Харун Рашидтің өлер алдында көрген түсі
Харун Рашидтің өлер алдында көрген түсі
8 ай бұрын 6790

Тарихта «мұсылмандық ренессансының» тууына үлкен үлес қосқан, Аббасит халифатының бесінші халифы Харун Рашид - Хижри 150 жылы туылып, 193 жылы қайтыс болды (Миләди: 766-809 ж.). Тарихшы, әрі тәпсірші ғалым Ибн Кәсирдің айтысына қарағанда, Харун Рашид 23 жыл халифалық құрған. 4жасында дүние салған (кей деректерде 45 жасында десе, кей деректерде 47 жасында дүние салды делінген). Дүние салардан бұрын бір түс көреді. Сол түстен кейін көп ұзамай бақилық болған екен. Ол түс Ибн Кәсирдің тарих кітабында келтіріледі.

Харун Рашидтің түсі

Халифа Харун Рашид «Раққа» қаласында болғанда қорқынышты түс көреді. Көрген түсі оны қайғыға салады. Көрген түсіне мұнайып отырған кезде бөлмесіне жеке дәрігері христиан Жәбірейіл ибн Бухтишу кіреді.

- Сізге не болған, уә мүміндердің әміршісі? - деп сұрайды дәрігер халифаның боп-боз болып отырған түрін көріп.

- Түс көрдім, - деп жауап береді Харун Рашид. - Түсімде бір қол қызыл топырақты уыстап алып, менің мына төсегімнің астынан шықты да, бір дауыстаушы: «Мынау – мүміндердің әміршісінің топырағы!» деді», - деп түсін айтып беріпті.

Көңілін тыныштандырған болып христиан дәрігер Ибн Бухтишу халифаға:

- Мәнсіз түстерден ғой, ойлағаннан кірген түс. Мән бермей-ақ қойыңыз! - дейді.

Сонымен күндер өтіп, Хорасанға сапарға шығады. Жолда «Тус» қаласынан өтіп бара жатқанда, кенеттен сырқаттанып төсек тартып қалады. Сырқаты күшейіп жатқан тұста түнеу күні көрген қорқынышты түсі есіне оралады. Жағдайы тым нашарлай түседі. Адамдар құзырына кірген кезде Харун Рашид жеке дәрігеріне:

- Өткенде саған айтқан түс есіңде ме? - деп сұрайды.

Дәрігер:

- Әрине есімде, уа, мүміндердің әміршісі! Сонымен не айтқыңыз келеді? - дейді.

Харун Рашид Масрур есімді өзінің қызметшісін шақырып:

- Осы «Тус» жерінің топырағынан бір уыс топырақ алып кел! - деп бұйырады. Қызметшісі сыртқа шығып, бір уыс топырақ алып келеді. Топыраққа қараса, құдды түсінде көргендей топырақ қызыл түсті екен. Харун Рашид қызметшісінің қолына бір, қолындағы топыраққа бір қарап:

- Аллаға ант етейін, түсімде көрген қол – осы қол және ондағы топырақ – сол топырақ! - дейді.

Кейіннен дәрігері Ибн Бухтишу: "Содан кейін үш күн өтер-өтпес, халифа дүни салды, Алла рахымына бөлесін!" - деп еске алады.

Халифа қайтыс боларын анық білгеннен кейін, сол тоқтаған үйіне қабірін қаздырады. Ол үй – Хумәйд ибн Әбу Ғоним әт-Тоидің үйі болатын. Қабірі қазылып болғаннан соң, шұңқырға қарап тұрып:

- Ей, адам баласы! Барар жерің осы шұңқыр болмақ! - дейді өз-өзіне. Бүкіл әлемнің жарымынан көбін уысында ұстап, 23 жыл билік жүргізген патша, осынша салтанаттан кейін, барар орны бір шұңқыр екендігін көргенде, бойын өкініш билеген екен.

Одан соң Құран Қариларына қабірінің басында Құранды бастан аяқ оқуларын бұйырыпты. Өзі Құран хатым аяқталғанға дейін зәмбілінде қабірінің шетінде отырыпты. Жаны алқымына келген сәтте, бүркеншікке оранып алып, өлім алдындағы жан қиналысымен қиналып отырыпты. Қасындағы қызметшілері:

- Аяқ созып жатсаңыз, сіз үшін жеңіл болар еді, жаныңыз қатты қиналмас еді, - дейді. Сонда ол сау адамша күліп былай деген екен:

- Ақынның мына бір өлең шумағын естімеп пе едің:

«Мен, сондай бір текті қауымнанмын,

Ол қауымның сынақтар тек күші мен тағатын ғана арттырады!» - деген екен екі қатар өлең шумағын оқып.

Харун Рашид – Хижри 193 жылы, 43 (кей деректерде 45-47 жасына) жасына келген шағында, сенбі күні, кей деректерде жексенбі күні қайтыс болады1. Алла рахымына алсын! 


1Ибн Кәсир: «әл-Бидаяту уән-Ниһаяту» - Жүз тоқсан үшінші жылдағы оқиғалар. Харун Рашид.

Қазақшалаған А. Қасым

 

0 пікір