Шерхан Мұртазаның «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайындалғанда айтқаны
Шерхан Мұртазаның «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайындалғанда айтқаны
9 ай бұрын 7250 abai.kz/

Шерхан Мұртаза ағамыз еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайын­далғанда, оны редакцияға таныстыруға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі бастап алып келді.

– Бәріңіз де шығармашылық адамдарысыздар, – деді Өзекең Шерағамның өмір жолын баяндап шыққаннан кейін, – өйтіңдер, бүйтіңдер деп ділмәрсіп жатудың қажеті жоқ деп білемін. Газетті көтеру керек. Халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесін көздейтін, өткен тарихы мен жарқын болашағын жан-жақты ашып көрсететін материалдарды көптеп берген ләзім. Сөйтіп, басылымды жалпы ұлттық газетке айнал­дырған жөн. Оған мына жаңа басшыларыңыздың күш-қуаты да, тәжірибесі де жетеді деп ойлаймын.

Шерағам көп сөйлеген жоқ.

– Мен не дейін? – деп Өзекеңе қарады. – Бәрін өзіңіз комбайн жүріп өткендей жиып-теріп айтып кеттіңіз ғой, кәшек қалған жоқ. Сенімді ақтауға тырысамыз. – Сонан соң көпшілікке бұрылып: – Жалғыз ағаш – орман емес, – деді. – Хатшы мені қанша мақта­ғанымен, жалғыз өзімнің қолымнан түк те келмейді. Сіздерге арқа сүйеймін. Бірігіп жұмыс істейік. Бес саусақ біріксе, алмайтын асу да, жетпейтін жетістік те болмайды. Газетті ел сүйіп оқитын басылымға айналдыра білейік!..

Ағамның айтқаны айдай келді. «Социалистік Қазақстан» арада біраз уақыт өткен соң бұрынғы қатып қалған қасаңдығынан айрылып, қалың көпшілік асыға да қызыға қауышатын басылымға айнала бастады; тиражы өсті, оқырмандар саны арта түсті.

Қолынан іс келетін мамандарды таңдап-тауып, сенім арту – білгір басшыға тән көрегендік десек, сол сенімді бүкіл ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсай отырып, абыройымен ақтап шығу да – нағыз өнеге-ерлік дер едік. Осындай ағаларымыздың арқасы ғой, қазақтың қатарынан кем қалмай, алға адымдап басып келе жатқаны... 

Әділ Дүйсенбек, «Шерағамның шеруі» (үзінді)
Дереккөзі: almaty-akshamy.kz
.

0 пікір