Әттахиятта саусақ үнемі қимылдап тұру керек пе?
Әттахиятта саусақ үнемі қимылдап тұру керек пе?
11 жыл бұрын 14274
Қайрат Жолдыбайұлы

Мешітте намазда «әттахиятқа» отырғанымда жанымдағы кісі оң қолының сұқ саусағын көтеріп, оны жоғары-төмен үздіксіз қимылдата бастады. Намаз бойы ойым бұзылып, расын айтайын, әлгі кісіге ашуым келді. Кейін сұрағанымда, бұлай істеу Алла елшісінің сүннеті, саусағыңның қимылы – ол шайтанның басына ұрылған темір тоқпақ деді. Осы сөз рас па?

Намазда әттахият дұғасының «иллаллаһ» яғни, «Тек қана Алла бар» деген жерінде сұқ саусақты көтеріп, Алланың бір, дара екендігін ишарат ету барлық мәзһабтарда мұстахаб амал. Яғни істесең сауап, істемесең күнә емес. Ханафи мәзһабындағы айырмашылық мынау: сұқ саусақ «Лә иләһа» деген кезде көтеріліп, «иллаллаһ» деген кезде түсіріледі. Сұқ саусақты көтеріп, ишарат ету «Алладан басқа тәңір жоқ» деген  мағынаны қуаттау үшін жасалады.

Ал енді сауалда сұралған намазда сұқ саусақты көтеріп, оны үздіксіз қимылдату мәкрүһ амалға жатады.

Шафиғи мәзһабының белді ғалымы Имам Мұхиддин ән-Науауи өзінің «әл-Мәнсуураат фи ъуюунил-масаайлил-муһиммат» атты фатуа жинағында: «Тәшаһһүдте оң қолдың сұқ саусағымен ишарат ету мұстахаб амал ма? Және қай уақытта ишарат етіледі? Және саусақты үздіксіз  қимылдатады ма? Жоқ әлде үздіксіз қимылдату арқылы намаз бұзылады ма? Және оң қолмен қатар сол қолдың да сұқ саусағымен ишарат жасалады ма? Егер оң қолдың сұқ саусағы жоқ болса, сол қолдың сұқ саусағымен ишарат жасауға болады ма?» деген сұрақтарға былай деп жауап берген: «(Әттахият дұғасындағы) «иллаллаһ» сөзінде бір рет оң қолдың сұқ саусағын көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат жасау  мұстахаб. Бірақ оны қайта-қайта  қимылдатпайды.  Егер үздіксіз қимылдатса намазы бұзылмағанымен мәкрүһ болады. Намазы бұзылады деп те айтқандар  бар. Оң қолдың сұқ саусағы бар болса да, жоқ болса да сол қолдың сұқ саусағымен ишарат жасалмайды. Ал егер жасайтын болса, намаз бұзылмағанмен мәкрүһ болады» [1]

Ал ханбали мәзһабының ғұламасы Ибн Құдама өзінің «әл-мұғни» атты мәшһүр кітабында былай дейді: «Тәшаһһұдта (иллаллаһ деп) Алланы айтқан кезде сұқ саусақты көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат жасайды. Өйткені Абдуллаһ ибн Зубайрдан Алла елшісінің саусағымен ишарат қана жасайтыны және оны үздіксіз қимылдатпайтындығы риуаят етілген.» [2]

Сондай-ақ, ханбали мәзһабының белді ғалымдарының бірі Мансур ибн Юнус ибн Идрис әл-Бәһути өзінің «әр-Раудул-мұраббаъ» атты кітабында былай дейді: «Намаздың тәшаһһүдінде және дұғасында уа һәм басқа жердегі дұғаларда да (иллаллаһ деп) Алланың аты айтылған кезде Алланың бір екендігін білдіру мақсатында сұқ саусақпен ишарат жасайды. Бірақ сұқ-саусақты үздіксіз қимылдатпайды». [3]

Мәлики мәзһабындағы танымал фәтуа бойынша сұқ саусақ үздіксіз қимылдатылмайды, тек ишарат етіледі. Бұл жайлы мәлики ғалымы Имам Ибнул-Хажиб өзінің «Мұхтасарында» айтып өткен. [4]

Бұл міне сұқ саусақты үздіксіз қимылдатудың мәкрүһ амал екендігіне байланысты мәзһаб ғұламаларының берген жауабы. Сұқ саусақтың үздіксіз қимылдату емес, тек қана жоғары көтеріп Алланың бір екендігіне ишарат жасалатындығына байланысты сахих Муслимде ибн Омардан мынандай хадис риуаят етілген:

عَلِيِّ بن عبد الرحمن الْمُعَاوِيِّ أَنَّهُ قال رَآنِي عبد اللَّهِ بن عُمَرَ وأنا أَعْبَثُ بِالْحَصَى في الصَّلَاةِ فلما انْصَرَفَ نَهَانِي فقال اصْنَعْ كما كان رسول اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  يَصْنَعُ فقلت وَكَيْفَ كان رسول اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  يَصْنَعُ قال كان إذا جَلَسَ في الصَّلَاةِ وَضَعَ كَفَّهُ الْيُمْنَى على فَخِذِهِ الْيُمْنَى وَقَبَضَ أَصَابِعَهُ كُلَّهَا وَأَشَارَ بِإِصْبَعِهِ التي تَلِي الْإِبْهَامَ وَوَضَعَ كَفَّهُ الْيُسْرَى على فَخِذِهِ الْيُسْرَى

Али ибн Абдиррахман әл-Муъауий былай деді: «Абдулла ибн Омар менің намазда кішкентай тастармен ойнап отырғанымды көрді.  Намаз біткен соң ол мені бұл істен тыйды да: «Алла елшісінің (с.а.у.) істегеніндей істе!» - деді. Мен: Алла елшісі қалай жасайтын еді? - дедім. Ол былай деді: «Алла елшісі намазда отырған кезде оң алақанын оң санының үстіне қойып, саусақтарын жиып, сұқ саусағымен ишарат ететін. Ал сол алақанын сол санының үстіне қоятын.» [5]

Сондай-ақ, Абдуллаһ ибн Зубайрдан риуаят етілген хадисте саусақтың үздіксіз қимылдатылмайтындығы анық айтылған.

عن عبد الله بن الزبير أنه ذكر أن النبي  صلى الله عليه وسلم  كان يشير بأصبعه إذا دعا لا يحركها

Абдуллаһ ибн Зубайрдан риуаят етілді. Ол былай деді: «Алла елшісі дұға жасағанда (намазда әттахият дұғасын оқыған кезде) саусағымен ишарат ететін де оны үздіксіз қимылдатпайтын.» [6]

Имам Мұхиддин ән-Науауи Насайде және Әбу Дәуідте келген бұл хадисті «сахих» деп бағалаған. [7] Сондай-ақ, бұл хадисті әл-Бәйһақи, ибн Хиббан, әз-Заһаби сынды хадис білгірлері де сахих деп бағалаған. [8]

Ал енді сұқ саусақты көтеріп, оны үздіксіз қимылдата отырып дұға жасау керек дейтіндер мынандай хадиске сүйенеді: 

أَنَّ وَائِلَ بن حُجْرٍ أخبره قال قلت لَأَنْظُرَنَّ إلى صَلَاةِ رسول اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  كَيْفَ يُصَلِّي فَنَظَرْتُ إليه ....ثُمَّ قَبَضَ اثْنَتَيْنِ من أَصَابِعِهِ وَحَلَّقَ حَلْقَةً ثُمَّ رَفَعَ إِصْبَعَهُ فَرَأَيْتُهُ يُحَرِّكُهَا يَدْعُو بها

Уайл ибн Хужрдан риуаят етілді. Ол былай деді: «Алла Елшісінің қалай намаз оқитынын көргім келді. Оның былай оқығанын көрдім....Сосын саусақтарының екеуін  (бас бармақ пен ортаңғы саусақты) қосып, дөңгелек пішінге келтірді. Одан кейін сұқ саусағын көтерді де қимылдатып дұға ете бастағанын байқадым.» [9]

Біріншіден Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген бұл хадистің «қимылдататын еді» деген жері «Заайда» яғни, негізгі мәтінге қосылып айтылған. Себебі Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген бұл хадисті оннан аса хадис ілімінің хафиздары риуаят еткен кезде «ишарат етеді» деген сөзбен ғана шектелген. Ешқайсысында «қимылдататын еді» делінбеген. Ал хадис ілімінде белгілі бір хадис өзінен де сенімді басқа хадистерге қарама қайшы келіп жатса, онда ол хадис «шәзз» болып есептелінеді. Ал хадистің сахих болуы үшін оның шәзз болмауы шарт. Бұған қоса Абдулла ибн Зубайрдан риуаят етілген сахих хадисте саусақтың үздіксіз қимылдатылмайтындығы анық білдірілген. Сондай-ақ,  муслимдегі хадисте де саусақты  қимылдату мүлде айтылмаған. Хафиз Әбу Бәкір ибн Хузайма «қимылдататын еді» деген сөздің артық екендігін анық айтады. Ол өзінің ас-сахихында: «Бұл риуаяттан басқа ешбір риуаятта (қимылдататын еді) дегені айтылмаған. Осы риуаятта ғана артық айтылған.»

Ал енді жоғарыдағы дәлел ретінде келтіріліп отырған хадистегі «саусағын қимылдататын еді» деген сөзді «артық», «шәзз» деп қабылдамағанның өзінде оны  Абдуллаһ ибн Зубайрдың «үздіксіз қимылдатпайтын еді» деген хадисімен тігісін жатқызып, бір-біріне қарама-қайшы болмайтындай етіп біріктіріп түсінуге болады. Яғни, «сұқ саусағын қимылдататын еді» деген сөзден мақсат – оны үздіксіз қимылдату емес, саусақты жоғары көтеріп, ишарат ету деген сөз. Себебі бір рет жоғары көтерудің өзі қимылдатуға жатады. Сонда Муслимдегі және басқа да хадистердегі «саусағын көтеріп, ишарат ететін» еді деген хадистерге мағыналас болады. Бұл жайлы Имам әл-Бәйһақи былай дейді: «Уайл ибн Хужрдың риуаятындағы «қимылдататын еді» деген сөздің мағынасы үздіксіз қимылдату емес, саусақты бір рет көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат ету болуы ықтимал. Осылай түсінген жағдайда бұл риуаят  Абдуллаһ ибн Зубайрдың «қимылдатпайтын еді» деген риуаятына сәйкес келеді.» [10]

Ал сауалда сұралған саусақты қимылдату шайтанға тоқпақ» деген түсінікке келер болсақ, біріншіден бұл мағынада риуаят етілген хадистердің бәрі әлсіз. Екіншіден бұл хадистегі «темірден де қатты» сөзі тура мағынасында емес, ауыспалы мағынада келген. Мысалы Ахмад ибн Ханбалдың мұснадында келген Нафиътың риуаятын тарқатып түсіндіріп көрейік.

عَنْ نَافِعٍ قَالَ كَانَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ إِذَا جَلَسَ فِي الصَّلَاةِ وَضَعَ يَدَيْهِ عَلَى رُكْبَتَيْهِ وَأَشَارَ بِإِصْبَعِهِ وَأَتْبَعَهَا بَصَرَهُ ثُمَّ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَهِيَ أَشَدُّ عَلَى الشَّيْطَانِ مِنْ الْحَدِيدِ يَعْنِي السَّبَّابَةَ

«Нафиътан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар намазда отырғанда екі қолын тізесіне қоятын да саусағымен ишарат ететін. Көзін саусағына жүгіртетін. Сосын Алла елшісі: бұл яғни, сұқ саусақ шайтанға темірден де қатты деп айтты- деді.» [11]

Бұл хадис «Алладан басқа тәңір жоқ» деген мағынаны білдіретін «иллаллаһ» сөзі айтылған кезде сұқ саусақты көтеріп Алланың бір, дара екіндігін ишарат ету – бейнебір шайтанды темірмен ұрғандай дегенді білдіреді. Яғни, Алла бір деген мағынаны саусағыңды көтеріп, ишарат ету арқылы қуаттай түсу шайтанға ауыр соққы деген сөз. Әйтпесе қолдың астында шайтан тұр, саусақты үздіксіз қимылдатқан сайын шайтанның басына ұрасың дегенді білдірмейді. Бірақ хадистің  астарына терең үңілмейтін танымы таяз базібір жандар  мұны осылай түсініп жүргені өкінішті-ақ.

Бұл жайлы Хафиз Әбу Бәкір Ибнул-Араби әл-Мәлики  «Ъаридатул-ахуази» атты  Тиртмизиге жазған  түсіндірмесінде  былай дейді: «Тәшаһһудта саусақтарыңды үздіксіз қимылдатудан сақ болыңдар!...Сұқ саусақты үздіксіз қимылдатсаң, шайтанға ол тоқпақ болады дейтіндерге таң қаламын. Біліп қойыңдар!  Сендер шайтанға бір саусақтарыңды қимылдатсаңдар (бір рет ұрсаңдар), ол сендерге он рет қарсы қимылдатады (Яғни, намазда  көңілдеріңді қажетсіз бос нерсеге бұру арқылы сендерге он рет ұрған болады). Шын мәнінде шайтанды саусақтарыңды үздіксіз қимылдатумен емес, оны өздеріңнің ықыластарыңмен, Алла алдында шынайы берілулеріңмен (хушууъ), зікір-дұғаларыңмен, шайтаннан Аллаға сыйынуларың арқылы  тоқпақтайсыңдар.» [12]

[1] Имам Мұхиддин ән-Науауи, әл-Мәнсуураат фи ъуюунил-масаайлил-муһиммат, 93-94-беттер. «әл-Мактабул-ислами» баспасы, Бәйрут, «әл-Ишрақ» басқасы, Дауха, 2001 ж.
[2] Абдуллаһ ибн Ахмед ибн Құдама әл-Мақдиси, әл-Мұғни, «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут, һижри 1405 ж.
[3] Мансур ибн Юнус ибн Идрис әл-Бәһути, әр-Раудул-мұраббаъ, 1-том, 179-бет. «Мәктабатур-рияд әл-хадиса» баспасы, Рияд, һижри 1390 ж.
[4] Хасан ибн Али ас-Саққаф, Мажмуъ Расайлис-саққаф, 2-том, 640-бет. «Дарур-Рази» баспасы.
[5] Сахих Муслим, 1-том, 408-бет. «Дәру Ихиа`ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[6] Әбу Бәкір Ахмед ибн әл-Хусайн ибн Али ибн Муса, әс-Сунанул-Бәйһақил-кубра, 2-том, 131-бет. «Дарул-Баз» баспасы, Мекке қаласы, 1994 ж. Қосымша қараңыз: Сулеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуід ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуід, 1-том, 260-бет. «Дарул-фикр » баспасы.
[7] Мұхиддин ән-Науауи, әл-Мәжмууъ, 3-том, 417-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1997ж.
[8] Хасан ибн Али ас-Саққаф, Мажмуъ Расайлис-саққаф, 2-том, 638-бет. Дарур-Рази» баспасы.
[9] Ахмед ибн Шаъб Абу Абдир-Рахман ән-Насаий, Сунану ән-Насааийл-кубра, 1-том, 310-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1994 ж.
[10] Әбу Бәкір Ахмад ибнул-Хусайн ибн Али ибн Мұса әл-Бәйһақи, әс-Сунанул-Бәйһақил-кубра, 2-том, 131-бет. «Дәрул-Баз», Мекке, 1994 ж. 2-том, 131-бет.
[11] Ахмад ибн Ханбал Әбу Абдиллаһ әш-Шайбани, Муснаду Ахад ибн Ханбал, 2-том, 119-бет. «Муссисату Қуртуба» баспасы, Мысыр.
[12] Ал-имамул-Хафиз Ибнул-Араби әл-Мәлики, Ъаридатул-ахуази бишархи сахихут-тирмизи, 2-том, 85-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Египет.

0 пікір