Абдулла ибн Масғұд (р.а.)
Абдулла ибн Масғұд (р.а.)
9 жыл бұрын 5466
Бердібек Мәсенов

Ол Ислам дінін ең алғаш қабылдаған кісілердің бірі. Мұсылмандықты алғаш қабылдаған алты кісінің қатарына кіреді. Лақап аты − Әбу Абдуррахман. Меккеде Пайғамбарымыздан кейін Құранды ашық оқыған алғашқы кісі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әрқамның үйіне кірмей тұрып Исламды қабылдаған. Ислам туралы алғашқы мәліметтерді Әрқамның үйінде естіді. Құранды мәнерлеп оқитын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның Құран оқығанын ұнататындықтан, оған әркез Құран оқытатын.

Бойы қысқа, арықша келген кісі еді. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны ағашқа шығарған болатын. Сахабаларымыз оған төменнен қарағанда, аяқтары сидиып, көзге қораш көрінді. Бұған күлгендерге Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неге күлесіңдер? Қиямет күні Абдулланың аяқтары мизан таразысында Ұхыд тауынан да ауыр тартады» деді. 

Исламды қабылдағаннан кейінгі уақытта Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір елі ажырамады. Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысты. Өзіне еркін келіп-кетуі үшін Алла елшісі оған арнайы рұқсатын берген. Осы рұқсатпен Пайғамбарымызға ерекше жақын болған әрі осы мүмкіндікті осы дүние әрі ақырет үшін өте тиімді пайдалана білген. Халық оған Пайғамбарымыздан ең көп үлгі-өнеге көрген жан ретінде қарайтын. Тіпті пайғамбар жанұясының бір мүшесі шығар деп те қалатын.

Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) былай деуде: «Бауырым екеуміз Йеменнен Мәдинаға хижрет еткенімізде Пайғамбарымыздың үйіне жиі әрі емін-еркін кіріп шығатындарына қарап, Ибн Масғұд пен анасын сол шаңырақта бірге тұратын шығар деп ойлап қалдық».

Болашақта үлкен жауапты міндеттер атқаратын болғандықтан, соған қажетті қасиеттерді бойға сіңіру үшін Алла елшісі оны өзіне ерекше жақын ұстаған. Өзімен жиі кездесіп, тіке өз аузынан хадистерді естуіне жағдай туғызған. Абдулла ибн Масғуд Алла елшісінен жай кезде де, сапарларда да еш айрылмаған. Ұйықтаған уақыттарында Пайғамбарымызды (с.а.у.) сол оятатын. Алла елшісімен бірге жүріп, артынан еріп отыратын. Сапарға шыққан уақыттарда Пайғамбарымыздың торсығын, аяқ киімі мен төсегін алып жүретіндіктен, оған «сахибун-нағлайн уәл-уисад уәл-митхара» деген ат берілген. 

Бәдір шайқасының алдында Пайғамбарымыз (с.а.у.) Абдулла ибн Масғұдты Аммар ибн Ясирге (р.а.) қосып, екеуін дұшпандар жағынан тіл әкелуге жұмсаған. Бұл оның алғашқы стратегиялық міндеті еді.

Хазірет Омар (р.а.) Куфа әкімі Сағыд ибн Әбу Уаққасты (р.а.) міндетінен босатқанда, Аммар ибн Ясир мен Абдулла ибн Масғұдқа (р.а.) міндет берді. Куфа басқаруға қиын аймақ еді. Қоныстанып барушылар көп болғандықтан, космополит сипатта еді. Хазірет Омар (р.а.) Куфаға Аммар ибн Ясирді (р.а.) әкім ретінде, Абдулла ибн Масғұдты ұстаз, дауға үкім жүргізетін би әрі қазынаға жауапты адам ретінде тағайындаған. Бұған қоса, Хазірет Омар хат жолдап, хатында былай деген: «Сендерге Аммар ибн Ясирді басшы ретінде, Абдулла ибн Масғұдты ұстаз әрі көмекші уәзір ретінде жіберіп отырмын. Ол екеуі сахабалардың таңдаулыларына жатады әрі Бәдірге қатысқан сахабалардан. Бұдан бөлек, Абдулла ибн Масғұдты қазынаға жауапты еттім. Олардан ілім үйреніңдер, екеуіне бағыныңдар. Абдулла ибн Масғұдты сендерді өзімнен артық көргендіктен жіберіп отырмын». 

Абдулла ибн Масғұд (р.а.) ұзақ жылдар бойы Куфада қызмет атқарды. Куфа халқы оны алақанында ұстап, ерекше жақсы көрді. Абдулла ибн Масғұдтың себепкерлігімен көп жылдардан кейін Куфа ілім ошағына айналды. Исламның өмір салтына айналуы әрі құқықтық мекеме ретінде орнығуы тұрғысынан Куфа Мәдина секілді бір салаға айналды.

Ислам құқығының жүйеленуіне үлкен еңбек еткен Абдулла ибн Масғұд (р.а.) хижреттің 32 жылы Мәдинада өмірден өтті. Алла елшісімен 23 жылды бірге өткізген ол 800-ге жуық хадис риуаят етті. Алла сахабалардың баршасына разы болсын!

0 пікір