Ұзын мойын керіктен бір сәлем
Ұзын мойын керіктен бір сәлем
8 жыл бұрын 4639
Аяла Әбілқайыр

Төмен жақта ауа-райы қалай? Жоғарыда салқын самал есіп тұр. Сіздермен әңгімелесу кезегі бізге де келгеніне қуаныштымыз. Адамдар арасында мойнымыздың ұзындығы көп сөз болып жатады. Зерттеуші Ламарк қана оң пікір білдірді-ау деймін. Кейінгілер ғой атеисттік пікірге ілесіп, бұлардың арғы атасы ешкі болған деп шатты. Аласа жерлердегі жапырақтар таусылған соң байғұс аталарым алдыңғы аяқтарын көтеріп қойып, мойындарын ағаш бойлата жоғары қарай соза берген көрінеді. Уақыт өте келе мойындары мен алдыңғы аяқтары әбден созылып, ол тіпті келе-келе генетикасына сіңіпті. Олардың айтқанына сенсең, талай нәсіл ауыстыра-ауыстыра қазіргі қалпымызға келіппіз. «Қолданылған дене мүшелері дами түскен де, қолданылмаған дене мүшелері бүрісіп қалған» деген пікірлері біраз қисынға келіңкіремейді. Неге десеңіз, кейбір дене мүшелерін белсенді қоладануына қарай жануарлар шындығында да өседі. Бірақ ол геніне сіңбейді, ұрпағына да тарамайды. Мысалы, әлем чемпионы штангисттің баласы жақсылап дайындалса ол да штангист болады, бірақ ата-бабаларының барлығы дерлік штангист болса да, өзін-өзі дайындамаса түк те шықпайды емес пе?!

Ормандарға үлкен зиян келтіріп отырған жабайы ешкілер әлі де бар. Бірақ ағаштардың бұтақтарына мойнын қанша созғанмен, олардың мойындары одан өсіп кетпейді. Бұндай сұрақтарға келген атеист зертеушілердің ауыздарына құм құйылады-ау. Тіпті қазіргі дамыған генетика ілімі бұндай пікірді жоққа шығарып отыр. Биологиялық бейімдеушілікке жатқызатындай мойнымның ұзарғаны жайлы ешбір дәлел жоқ. Сондықтан маған ерекше болмыс берген Жаратушыма шүкір етіп, өз тілімде әрдайым зікір етіп жүремін.

 

Жаратылысымыз

Жаратқан Ием 5,5 метрлік мойын мен қоректену үшін бізге мықты жүрек берген. Мысалы, сіздің жүрегіңіздегі қан қысымы 120 mm Hg (жоғары қан қысымы) болса, менің жүрегімдегі қан қысымы 215 mm Hg. Миыма баратын қан осындай қысымның көмегімен жүрегімнен 3 метр жоғарыдағы миыма жетеді. Күре тамырымда үлкен қысыммен жоғарылаған қан миыма жетпей тұрып дренаж жүйесі тәріздес салаланған тамырға кіреді. Осылайша басыма келген қанның қысымы 90 mm Hg түседі де миымның қанауына, көз бен құлақ тамырымның жарылауына жол бермейді.

Ондайда су ішерде басымды төмен ием, қысымым көтерілетіндіктен аяқтарымды талтайтып, жүрегімнің деңгейін де төмендетемін. Бұлай тұру қысымның қатты көтерілуінен сақтайды. Бірақ бұлай тұруым өзіме қауіп төндіреді. Неге десеңіз, ондайда мені аңдыған жартқыштың мойныма атылуы оңай. Сол себепті мен суды аз ішемін. Негізі көп шөлдей бермеймін. Ағаштардың жасыл жапырақтарының басым дені (70%) су болғандықтан менің суға деген әуестігім аз.

Сүтқоректілердің көпшілігіндегідей менің де мойын омыртқамның саны жетеу. Тышқанның да, мысықтың да мойын омыртқасының саны жетеу. «Тышқанның мойын омыртқасы жетеу болса, жирафтікі одан көп болар» деп ойлағандықтан бұған таңғалған боларсыз. Жаратушы барлық сүтқоректілерді ұқсас жаратқан. Мойнымдағы жеті омыртқа өте ірі, бір-бірімен құрылыстың цементтеріндей тығыз байланысқан, үстіндегі тесіктері де бірыңғай. Осылай тамақ пен тыныс алу жолдарымды қорғаушы қызметін атқарады.

Мен өзі сүтқоректілердің арасындағы ең ұзын бойлы (5,5-6м) күйіс қайыратын, екі тырнақты, мүйізді жануармын. Мүйіздерім басқа жануарлардыкіне қарағанда қысқа, үсті терімен қапталған. Еркектерімізде де, ұрғашыларымыз да мүйіз бар. Мойным ұзын болғандықтан тыныс алу жолым да өте ұзын. Бауырыммен ауыз-танауымды жалғайтын 1,5 м ұзындықтағы, диаметрі 5 см тыныс алу каналым және бронхтарым ішінде бос орын көп болғандықтан қолданылған және қолданылмаған ауаның араласу ықтималдығы да өте үлкен. Бұл жағдай аса елеулі болып көрінбесе де Жаратушым маған жиі-жиі тыныс алу қабілетін берген. Мысалы, сіздер демалғанда бір минутта 12-16 рет тыныс алатын болсаңыздар, мен алып анатомиялық құрылысыма сай 20-дан астам рет тыныс аламын.

 

Өте ұнатқан тағамым

Африканың тропикалық және субтропикалық аймақтарында кең жазықта, биік ағашты жерлерде тіршілік етеміз. Көбінесе қос жапырақты өсімдіктермен қоректенеміз. Акация ағаштарының жасыл жапырақтары мен гүлдерін жақсы көреміз. Бұл аймақта 40-60 түрлі өсімдіктермен қоректенеміз. Аузым тура осы іс үшін жаратылғандай. Бұлшықетті және өте жылдам қимылдайтын еріндерім, ұзындығы 46 см тілім тікенді талдардан өте жылдам әрі аса ептілікпен жапырақтарды сыпырады. Тілімнің үстіндегі кератиннен жасалған табиғи өскіндер тарақ секілді іс атқарып, тілімді тікендерден қорғайды. Ұрғашыларымыз бізден де көбірек қоректенеді. Оңай емес, әрине, төл өсіреді, сүт береді.

Кей кездерде топырақ та жейміз, ескі сүйектерді жеген кезіміз де болады. Бұның себебі, денеміздегі кальций мен кейбір минералдар қажеттілігінен туындаса керек.

Еркектеріміз 8 жасында шабуға жараса, ұрғашыларымыз 4-5 жасында төлдей алады. Адам баласы жатырда 9 ай жататын болса, біздікілер 15 ай жатады. Жүкітілік кезеңі бір жылдан асатын болғандықтан белігілі маусымда көбею жүйесі болмайды. Онсыз да бұл экватордың маңында маусымдық айырмашылық жоқ. Әрдайым сіздердегі көктем мен жаз секілді. Туғанына бес ай өтісімен ұрғашылар тағы да буаз бола алады. Ұрғашыларымыз өмірі түрегеп туады, ондайда төлдеріміз екі метр биіктіктен төмен  құлайды, бірақ сәлден кейін-ақ орнынан тұрып жүріп кетеді. Қодықтарымыз бір айда 8 см өседі, 18 ай енелерін емеді. Өкінішке орай, қодықтарымыздың 50%-ы алғашқы алты айда леопард және арыстан секілді хайуандарға жем болады. Оларды қорғау үшін барымызды саламыз, бірақ көзді ашып-жұмғанша жоқ болады. Жалт қарасаң арыстанның аузында. Жұлып әкелуге дәрменсізбіз. Жалғыз болсам маған атылған арыстанды қатты теуіп маңайыма жолатпаймын. Сондықтан 10 шақты қодықты 2-3 ересекпен бірге жаямыз. Көру, иіскеу және есту сезімдеріміз дамыған. Бір шақырым жерден келе жатқан арыстанды көре аламыз. Күніге екі сағат ұйықтаймыз.

Басқа жан-жануарлардың еркектері ұрықтану кезеңінде көп төбелесетін болса, бізде ондай жағдай сирек кездеседі. Бірақ егер төбелесетін болсақ бір-бірімізді 1500 кг-дық күшпен бастан ұрамыз. Бұл ұрудан кейін мүйізі, жағы сынған немесе көзі шыққан кездер болады. Қайтейік, табиғатымыз солай! Сондықтан еркектеріміздің бас сүйектері ұрысқа шыдайтындай мықты. Қартайған сайын басымыз ауырлай береді, әр жылда бір килограмм қосады. 20 жастағы бір еркек керіктің басының салмағы 30 килограмға жетеді.

 

Арыстаннан қашу

Өз арамызда ишара ету арқылы хабарласамыз. Тек қауіп төнгенде ғана дыбыс береміз. Мойнымыздың ұзындығын және көзіміздің көрегендігін қолданып, өте алыстан да хабарласа аламыз. Мысалы, 5-10-ымыз бір сәтте құлақтарын тігіп бір бағытқа қадалғанын көрсеңіз, бұл дұшпан жақындап қалды деген белгі. Әрине, ишара берілгесін біз басқа жаққа қарай бет бұрамыз. Қас дұшпанымыз арыстандар бізді ой-шұқырлы жерлерге қарай қуалайды. Шұңқырлы жерлерде қиын, ұзын мойнымыздың кесірінен тепе-теңдік сақтай алмай құлаймыз. Осы сәтте арыстандар мойнымызға атылады. Біз амалға көшіп, хабар алысымен түзу, жазық, еркін жүгіре алатын аймаққа бет аламыз.

Ең жақсы көретін және ең көп жейтін ағашымыз – акация. Мен акация ағашының жапырақтарынан аздап қана жеймін, ағаш қурап қалатындай бәрін түгеспеймін. Жаратушымның жасағаны ғой, сәлден кейін-ақ жапырақтардағы судың дәмі ащы татып кетеді. Өсімдік өз сөлінен ащы заттар бөле бастайды, сосын жеуді тоқтатуға еріксіз мәжбүр боламыз. Ағашқа да жақсылық жасаймыз. Қалай дейсіз бе? Акацияның гүлдерін жеген кезде басыма, мойныма жабысқан полендерді басқа бір ағашты жеуге барған кезде сол ағашқа қалдырып, тозаңдану ісін атқаруға көмектесеміз. Құрт-құмырсқалар қалай өсімдіктерді тозаңдандыратын болса, біз де Африкадағы акация ағаштарының тозаңдануына үлес қосамыз. Бар жағдайымыз осы. Біз Жаратушымызға шүкір етеміз, ұзын мойнымызды Оның құзырын құрметпен иіп тұрамыз. 

1 пікір