Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қонақжайлығы: "Ол мұсылман болсын, болмасын бәрін бірдей күтетін..."
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қонақжайлығы: "Ол мұсылман болсын, болмасын бәрін бірдей күтетін..."
3 жыл бұрын 4193

Сан алуан жерлерден Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зияратшылар мен қонақтар көптеп келуші еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды тек өзі ғана күтіп, қызмет қылатын. Өзін көруге келген адамды міндетті түрде күтіп жіберетін.

Ол алдына келгеннің мұсылман болсын болмасын бәріне тең дәрежеде қарап, бәрін де бірдей күтетін еді. Бір күні мүшріктердің бірі Оның үйіне келіп, қонағы болады. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол қонағына тойғанынша ешкі сүтін береді.

Кейде қонақтары көп келіп, үйде ешқандай дәм қалмай, үйіндегілер аш жататын еді. Тағы да бір күні Ғыфарилердің бірі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қонақ болады. Үйде аз ғана сүттен басқа ешнәрсе жоқ еді. Сол сүтті де қонағына беріп, өздері аш қалған екен.

Сахабалары арасында ең кедейлері суффа сахабалары еді. Олар жамағаттың күнделікті қонақтары болатын еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мырзамыз сахабаларына «оларды жиі-жиі күтіңдер» деп ескертіп жүретін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) төрт адам көтеретін тай қазаны болатын. Түскі уақытта сол қазан әкелініп, бүкіл суффа сахабалары Расулұллаһпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге сол қазаннан тамақ ішетін еді. Кейде адамның көп жиналатындығы соншалық, Пайғамбарымыз отыратын орын таба алмай, жерге жайғасып отыра кететін.

Бір күні Расулұллаһ бүкіл суффалықтарды жинап, Хазіреті Айшаның (радиаллаһу анһә) үйіне барады. Хазіреті Айшаға (радиаллаһу анһә) үйде бар тағамдарды әкелуін өтінеді. Дастархан толы тағамдарды жеп бітірген соң, тағы да сұрайды. Құрма жегізіп, артынан сүт береді. Осылайша суффалықтарды құрметтеп күткен еді[1].  



[1] Проф.доктор Хасан Кәміл Илмаз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері». «Хикмет» баспа үйі. Алматы.

 

0 пікір