"ШӨЛ АРЫСТАНЫ" АТАНҒАН ОМАР МҰХТАР КІМ?
"ШӨЛ АРЫСТАНЫ" АТАНҒАН ОМАР МҰХТАР КІМ?
1 ай бұрын 3135 www.islamveihsan.com/

Ливия еліндегі (1911-1931 жылдар аралығында) басқыншы Италия әскеріне қарсы жүргізілген ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі және «Сәнусия» тайпасының көсемі Омар Мұхтар жайында.

Туған жеріне баса-көктеп кірген басқыншыларға қарсы ұзақ жылдар бойы тойтарыс бергендігімен бүкіл әлемге танымал болған Омар Мұхтардың, 1931 жылы 16 қыркүйекте 71 жасына келген шағында оккупант Италиян әскерлері тарапынан өлім жазасына кесілгеніне биыл 89 жыл толып отыр. 

ОМАР МҰХТАР КІМ? (қысқаша өмірбаяны) 

Басқыншыларға қарсы тойтарыстың көшбасшысы саналатын Омар Мұхтар 1862 жылы Ливияда дүниеге келген. Жастайынан парасаттылығы әрі батылдығымен көзге түскен ол - жас кезінің өзінде жергілікті тайпалар арасында орын алып тұратын қақтығыстарда екі жақты елдестірер елші міндетін атқарып жүрді. Жігіттік шағында ол және жолдастары Француз басқыншыларына қарсы тұрып, олардың Айн Калак өлкесіне кіруіне жол бермеген. Көптеген солтүстік африка мұсылмандары секілді Омар Мұхтар да «сәнусия» тариқатының мүшесі болды. 

(Сәнусия тариқаты - миләди 1837 жылында Мұхаммед ибн Али әс-Сәнуси тарапынан құрылған сопылық мектептің бір түрі. Бұл тариқатты: «төрт негізді, яғни, мәзхаб, тариқат, саясат және қоғам негіздерін бір өзінде топтастырған жамағат» - деп анықтама бергендер бар. Сәнусия тариқатының мүшелері ХХ ғасырдың бас кезеңдерінде орын алған Француз оккупанттарына және Италия басқыншыларына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күресте үлкен рөл атқарды. ауд).

 СӘНУСИЛЕРДІҢ ЖЕТЕКШІЛІГІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ

1911 жылдың 27 қыркүйегінде Триполитанияға (Ливия) жасақ жіберген Италия, Ливия жерін 15 күн ішінде басып алуды жоспарлаған. Алайда, ол істің өздері ойлағандай оңай шаруа емес екендігін көп ұзамай-ақ ұққан олар, өздері басып кірген Ливия жеріне ұзақ жылдар бойы билігін де, үстемдігін де жүргізе алмай дал болды. Сол кезеңдегі Сәнусия жамағатының лидері болып жүрген Сәйид Ахмед деген кісі "азаттық соғысына" қолдау көрсету мақсатында Анадолыға кеткенде, оның орнын Омар Мұхтар басады. Содан былай, Омар Мұхтар көп жылдар бойы италияндықтарға қарсы ұйымдастырылған Ұлы ұлт-азаттық күресін басқарады.

ЖЫЛЫНА 50 ШАЙҚАС ЖӘНЕ 200 ЖУЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАР ОРЫН АЛЫП ТҰРДЫ  

Елуді еңселеген Омар Мұхтарға қозғалысты басқару міндеті жүктелгеннен кейін 1923-1931 жылдар аралығында Омар Мұхтар мен Италия әскери күштері арасында жыл сайын кемінде елу шайқас және екі жүзден астам шағын қақтығыстар орын алып тұрды. Күштер тепе-теңдігі болмаған бұл азғындық соғыста тезірек жеңіске жетуді көздеген италияндықтар әуе және құрлықтағы әскери күштерін одан сайын арттырды. Сондай-ақ, жергілікті көтерілісшілерге халықтан көмек келмеуі үшін ең алдымен ауылдарға шабуыл жасады. Италияндықтар 1923-1929 жылдар аралығының өзінде 141 766 (жүз қырық бір мың жеті жүз алпыс алты) ірілі-ұсақты малдарды қырған.  

Көтеріліс қызып тұрған жылдардың соңғы 20 айының өзінде Омар Мұхтар бастаған көтерілісшілер мен Италия армиясы арасында 263 шайқас болды. Осы қақтығыстар барысында мұсылман көтерілісшілер көптеген ұшақтарды атып түсіріп, көптеген жоғары шеңді офицерлерді жер жастандырған. 1929 жылы 8 қарашада Омар Мұхтар бастаған мұсылман жасағы Бенгазиде орналасқан италияндық әскери қорғаныс бекетіне шабуыл жасап, мұндағы жау әскерін түгелдей қырады да, бекеттің өзін жермен жексен етіп жарып жібереді. 

МУССОЛИНИДІҢ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА ТІЛ ТИГІЗУІ

Ақырында, Муссолини жағдайды өз қолына алып, басқыншы күштерінің басына генерал Родольфо Грацианиді тағайындайды. 

(Муссолини - 1922-1943 жылдары аралығында Италияны премьер-министр ретінде басқарған фашистік көзқарасқа ие диктатор. ауд).

Бүкіл әскери жорықты өз қолына алған Генерал Грациани өзінің қатыгездік шараларымен Ливия жерінде тура мағынада геноцид жүргізеді. 1931 жылы қаңтарда Куфра деп аталатын оазисті қалаға басып кірген Муссолинидің әскерлері айналаны қырып-жойып, тұрғылықты халыққа азаптау мен зорлау әрекеттерін жасайды. Генерал Грациани, бүкіл тірі қалған қала тұрғындарын жинап, олардың көзінше қасиетті Құран Кәрімді жыртып, аяғымен таптап, артынан: «Қанеки, бәдәуи пайғамбарларыңды шақырыңдаршы сендерге көмекке келсін!» - деген екен. 

ИТАЛИЯНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА КӨРСЕТКЕН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҒЫ  

Онысымен қоймай бұл жауыз қолбасшы қаланың көрнекті дін ғалымдарын да аямаған. Оларды ұшаққа мінгізіп, одан соң аспанға көтерілгенде оларды ұшақтан төмен қарай тастаған.

Ол оазистегі[2] барлық пальма ағаштарын кестіртіп, құдықтарды көмдіреді. Жергілікті "Мәһди Сәнусиге" тиесілі тарихи кітапхананы отқа орайды. Әйелдердің арын таптайды.

Осы тұрғыда, Куфра қаласының дұшпан әскерінің қолына өтуімен мұсылман көтерілісшілерінің де тынысы тарыла бастайды. 

ОМАР МҰХТАРДЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ 

Омар Мұхтар 1931 жылы, қыркүйек айының он бірінде «Сиди Рафиъ» есімді сахабаның[2] мазарын зиярат етіп келеді. Онсыз да оңтайлы сәтті аңдып отырған италияндық барлау әскері бұл хабарды алар-алмас аңғарды қоршайды. Сөйтіп, 20 жыл бойы италия басқыншыларына күн көрсетпеген, бүкіл европаны таңдай қақтырған, ал бүкіл мұсылман әлеміне болса, батырлық пен қаһармандықтың темірқазығы саналып үлгерген шөл арыстаны – Омар Мұхтар 71 жасында қолға түседі. 


Фото:islamdag.ru 

ОМАР МҰХТАРДЫҢ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛУІ 

Қолға түскеннен кейін италияндықтардың ұсынған «көтерілісшілерге берілу бұйрығын беру» ұсынысынан бас тартқан Омар Мұхтар, 1931 жылы қыркүйектің 16-ші жұлдызында алдымен көреркөзге Италияның әскери сотына шығарылып, одан кейін бүкіл халықтың көзінше өлім жазасына кесіледі. 

ОМАР МҰХТАРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Омар Мұхтар өзін өлім жазасына кескен италияндықтардың әскери сотына: «Сот пен шешім тек Аллаға тиесілі», - дейді де, дар ағашына байсалдылықпен, еш қорықпастан, жүзіне күлкі ұялаған күйі концлагерьлерден әкелінген мыңдаған ливиялықтардың көз алдында шейіт болады.  

Омар Мұхтардың соңғы сөзін жиналған халық естімесін деген мақсатта жаулар төбеден ұшақты жақыннан ұшыртқан екен. Бірақ, бәрібір оның соңғы сөзін жақын тұрғандар естіген. Оның ақтық сөзі кәлима шәһәдат пен мына төмендегі Құран аяты болған деседі:

يَا أَيَّتُهَا النَّفْسُ الْمُطْمَئِنَّةُ ارْجِعِي إِلَىٰ رَبِّكِ رَاضِيَةً مَرْضِيَّةً فَادْخُلِي فِي عِبَادِي وَادْخُلِي جَنَّتِي

«Ей, дамыл тапқан жан! Ол сенен, сен Одан разы болған күйі Раббыңа қайт. Разы болған құлдарымның арасына кір. Пейішіме кір!»«Фәжір» сүресі, 26-30 аят.   

 Алла пейіштік етсін! 


[1] Оазис - шөлдер мен шөлейттердегі өсімдік өсетін көгалды, сулы алқап. (kitap kz). 
[2] Сиди Рафиъ - Руәйфиъ ибн Сәбит әл-Ансари ән-Нәжжәрий (رُوَيفِعُ بنُ ثَابِتٍ الأَنْصَارِيُّ النَّجَّارِيُّ ). Алла елшісімен бірге Хайбар жорығына қатысқан сахаба. Әзіреті Мұъауия заманында батыс Триполияның әмірі болып тағайындалады. Кейіннен Либияның шығысындағы Киринайка өлкесіндегі Байдо қаласына әмір болып барады. Сол өлкеде діннің жайылуына үлкен күш қосқан ол, һижри 56 жылы сол жерде қайтыс болады. Бүгінде аталмыш қалада «Сәииди Руәйфиъ» деп аталатын мазараты және ардақты сахабаның атындағы мешіт орналасқан. Ауд. 

Аударып, дайындаған: А. Қасым.

0 пікір