Мәуліт мейрамының тарихы жайында...
Мәуліт мейрамының тарихы жайында...
3 жыл бұрын 8675

«Мәулід» - тілдік тұрғыда «туған күн» немесе «туылған жер» деген мағыналарды білдіреді. Діндегі мағынасы - Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) туған күні. Яғни, мәулид делінгенде ең бірінші пайғамбарымыздың туған күні еске келеді. Пайғамбарымыз миләди 570 жылы (кей есеп бойынша 569 немесе 571 жыл), Рабиуль Әууәл айының 12-ші күні, көктемнің күндізгі уақытында (кей деректерде таңғы уақытта) дүниеге келді. (ғалейһис саләту уә сәлләм).  

Мәулід мейрамының пайда болуы

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде туған күнін атап өту үрдісі атымен жоқ тұғын. Бақилыққа аттанғаннан соң да сахабалар дәуірінде, тіпті одан кейінгі Умейяд (Омейяд) және Аббасит халифалығы кезеңдерінде мәулід мейрамы деген ресми мейрам болмады. Х ғасырда ғана Мысыр жерінде Фатимиттер патшалығы құрылып (909-1171 ж), әл-Муъиз Лидинилләһ есімді төртінші Фатимит халифасы тарапынан (972-975 ж) алғаш рет мәуліт мейрамына ресми статус беріледі, сөйтіп мәуліт мерекесі Мысыр жерінде кең түрде тойлана бастайды. Фатимиттер кезеңінде пайғамбарымыздың мәулідімен қатар, Әзіреті Әлидің, Әзіреті Фатиманың, Әзіреті Хусейннің мәуліттері және сол кезеңдердегі кейбір Фатимит патшаларының мәуліттері де ерекше атап өтілетін болған. 

Аюбилер дәуірінде мәуліт

Мысыр өңірі Аюбилер билігіне өткеннен кейін, көптеген мейрамдар мен рәсімдер тоқтатылады. Соның ішінде мәуліт мейрамы да өз ресмилігін жоғалтып, тек халық арасында ғана тойланып тұрды. Бірақ, кейіннен Сәләхуддин Аюбидің қайын ағасы (немесе қайын інісі) Ербіл Атабегі Музафферуддин Көкбөрі (1190-1233 ж) мәуліт мейрамын тойлау рәсімін қайтадан жандандырады. Мейрамға дін ғұламалары мен сопы-әулиелер шақырылатын. Деректерге қарағанда, мәуліт мейрамын атап өту барысында – бес мың қой, он мың тауық және жүз жылқы сойылатын болған. Сондай-ақ, жүз мыңға жуық табақ тартылып, отыз мыңға жуық ыдыс тәттілер таратылатын. Осыдан-ақ, мейрамға қатысатын халық санын шамалай беруге болады. Оның кезінде әр жылы мәуліт тойына 300 мың алтын динар ақша жұмсалатын болған деседі.

Мәмлүктер кезеңі

Мәмлүктер де мәуліт тойлау үрдісін кең түрде тойлауды тоқтатпады. Үлкен шатыр құрылып, мәуліт мерекесі ерекше атап өтілді. Мәуліт күні екінті намазынан кейін Мысыр патшасы мен төрт мәзхабтың бас қазылары және дін ғалымдары мен сопылық мектептерінің пір-шейхтары, әскер басшылар т.б. зиялы қауымы шақырылатын. Мәуліт рәсімінде Құран оқылып, түрлі зікір-тәспихаттар айтылатын, уағыз айтылып, насихат жүргізілетін. Артынан дастархан жайылып, ас ішілетін. Кедей-кепшіктерге садақа таратылатын. Еңбегі сінген адамдарға сыйлықтар берілетін.

Османлылар кезеңі

Осман империясында мәуліт мерекесінің салтанатты түрде, рәсіммен тойлана бастауы ІІІ. Мұраттың (1588 ж.) кезеңінде өріс алғанымен, оған дейін де халық арасында бей ресми мәуліт мейрамын атап өту дәстүрі бар еді.

Бүгінде

Бүгінде мәуліт мерекесі Сауд Арабиясы корольдігін есептемегенде, Солтүстік Африкадан бастап, Индонезияға дейінгі көптеген мұсылман елдерінде атап өтілуде.

Қазақ елі тәуелсіздігін алып, өзінің салт-дүстірін жандандырумен қатар, төл діні Ислам дінінің халық арасында еркін насихатталуына мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде, елімізде мәуліт мерекесін атап өту үрдісі де қайта жанданды. Бүгінде, әр жылы ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен еліміздің жер-жерінде мәуліт кеші өткізіліп келеді. (Мәуліт - Рабиуль әууәл айының 12-ші жұлдызы. Бұл - биылғы жылы (2020), қазан айының 29-на сай келеді).

Мәуліт мейрамын тойлаудың діндегі үкімі 

Мәуліт мерекесін қазіргі таңда кейбір дін мамандары "бидғат" деп, оның тойлануына қарсы болғанымен, көпшілік Ислам ғалымдары шектен шықпастан мәуліт мерекесін атап өтуді мубах санаған. (Мубах: рұқсат)![1]


[1]islamveihsan.com сайтынан ықшамдап алынды. Мақаланы аударып, дайындаған: islam.kz 

 
Мәуліт тақырыбында қосымша оқығыңыз келсе: 
0 пікір