Інжіл кітабында Мұхаммед пайғамбардың келетіні жайында айтылған ба?
Інжіл кітабында Мұхаммед пайғамбардың келетіні жайында айтылған ба?
2 жыл бұрын 5496
Қалмахан Сейтұлы, "Пайғамбарлар тарихы".
Фарақлит

Иоанн Інжіліндегі бір шұмақта:

«Мәсих: (Иса) «Мен – менмін. Мен сендерге Тәуилді әкелетін Фарақлитті жіберу үшін сендердің Рабтарыңа кетемін», – деп  баяндалған.

Фарақлит – хақтың рухы, оның мағынасы ақиқат пен жалғанды бір-бірінен толық ажыратушы дегенге келеді. Алла елшісі – ақиқаттың рухы. Өйткені өлі жүректер Оның әкелген шындық шырынымен ғана тіріліп, бүршік жарды. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін аянбай күресті. Хақ пен жалған ұғымдары бір-бірінен тек осындай бір күрес пен күш-жігердің арқасында ажыратылады. Хазірет Мәсих хабар берген Фарақлит келіп жетті. Ол – Алланың ақырғы елшісі, екі әлем сардары Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм).

Иоанн Інжілінде:

«Егер мені жақсы көрсеңдер, әмірлеріме бас иіңдер! Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы, ақиқат рухын (Фарақлитті) береді», – делінеді (Иоанн, 14-бап, 15-16 аят).

Енді кезегімен төмендегі Інжіл шұмақтарына назар аударайық:

«Фарақлиттің Рухул-Қудус болғанының ерекшелігі сонда – Рабб Оны менің атыммен (яғни, пайғамбар етіп) жібереді. Ол сендерге барлық нәрсені үйретеді. Әрі менің сендерге үйреткендерімді де қайта еске салады» (Иоанн, 14-бап, 26-аят).
«Фарақлит келген кезде, мен үшін куәгер болады. Сендер де маған куәлік етіңдер» (Иоанн, 14-бап,26-аят).
«Мен сендерге хақты айтамын. Менің кетуім сендер үшін жақсы. Өйткені мен кетпесем, Фарақлит сендерге келмейді. Бірақ мен кетсем, оны жіберемін» (Иоанн, 16-бап,7-аят). 
«Фарақлит келген кезде, барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларды тәрбие етеді» (Иоанн, 16-бап, 8-аят).

Інжілдің негізгі түпнұсқасы көне еврей тілінде, кейін грек тіліне аударылды. Біздің қазіргі қолымыздағы арабша аудармалар грек тілінен тәржімаланған.

«Фарақлит» – грек тіліндегі «ақиқатты айқындаушы» сөзінің арабша баламасы, яғни араб тіліне аударылып, осы тілге енген сөз.

Иоанн Інжілінде:

«Мәсих (Иса) былай деді: Мен енді сендер­ мен сөйлеспеймін. Өйткені бұл әлемнің басшысы келе жатыр. Онда бар нәрсе менде жоқ» – делінген (14/30). 

Ендеше бұл жердегі айтып отырған «Фарақлит» ақырғы пайғамбар – хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еді.

Хазірет Исаның пайғамбар болып келуінің бір сыры – адамзатқа жіберілген ақырғы пайғамбарды сүйіншілеу болатын. «Саф» сүресіндегі мына аят та осыны қуаттайды. 

«Сол уақытта МәриямұлыИса: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Шын мәнінде, мен Алла елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмәд» атты пайғамбарды айтып сүйіншілеймін», – деген еді». "Саф" сүресі, 6 аят.
0 пікір