранның көпшілік аяттарында «зікір» сөзі «субханалла», «әлхамдулилла», «лә иләһа иллалла» деген сияқты зікірлерді айтуды білдірген. Мысалы, «Намаздарыңды өтегеннен кейін Алланы тұрып та, отырып та, жантайып та зікір етіңдер»4, «Уа, иман келтіргендер! Алланы көп зікір етіңдер! Оны ертелі-кеш (субханалла деп) ұлықтаңдар!»5, «Аллаға иман келтіргендер және Алланы зікір етумен жүректері жай тапқандар, біліп қойыңдар, жүректер Алланы зікір етумен жай табады»6, «Ертелі-кеш раббыңның атын зікір ет!»7, «Алланы көп зікір еткен ерлер мен әйелдерге Алла Тағала өзінің кешірімі мен үлкен сый әзірледі»8 деген тәрізді көптеген аяттарды келтіруге болады. Зікір мағынасында келген басқа да аяттар жетерлік. Сондай-ақ Алла елшісінің зікірдің артықшылығы мен сауаптылығын білдіріп жеткен хадистері де өте көп. Мысалы, Әбу Мұса әл-Әшғаридан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: ِ مَثَلُ الّذِي يَذْكُرُ رَبّهُ وَالّذِي الَ يَذْكُرُ رَبّهُ مَثَلُ الْحَيِّ وَالْمَيِّت «Раббысын үнемі зікір ететін адам мен зікір етпейтіннің мысалы тірі мен өліге ұқсайды»9. Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Алла Тағала былай дейді: Мен мені зікір етіп, екі ерні қимылдағанмен біргемін» – дейді. Әнас ибн Мәліктен риуаят етілген тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деді: َ ِإِذَا مَرَرْتُمْ بِرِيَاضِ الْجَنّةِ فَارْتَعُوا قَالُوا وَمَا رِيَاضُ الْجَنّةِ قَال حِلَقُ الذِّكْر «Егер жұмақ бақтарының бірінің жанынан өтсеңдер, пайдаланып қалыңдар. Уа, Алланың елшісі «жұмақтың бақтары» деп нені меңзедіңіз? деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Зікір алқалары» деп жауап берді»10. Хадис дәрежесі «хасан».

 أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي وَأَنَا مَعَهُ إِذَا ذَكَرَنِي فَإِنْ ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلٍَ ذَكَرْتُهُ فِي مَلٍَ خَيْرٍ مِنْهُمْ وَإِنْ تَقَرّبَ إِلَيّ ًبِشِبْرٍ تَقَرّبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا وَإِنْ تَقَرّبَ إِلَيّ ذِرَاعًا تَقَرّبْتُ إِلَيْهِ بَاعًا وَإِنْ أَتَانِي يَمْشِي أَتَيْتُهُ هَرْوَلَة

Әбу һурайрадан риуаят етілген құдси хадисте Расулалла (с.а.у.) Алла Тағаланың былай дегенін айтты: «Мені құлым қалай ойласа, солай боламын. Мені ол зікір етсе, мен де оны ескеремін. Егер ол мені іштей есіне алып зікір етсе, Мен де оны іштей ескеремін. Егер мені көпшіліктің алдында еске алып зікір етсе, Мен де оны одан да қайырлы көпшіліктің құзырында ескеремін. Егер ол маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақ көлеміндей жақындаймын. Ал маған шынтақ көлеміндей жақындаса, Мен оған құлаш көлеміндей жақындаймын. Егер ол маған жүріп келсе, Мен оған жүгіре жетемін»11. Әнас ибн Мәлік Алла елшісінің (с.а.у.): «Қандай да бір қауым тек қана Алланың разылығын қалап, Алланы зікір етуге жиналатын болса, аспаннан бір шақырушы: «Күнәларың кешірілген күйде орындарыңнан тұрыңдар. Алла сендердің жаманшылықтарыңды ізгілікке айналдырды» деп дауыстайды», – дегенін жеткізді. Бұхари мен Муслимде Әбу Һурайра Алла елшісінен (с.а.у.) мынандай хадис риуаят етті: «Жолдарды айналып зікір иелерін іздеп жүретін Алланың періштелері бар. Егер олар Алланы зікір етіп отырған бір қауымды кездестіртін болса, мында қажеттеріңе келіңдер деп бір-бірін әлгі жерге шақырады. Сөйтіп олар дүние аспанына дейін оларды қанаттарымен қоршап жауып тұрады. Алла Тағала зікір етіп отырғандардың жағдайын періштелерден де жақсы біле тұра олардан:

– Құлдарым не деп жатыр? – деп сұрайды. Періштелер: – Олар сені (субханалла деп) пәктеп, (Аллаһу әкбар деп) ұлықтап, саған (әлхамдулилла деп) мадақ айтып, Сені дәріптеп жатыр (тәмжиид). Сонда Алла Тағала: – Олар Мені көріп пе еді? Періштелер: – Уаллаһи, олар Сені көрген жоқ. Алла Тағала: – Мені көрсе, қалай болар еді? Періштелер: – Егер Сені көргенде, олардың саған деген құлшылықтары, саған мадақ айтулары, сені ұлықтаулары бұдан да арта түсер еді. Алла Тағала: – Олар менен не тілейді? Періштелер: Олар жұмақты сұрайды. Алла Тағала: – Олар жұмақты көріп пе еді? Періштелер: – Жоқ, уаллаһи, уа, Раббымыз! Олар оны көрген жоқ. Алла Тағала: – Ал енді көрсе қалай болар еді? Періштелер: – Егер олар оны көргенде бұдан да ынтық, бұдан да талапты болар еді. Алла Тағала: – Олар неден сақтанады? Періштелер: – Тозақта отқа түспеуді, содан аман қалуды сұрайды? Алла Тағала: – Олар оны көрді ме? Періштелер: – Уаллаһи, олар оны көрген жоқ. Алла Тағала: – Ал олар оны көрсе, қалай болар еді? Періштелер: – Олар отты көргенде, бұдан да көбірек қашып, бұдан да артық қорыққан болар еді. Алла Тағала: Сендерді куәгер етейін, Мен олардың бар күнәларын кештім. Сонда періштелерден бір періште: – Араларында пәленше олардан емес, тек өзінің бір қажеті үшін келген еді. Алла Тағала: – Олар сондай бір қауым – олармен (қандай ниетпен болса да) бірге отырған адам ешқашан бақытсыз болмақ емес (сондықтан оны да кештім)»12. Байқағанымыздай, тілмен айтылатын зікірдің сауаптылығы мен пайдаларын білдіріп келген аяттар мен хадистер өте көп. Олардан Алланы тек оймен еске алуды, Алла жайлы әңгіме-уағыз айтуды, Құран оқуды ғана түсінуге ешқандай негіз жоқ. Әсіресе, дәлел ретінде келтірілген Бұхари мен Муслимде кездесетін соңғы хадисте зікірдің «субханалла», «әлхамдулилла», «Аллаһу әкбар» деген секілді қалыптары анық айтылған, тіпті жалғыз емес, жамағатпен де жасалатындығы нақты көрсетілген. Зікір айту сопылық тариқаттарды былай қойғанда, әрбір қарапайым мұсылманның күнделікті өмірінде әдетке айналдыруы тиіс өте сауапты амал. Барлық сопылық тариқаттарда жүректі тазалап, рухани кемелденудің негізі ретінде зікір айту кеңінен қолданылады. Себебі зікір әрдайым кісінің Алламен байланысын жаңартып, тіл мен жүрегін зікірдегі мағынаға біріктіреді. Тілімен айтылған мағынаны жүрегіне, тұтас бойына сіңдіреді. Жүректі жұмсартып, оны қараюдан сақтайды. Кісіні құлшылыққа ынталандырып, сергітеді. Материялық дүниенің қыспағында қалған жүректі азат етіп, көкірек көздің ашылуына ықпал жасайды. Әрине, айтылатын зікірдің мән-мағынасын білудің аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Имам Әбул-Қасимәл-Қушайри зікірдің маңыздылығы жайлы: «Зікір – Субаханаһу уа тағалаға жүретін жолдың ең мықты ұстыны, ең бекем тірегі. Аллаға тек әрдайым зікір айтумен ғана ұласуға болады»13 деген. Ал Ибн Аббас (Алла одан разы болсын!): «Алла Тағала зікірден тыс қандай ғибадатты парыз еткен болса, оның белгілі бір мөлшері мен шегін қойды. Сосын үзір жағдайында үзір иелеріне жеңілдік берді. Ал зікір болса, оның белгілі бір мөлшері мен шекарасы жоқ. Ақылдан алжасудан тыс кез-келген үзір жағдайында үзір иелеріне ешқандай жеңілдік берген жоқ. Барлық жағдайда зікір етуді бұйырды. Алла Тағала: «Алла Тағаланы тұрып та, отырып та, жантайып та зікір етіңдер» деді. Сосын Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Алланы көп зікір етіңдер! Оны ертелі-кеш (субханалла деп) пәктеңдер!»14 деген. Яғни, түнде де, күндіз де, жерде де, суда да, сапарда да, жай уақытта да, молшылықта да, таршылықта да, сау кезде де, ауру жағдайында да, жасырын да, жария да, жалпы барлық жағдайда Алланы зікір етіңдер» деген15. Ибн Қайм әл-Жәузи былай дейді: «Мыс пен күміс және басқаларының тотығуы секілді жүректі де тот басады. Ал оның тоты зікірмен тазарып, айнадай жарқырайды. Жүректің тот басуы зікірді тастау және күнә істеумен болады. Ал оның тазаруы зікір және истиғфармен (кешірім тілеу) жүзеге асады. Ал кімнің зікірсіз, ғафыл өткен уақыты көбірек болса жүрегі де үсті-үстіне тот баса береді. Яғни, жүрегінің тотығуы зікірсіздігі мен ғапылдығына қарай болады. Ал кімнің жүрегі тотықса, жүрек айнасында ақиқаттар өз бейнесінде көрінбейді. Сөйтіп иесі дұрыс емес нәрсені ақиқат бейнесінде, ал ақиқатты бұрыс кейіпте көре бастайды. Өйткені жүрек тотыққан сайын тотығып, қараюы қалыңдай түссе, жүрек айнасы ақиқаттарды өз бейнесінде көрсетпейтін болады. Тотығу қалыңдаған сайын жүрек қараяды. Ал ондай жүректің қабылдау түйсігі бұзылады. Нәтижесінде ақиқатты мүлдем қабылдамайтын, ал жаманға ешқашан қарсы шықпайтын кеселге шалдығады. Міне, бұл жүрекке берілген ең үлкен жаза»16.

Жария және іштей зікірдің қайсысы абзал? Зікір дауыстап та, іштей де айтыла береді. Қадария, Шәзилия секілді тариқаттар жария айтуды көбірек қолданса, Нақшыбандилер іштей айтуды таңдаған. Бұхаридың жинағында келген риуаяттан Алла елшісінің (с.а.у.) заманында да зікірді дауыстап айтудың бар екеніне куә боламыз.

أَنّ رَفْعَ الصّوْتِ بِالذِّكْرِ حِينَ يَنْصَرِفُ النّاسُ مِنْ الْمَكْتُوبَةِ كَانَ عَلَى ُعَهْدِ النّبِيِّ صَلّى اهللُّ عَلَيْهِ وَسَلّمَ وَقَالَ ابْنُ عَبّاسٍ كُنْتُ أَعْلَمُ إِذَا انْصَرَفُوا بِذَلِكَ إِذَا سَمِعْتُه

Ибн Аббастан жеткен бір хадисте: «Адамдардың парыз намаздарын бітіргеннен кейін зікірді дауыстап айтуы – Алла елшісінің (с.а.у.) заманында бар болатын. Ибн Аббас: «Мен дауыстап айтылған зікірді естіген сәтте олардың намаздарын тәмамдағандықтарын білетінмін» деді»17. Әсілінде, зікірдің жария яки іштей айтылуы адамдардың табиғаты мен мінезіне, әртүрлі жағдайға байланысты да өзгеріп отырады. Мәшһүр ханафи ғалымы Ибн Абидин өзінің «Хашиясында» бұл жайлы былай дейді: «Құранды жария да, іштей де оқуды білдіріп келген хадистер тәрізді зікірді жария да, іштей де айтуды қажет ететін хадистерді бір-бірімен сабақтастырып түсінуге болады. Егер жария зікір ету риядан (көзбояшылықтан) сау болса, немесе басқа намаз оқып тұрғандарға бөгет жасамайтын әрі ұйықтап жатқандардың мазасын алмайтын болса онда жария зікір – «іштей зікір ету – зікірдің ең қайырлысы» деген хадиске қайшы келмейді. Кейбір ғалымдар жария зікірдің абзалдығын айтқан. Өйткені жария зікірде амал көбірек болады. Сондай-ақ оның пайдасы тыңдаушыларға датиеді. Зікір айтушының жүрегін оятады әрі ерік-жігерін белгілі бір пікірге шоғырландырып, ойын айтылған мағынаны тыңдауға бұрады. Ұйқысын оятып, белсенділігін арттырады». Имам ән-Науауи: «Зікір жүрекпен болатыны секілді тілмен де болады. Ең абзалы, зікірдің жүрекпен әрі тілмен бірге болғаны. Егер екеуінің біреуімен ғана жасайтын болса, онда жүрекпен жасалған зікір абзал болады. Сосын риядан қорқып, тілмен зікір айтуды тастауға болмайды. Тілмен де, жүрекпен де айтқан дұрыс. Әрине, бұлардың бәрінде тек Алланың разылығын мақсат ету ләзім»18. Зікірдің нақты сандары бола ма? Сопылық тариқаттарда «мына зікірді күніне 100 рет, ал мынаны 1000» рет айту қажет деп кейбір зікірлерді санмен белгілеп, мүридтерді міндеттеп жатады. Білейін дегенім, зікірді белгілі бір санмен белгілеп, айтқызудың шариғатта негізі бар ма? Намаз соңындағы 33 рет «субханалла», 33-рет «әлхамдулилла», 33-рет «Аллаһу әкбар» деп белгілі бір мөлшерде тәспі тартудың сауаптылығын айтқан хадистен көпшілігіміз хабардармыз. Бұдан өзге де зікірлерді белгілі бір мөлшер, санмен айту Алла елшісінің (с.а.у.) бірқатар хадистерінде білдірілген. Мысалы, Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу ләә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа ъала кулли шаийн қадиир» деп күнде 100 мәртеден қайталап айтатын болса, оған жүз құлды азат еткеннің сауабы және жүз жақсылық жазылады. Жүз жаманшылығы өшіріліп, сол күні кеш батқанға дейін шайтанның кесірінен аман болады. Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды»19 деді. Бұл хадисте аталған дұғаны 100 мәрте айту меже ретінде көрсетілсе де, бұл мөлшерден асырып айтуға еш бөгет жоқ, тіпті сауап. Хадис соңындағы «Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды» делінген сөйлемнен осыны аңғаруға болады. Алла елшісі (с.а.у.): «Әй, иман келтіргендер, Аллаға тәуба етіңдер. Мен күніне жүз мәрте истиғфар айтамын», – деп, өзінің де бір зікір-дұғаны белгілі мөлшерде айтатындығын меңзеген. Басқа бір хадисте Хақ елшісі (с.а.у.): «Күніне мың жақсылық жасауға сендердің шамаларың келе ме? Бірге отырғандардың біреуі: «Біз қалай мың жақсылық жинай аламыз?» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жүз рет Алланы (субханалла деп) пәктейтін болса, оған мың жақсылық жазылады немесе мың қатесі өшіріледі»20, – деген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім жүзрет «Субханаллаһи уа бихамдиһи» деп айтатын болса, оның теңіздің көбігіндей қателері болса да кешіріледі»21, – делінген. Хадис жинақтарында жоғарыда мысал ретінде келтірілген дұға-зікірлерден тыс Алла елшісінің (с.а.у.) басқа да түрлі дұғаларды белгілі мөлшерде айтуға шақырған хадистері жеткілікті. Алла елшісінің (с.а.у.) әр жағдайларда айтқан, сауаптылығын көрсетіп айтып жүруге шақырған барлық дұға-зікір, мінәжаттарды, салауаттарды бір күнде яки белгілі бір уақытта толықтай қамтып айту мүмкін емес. Сондықтан әркім өзінің рухани қажетіне, білім деңгейі мен жағдайына қарай сол дұға зікір, салауаттардан таңдап, өзінің күнделікті дағдысына айналдырып оқығаны жақсы. Белгілі бір уақыттан кейін мүмкіндігіне қарай ауыстырып отырған да дұрыс. Кәміл мүршид әр мүридтің жеке жағдайына, рухани деңгейіне, тіпті мінез-табиғатына, бағындырған мақамдарына, рухани күйіне қарай дұға-зікір, салауат түрлерін және олардың мөлшерін белгілеп отырады. Мүридтің деңгейі көтерілген сайын мөлшерін көбейтіп немесе ауыстырып отырады. Кісі белгілі бір зікірді көп мөлшерде тілмен қайталап айту арқылы мағынасын жүрекке орнықтырып, табиғатына сіңдіреді.

1 «Хижр» сүресі, 9-аят.
2 «Жұма» сүресі, 9-аят.
3 «Әнбия» сүресі, 7-аят.
4 «Ниса» сүресі, 103-аят.
5 «Ахзаб» сүресі, 41-42 аят.
6 «әр-Рағыд» сүресі, 28-аят.
7 «Али Имран» сүресі, 41-аят.
8 «Ахзаб» сүресі, 35-аят.
9 Бұхари
10 әт-Тирмизи
11 Бұхари және Мүслим.
12 Бұхари және Мүслим.
13 Имам Әбул-Қасим әл-Қушайри, әр-Рисалатул-Қушайрия.
14 «Ахзаб» сүресі, 41-42 аят.
15 Абдул-Қадир Иса, Хақайқ анит-тасаууф, «Мұқаттам» баспасы, Каир, 2005ж. 102-бет.
16 Ибн Қаийум әл-Жаузия, Әл-уаабилус-саййб минал-калимит-таййб.
17 әл-Бұхари.
18 Абдул-Қадир Иса, Хақаиқ анит-тасаууф, «Мұқаттам» баспасы, Каир, 2005 ж.111-бет.
19 Бұхари және Мүслим.
20 Мүслим.
21 Бұхари және Мүслим.

4 пікір
  • Оte tusinikti zhazylgan! Shirkin adamdar zikirdin kudiretin bilse goi,uakyttaryn bos otkizbec edi! Okiniwti, kop adamdar uakyttaryn bos otkizip jatyr!
    9 жыл бұрын
  • Сонымен айқайлап салу керек па зікірді,мешіттің ішінен айналып шешендер сияқты,түсіндіріп жазыңыздарш
    9 жыл бұрын
    • Мақаланы қайта бір оқып шығыңыз, қысқасы егер сіздің зікіріңіз қасыңыздағы адамдарға кедергі келтіретін болса онда іштей айтылғаны абзал делінген! Сондай-ақ отырып та, тұрып та зікір жасасаңыз болады делінген.
      Мақаланы жазған бауырымызға Аллаһ разы болсын!
      8 жыл бұрын
  • http://muslim.kz/kk/article/111-qairat-joldybaiuly-sopylyq-joly-auyr-jol-ustansan-ony-tauir-jol.html
    8 жыл бұрын