Умра. Кіші қажылықтың сауабы
Умра. Кіші қажылықтың сауабы
7 ай бұрын 2473

Умраның артықшылығы мен сауабы жайында айтқан бірнеше хадистер жеткен. Қасиетті мекенге барып, Умра құлшылығын орындап қайту шариғаттың ынталандырған сауабы мол құлшылық түрінен болып саналады.

Умра құлшылығын жасауды ниет еткен мұсылман адам күннен бұрын Умраның шариғи үкімдері мен атқарылар жол-жоралғыларын біліп алғаны жөн. Умра құлшылығын атқару барысында не нәрселерді орындау керек, не нәрселерді орындаған мұстахаб, не нәрселерден тыйылу керек, қайтсе умра бұзылады, қайтсе сауабы кемиді деген сияқты мәселелермен алдын ала танысып алмағы міндетті.

Умраның артықшылығы жайында айтар болсақ, ең әуелі ойға күнәнің жуылатындығы келеді. Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Умра келесі умра арасында болған күнәларды жуып-шаяды. Ал қабыл болған қажылықтың қарымтасы - пейіш». (Бұхари, Муслим).

Осы хадистен Умра құлшылығын атқарудың өмір бойы біліп, білмей жасалған күнәлардың кешірілуіне септігін тигізетіндігін ұғу қиын емес.

Тағы бір хадисте Алла елшісі былай деген:

«Үлкен қажылық жасаушыла мен Умра құлшылығын орындаушылар - Алла Тағаланың елшілері. Олар Аллаға дұға-тілек жасаса, Алла дұғаларын қабыл етеді. Егер, Алладан кешірім тілесе, Алла олардың күнәларын кешіреді». («Ибн Мәжә», Сүнән).

Осы хадистің басқа бір нұсқасында: «Алла оларды шақырғанда олар шақыруына келді, сондықтан, олар Алладан не сұраса, Алла соны береді» делінген. («Ибн Мәжә», «Сүнән). 

Бұнымен қатар, Умра қажылығын жасаушы кісі қос қасиетті мешітте намаз оқу мәртебесіне қол жеткізеді. Аталмыш қос мешітте намаз оқудың өзге мешіттерде оқыған намаздан мың есе сауабы артық. Бұл жайында, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисте былай баяндаған:

«Менің мешітімде (Мединедегі Пайғамбар мешіті) намаз оқудың сауабы өзге мешіттерде намаз оқығаннан мың есеге көп, бірақ (Меккедегі) Харам мешіті басқа. Харам мешітінде намаз оқудың сауабы өзге мешіттерде оқылған намаздың сауабынан жүз мың есе көп». (Имам Ахмед, «Мүснәд»; Ибн Мәжә, «Сүнен»).

Ендеше, Мединедегі Пайғамбар мешітінде намаз оқудың сауабы мың есеге артық болса, Меккедегі Харам мешітінде намаз оқудың сауабы жүз мың есеге еселенеді екен. Осындай ұлы мүмкіндікке Умра жасауға барған кісі қол жеткізбек.

Алла Тағала Умра қажылығына баруды ниет еткен пенделерінің ниеттеріне жеткізіп, сауабын еселеп берсін! Әмин. Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!

  

0 пікір