561. Әбу Муса әл-Ашғаридан (р.а.) риуаят етіледі, Алланың Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) былай деді:
«Шын мәнінде, Алла Тағала залымға мұрсат береді (істегенін дереу жазаламай, күтеді). Ал енді оны бір ұстаса, еш босатып жібермейді (яғни, қашып құтыла алмайды)». Сосын Пайғамбар (с.а.у.) мына аятты оқыды: «Раббыңның ұстауы – міне, осындай! Ол ауылдардың халқы зұлымдық жасап жатқан кезде оларды ұстаса, Оның ұстауы шынында да өте ауыр, қатты» (Һұд сүресі, 102-аят).
562. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі, Алланың Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) былай деген:
«Кімде-кімнің мойнында бауырының арына тиген немесе мүлкіне қатысты қандай да бір ақысы өткен болса, динар да, дирхам да жүрмейтін (ақырет) күні келмей тұрып, бүгін одан кешірім алып, адалданып алсын. Егер оның ізгі амалы болса, істеген зұлымдығының мөлшерінше сауабынан алынады. Егер ізгі амалы болмаса, жәбірленушінің күнәларынан алынып, оның мойнына жүктеледі».
563. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі, Алланың Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам):
«Мүфлис (банкрот) кім екенін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Сахабалар: «Біздіңше, мүфлис – ақшасы да, дүние-мүлкі де жоқ адам», – десті.
Сонымен Пайғамбар (с.а.у.): «Шын мәнінде, менің үмбетімдегі мүфлис – Қиямет күні намазын, оразасын, зекетін арқалап келгенімен, бірақ сонымен бірге біреуді балағаттаған, біреуге жала жапқан, біреудің мүлкін жеген, біреудің қанын төккен және біреуді ұрып-сөккен адам. Оның сауаптарынан мынаған да, анаған да беріледі. Егер мойнындағы хақылары өтелмей жатып сауабы таусылып қалса, жәбірленушілердің күнәлары алынып, осының мойнына атылады, сосын өзі тозаққа тасталады», – деді.
Ғұламалар сөзі мен ғибратты оқиғалар
-
Қабірдегі қамшы оқиғасы: Айтылуынша, Әбу Майсара былай деген: «Бір адам жерленгеннен кейін қабіріне қамшы ұстаған екі періште (Мункар мен Накир) келіп: «Біз саңа жүз қамшы ұрамыз», – дейді. Мәйіт жалбарынып, себептерін айтып, жалбарынғаны сонша, соққыны онға, ақыры жалғыз бір соққыға дейін азайтады. Періштелер: «Саған бір соққы береміз» деп ұрғанда, қабір лаулап жана кетеді. Мәйіт: «Мені не үшін ұрдыңдар?» – деп сұрағанда, олар: «Сен зұлымдық көрген бір адамның қасынан өтіп бара жатқанда, ол сенен көмек сұраған еді, бірақ сен оған жәрдем бермедің», – деп жауап береді. Зұлымдыққа ұшырағанға көмектеспегеннің халі осы болса, зұлымдық жасаушының халі не болмақ?!»
-
Маймун ибн Михран айтқан екен: «Кейде адам Құран оқып отырып, өзіне-өзі лағынет айтады». Одан: «Ол қалайша өзіне лағынет айтады?» – деп сұрағанда: «Ол өзі залым бола тұра Құрандағы «Біліп қойыңдар, Алланың лағынеті залымдарға болсын!» (Һұд сүресі, 18-аят) деген аятты оқиды. Күнәлардың ішінде зұлымдықтан ауыр ештеңе жоқ. Өйткені күнә пенде мен Алла Тағаланың арасында болса, Алла Жомарт әрі Кешірімді, оны кешіре салады. Ал күнә пенде мен басқа құлдардың арасында болса, жәбірленушінің ризашылығын алудан басқа амал жоқ. Сондықтан залым адам бұл дүниеде зұлымдығынан қайтып, жәбірленушіден кешірім алуы керек. Егер оған шамасы жетпесе, оған истиғфар айтып, дұға етуі тиіс, сол арқылы Алла оны кешіреді деген үміт бар».
-
Маймун ибн Михран тағы да былай деген: «Егер бір адам біреуге зұлымдық жасап, кейін одан кешірім сұрайын десе, оны таба алмай қол үзіп қалса, әр намазының артынан сол адам үшін Алладан жарылқау тілеп дұға етсе, мойнындағы зұлымдық хақысынан құтылады».
-
Ибн Масғудтан (р.а.): «Кімде-кім залымға зұлымдық жасауға көмектессе немесе мұсылманның хақысын жою үшін залымға жол көрсетсе, ол Алланың қаһарына ұшырайды әрі соның күнәсін арқалайды».
-
Әзіреті Омар (р.а.) Әхнаф ибн Қайсқа: «Адамдардың ішіндегі ең надан кім?» – деп сұрады. Әхнаф: «Ақыретін дүниесіне айырбастаған адам», – деп жауап берді. Омар (р.а.): «Саған одан да өткен надандықты айтайын ба? Ол – өзге біреудің дүниесі үшін өзінің ақыретін сатқан адам (яғни біреуге жағынамын немесе біреудің дүниесі үшін зұлымдық жасап, өз ақыретін күйдірген адам)», – деді.
564. Әли ибн Әбу Тәліптен мынадай сөз жеткен (р.а.):
«Мен ешкімге жақсылық та, жамандық та жасаған емеспін. Өйткені Алла Тағала: «Кім ізгі іс істесе – өзі үшін, ал кім жамандық істесе – ол да өзіне қарсы» («Фұссиләт» сүресі, 46-аят) дейді. Яғни, біреуге жақсылық жасасам – өзіме жасағаным, ал жамандық жасасам – тағы да өзіме жасағаным».
568. Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) риуаят етіледі: Мухажирлерден болған бір адамның Алла Елшісіне (с.а.у.) бұйымтайы бар еді. Ол Пайғамбармен (с.а.у.) оңаша жолығып, мұңын айтқысы келді. Алла Елшісі (с.а.у.) Батхадағы әскердің ішінде болатын, түнде тұрып тауап ететін де, таңға жуық қайтып келіп, таң намазын оқитын.
Бірде түнде тауап ұзаққа созылып, таң атып кетеді. Пайғамбар (с.а.у.) түйесіне міне бергенде, әлгі адам алдынан шығып, түйенің шылбырынан ұстап: «Я, Расулаллаһ! Менің Сізде бұйымтайым бар еді», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.): «Жібер, бұйымтайыңа жетесің», – дейді. Бірақ ол жібермейді. Пайғамбар (с.а.у.) өзін бөгелмейін деп қолындағы қамшысымен оны жеңіл түрде түртіп қалды да, жүріп кетіп, таң намазын оқыды.
Намазды аяқтаған соң, Пайғамбар (с.а.у.) жамағатқа бұрылып: «Бұғанасынан қамшымен ұрған адамым қайда?» – деп сұрады. Жұрт жиналған соң: «Егер ол осы жерде болса, орнынан тұрсын», – деп қайталады. Әлгі адам: «Аллаға және Оның Елшісіне сыйынамын!» – деп шошып кетті. Пайғамбар (с.а.у.): «Жақынырақ кел», – деді. Ол жақындағанда, Пайғамбар (с.а.у.) оның алдына отырып, қолына қамшысын ұстатты да: «Қамшыңды ал да, менен ақыңды (қисас) қайтар», – деді. Адам: «Алланың Пайғамбарын ұрудан Аллаға сыйынамын!» – деді. Пайғамбар (с.а.у.): «Қамшыны ал да, ақыңды қайтар, ештеңе етпейді», – деді. Ол тағы да: «Алланың Пайғамбарын ұрудан Аллаға сыйынамын!» – деді. Пайғамбар (с.а.у.): «Кешірмесең болмайды, ал егер кешірсең өзің біл», – деді. Әлгі адам қамшыны тастап: «Кешірдім, я, Расулаллаһ!» – деді.
Содан соң Алла Елшісі (с.а.у.) халыққа бұрылып:
«Уа, адамдар! Раббыларыңнан қорқыңдар! Араларыңнан кімде-кім бір мүмінге зұлымдық жасаса, Алла Тағала Қиямет күні одан міндетті түрде өш (ақысын) алып береді», – деді.
570. Одан (Әбу Сағид әл-Худриден) жеткен тағы бір хабарда:
«Қиямет күні зұлымдық көргендер (жәбірленушілер) жеңіске жетеді (құтылады)», – делінген.
Суфян ән-Саури айтады: «Алла Тағала және өзіңнің араңдағы жетпіс күнәмен Жаратушының алдына баруың – өзің мен басқа құлдардың арасындағы бір ғана (зұлымдық) күнәмен баруыңнан әлдеқайда жеңілірек».
Ибраһим ибн Әдһам айтқан: «Мойнында қарызы бар адам ол қарызын өтемейінше, тіпті май сияқты кішкене нәрсеге де ысырап жасап, сәнденуге құқығы жоқ».
Фудайл ибн Ияд айтады: «Алланың кітабынан бір аят оқып, оған амал етуім – мен үшін Құранды мың рет хатым еткеннен артық. Мүміннің жүрегіне қуаныш ұялатып, мұқтаждығын өтеуім – бүкіл өмір бойы жасаған құлшылығымнан сүйіктірек. Дүниені тәрк етуім – аспан мен жердегілердің құлшылығындай құлшылық еткенімнен сүйіктірек. Ал харамнан болған кішкене ғана нәрсені тәрк етуім – адал малмен жүз рет қажылыққа барғаннан артық».
Әбу Бакр әл-Уәррақ айтады: «Жүректен иманды ең көп суырып алатын нәрсе – құлдарға (адамдарға) зұлымдық жасау».
Әбу әл-Қасым әл-Хакимнен: «Құлдың иманын суырып алатын күнә бар ма?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, үш нәрсе имандарды суырып алады» деді. Олар:
-
-
Ислам нығметіне шүкір етпеу,
-
Исламнан (иманнан) айырылып қалудан қорықпау,
-
Мұсылмандарға зұлымдық жасау», – деп жауап берді.
-
571. Хамидтен, ол Әнес ибн Мәліктен (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінген: Пайғамбар (саллаллаһу алейхи уа саллам) бір кісіге үш нәрсені өсиет етіп, былай деді:
«Өлімді жиі есіңе ал, ол сені басқа (пайдасыз) нәрселерден алшақтатады.
Шүкір етуді әдет қыл, өйткені ол нығметті арттырады.
Дұға етуді ұмытпа, өйткені оның қашан қабыл болатынын білмейсің.
Және де сені үш нәрседен тыямын:
уәдеңді (сертіңді) бұзба әрі оның бұзылуына көмектеспе;
зұлымдық пен әділетсіздіктен сақтан, өйткені кімге зұлымдық жасалса, Алла оған міндетті түрде жәрдем береді;
және арамзалықтан (айла-шарғы, сұмдықтан) сақтан, өйткені жаман арамзалықтың кесірі тек оны істеушінің өзіне тиеді»*.
Мансұрдан, ол Мужахидтен, ол Йазид ибн Самурадан жеткізген деректе былай делінеді:
«Шын мәнінде, тозақта теңіз жағалауы сияқты шұңқырлар бар. Онда өркешті түйедей жыландар мен қашырдай үлкен қара шаяндар болады. Тозақ халқы азапты жеңілдетуді сұрап айқайлағанда, оларға: «Жағалауға шығыңдар» делінеді. Олар шыққанда, әлгі жыландар олардың еріндерінен, жүздерінен және Алла қалаған жерлерінен сүйектеріне дейін жұлып жейді. Тозақтықтар олардан қашып, қайтадан отқа ұмтылып, көмек сұрайды.
Содан соң оларға қотыр (қышыма) ауруы жіберіледі. Олар денесін сүйегі көрінгенше тырнайды. Сонда оларға: «Ей, сұм, бұл саған батып, жаныңды ауыртып жатыр ма?» делінеді. Ол: «Иә» дейді. Сонда оларға: «Бұл – сенің дүниеде мүмінге әзірлігіңмен, тіліңмен не ісіңмен зардап (зиян) шектіргенің үшін» делінеді. Алла Тағаланың: «Бұзақылық (әділетсіздік) жасағандары үшін оларға азап үстіне азап қостық» (Нахл сүресі, 88-аят) деген сөзі осыған қатысты».
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай дейді:
«Мүміннің тура жолдан таюына (туралықтан шығуына) мына үш нәрсе жеткілікті:
-
-
Өзі де істеп жүрген айып-қателігі үшін басқа адамдарды сөгуі (айыптауы);
-
Басқалардың бойындағы мінді көріп, өзіндегі дәл сондай айыпты көрмеуі;
-
Өзіне қатысы жоқ (пайдасыз) істермен қасында отырған серігіне маза бермей, зардап шектіруі».
-
572. Алланың Елшісінен (саллаллаһу алейхи уа саллам) риуаят етіледі, Ол (с.а.у.) былай деді:
«Қиямет күні Ғаршының астынан бір жаршы былай деп жар салады: «Ей, Мұхаммедтің үмбеті! Менің алдымдағы күнәларыңды Мен сіздерге кешірдім. Ал енді араларыңыздағы бір-бірлеріңізге жасаған зұлымдықтарыңыз бен ақыларыңыз қалды. Оларды да бір-бірлеріңізге кешіріп, бағыштаңыздар да, Менің рақымыммен жәннатқа кіріңіздер! делінеді»1
1Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». Зұлымдық тарауы.