Талғат АСЫЛОВ: “Шариғатқа сай монша ашу оңай болмады”
Талғат АСЫЛОВ: “Шариғатқа сай монша ашу оңай болмады”
5 жыл бұрын 11811
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН

Талғат аға, Қазақстанда шариғат шеңберіне сай монша ашып, оны жүргізіп отырған алғашқы кәсіпкер өзіңіз екенсіз. Мұсылмандарға қажет осындай монша ашу идеясы қалай келді?

- Рас, жеті айдан бері жұмыс істеп тұрған пайдалы, шариғат шеңберінен шықпаймыз дәстүрлі моншамыз бар. Бұл идеямен үш жылдай “ауырдым”. Бір жыл бойы ойланып жүрдім. Оның алдында құрылысқа қажет техникаларды жалға беретінмін. Моншаның табысынан оның табысы көбірек болатын. Алғаш ашатын кезде бауырларым, туыстарым, айналамдағы достарым “Талғат, бұған неге сонша ақша салып жатырсың? Сыра қоймаған жерде монша бизнесі жүрмейді. Адам тұрақты табыс әкеліп тұрған кәсібін тастап, тәуекелі көп іске сала ма?” деген еді. Оларға дәлелдейтінімді айтып, ісімді Аллаға тапсырып, дұға етіп, тәуекелмен бастап кеттім. Кез келген істің қайырын Алладан сұрап, өзім қолымнан келгенді істей беретін болдым. Басында шариғатқа сай моншаны Алматы бойынша іздеп көрдім. Халал екі ғана сауна бар екен. Бірақ олардың форматтары моншанікіне сәйкес келмейді. Таза демалуға арналған. Ал мен үлкен қоғамдық монша ашқым келді. Бір жолы Тастақ мешітіне жұма намазға барып, Сансызбай ұстазды кездестіріп, осындай идеямның барын айтып, Араб мемлекеттеріндегі қоғамдық моншалар туралы сұрадым. Ол кісі: “Бауырым, ниеттеніп отырсаң, аш. Мұнда қиын ештеңе жоқ. Сенің моншаңа келгендер әурет жерлерін ашып жүрмесін әрі онда ішімдік сатылмасын. Болды. Мұсылман адамға демалуға болмайды деп кім айтты? Қалғанының бәрі болады”, -деді. Осы екеуін ұстандық та, моншаны ашып жібердік. Қазіргі күні Алматыдағы Райымбек пен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында жұмыс істеп тұрғанына 7 ай болды. 

Моншаға келушілерді ішкі ережеге бағындыру қиын болмады ма?

- Ондай қиыншылықтар бар. Елуден асқан ел ағалары әурет дегеннің не екенін түсінгісі келмейді. Монша деп кіріп кеткен ғой. Ішінде жалаңаш жүргілері келеді. Кінәлап, жағамнан алғандар да болды. Моншаның кіретін есігінен жігіттер: “Аға, бізде дәстүрлі монша. Арнайы шорты киіп жүру керек” деп ескертеді. Ондайда діннен хабары жоқ адамдарға түсіндіру қиын. Команда жинауды бастағанда да ондай талап қоймасам да 80пайызы намаз оқитын, құлшылығына немқұрайлы қарамайтын қазақтың балалары боп шықты. Өзге моншаларда істеген жігіттер де менде жұмысын жалғастырып жатыр. “Бұрын жұмыстан басылып, шаршап қайтушы едік. Намазымыз оқылмай қалатын. Содан кейін жұмыстан шығып кеттік” дейді. Бізге хабарландыруды көріп келген. Мұсылман моншасы екендігімізді біліп, “Алладан жасаған дұғамыз қабыл болды” деп қатты қуанды. Массаж жасайтын жігітіміз де Қытайдан Шығыс медицинасын оқып келген мықты маман. Массаж, хижама, ине салудың түр-түрін біледі. Келе салғанда Жезқазғанда жұмыс істепті. Ол да: “Маған әйел адамдарға массаж жасататын. Қазақстанға келгенім жаңа. Бас тартсам аш қаламын ғой деп қиналып, жасап жүрдім. Түнде шошып оянатын кездерім де болды. Ақыры шыдамай, жұмыстан шығып Алматыға келдім. Келген күні сіздердің хабарландыруды көрдім”, - деді. Маған хабарласып: “Азаматтық алғаныма бір жарым ай ғана болды. Жұмысқа қабылдайсыз ба?” – деді. Мен бірден шақырдым. Сөйтсек, ол да намазхан жігіт. Жезқазғаннан шариғатқа қарсы жұмыс істедім деп, қашып келген беті екен. Аллаға шүкір, жеті айдың ішінде тұрақты клиенттеріміз де пайда болды. Сонау ГРЭС-тен, Қаскелеңнен келіп тұратын адамдар бар. Өйткені, моншамызды клиенттердің сұранысына сай қылуға тырыстық. Екі булайтын бөлмеміз бар. Орыстыкі мен түріктікі. Бассейн, шайхана, массаждың да небір түрі бар. Бір келген адам қайта келгісі келіп тұратындай жағдай жасалған.

Моншаға дейін қандай да бір бизнесіңіз болды ма? 

-Иә, кішігірім кәсіптерім бар болатын. Өзімнің негізгі мамандығым – қаржыгер, банк ісін бітіргенмін. 2007 жылы дағдарыс болатында 4-курс студентімін. Солай дағдарыс келіп, “Ұлттық банктің бастығы боламыз” деген арманымыздың күлі көкке ұшты. Қызыл дипломмен бітірген мені мамандық бойынша ешкім жұмысқа алмады.

Қай оқу орнын бітірген едіңіз?

-Тұран университетін бітірдім. Оған дейін Алматыдағы N62 лингвистикалық мектеп-гимназияны алтын белгіге тәмамдағанмын. Оқуға кішкентайымнан зерек болдым. Үйде үш қыздың ішінде жалғыз ұл, ерке боп өскен баламын. Өзім 3-курста оқып жүргенде үйлендім. Содан бастап “Әкемнің мойнында отырамын ба? Ұят қой. Еркек емеспін бе, жұмыс істеуім керек” деген ой маза бермеді. Дипломы бар қаржыгер болсам да, түрлі жұмыстар істедім. Ол уақытта барлық жерде қысқарту болып, біз түгілі неше жылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыстан босап қалып жатты. Содан мемлекетке алақан жаюға, жағдайымызды жасап берсін деп қарап отыруға болмайтынын түсіндім. Кәсіптегі алғашқы жолым алып-сатудан басталды. 

Ол қандай тауар еді?

- Әкем Қытайда, Нылқы қаласында дүниеге келген. Кейін Райымбек ауданы Сарыжаз ауылына тұрақтаған. Анашым Ұйғыр ауданы, Сүмбе деген ауылдікі. Менің бала күнімде Шонжыда тұрдық. Сонда 2-сынып бітіргенше оқыдым. Шонжы тауларының баурайында жаздың соңына қарай қозықұйрық өседі. Ауыл тұрғындарының бәрі соны жинап, маринадтайды. Кәсібі сол. Оны Алматыдағы алыпсатарлар әкетіп, осында сатады. 3-курс студентімін. Әкем ол уақытта жүргізуші болып жұмыс істейтін. 1994 жылғы “Субару” көлігін несиеге алған болатын. Сол көлікпен әпкем екеуміз жаңағы қозықұйрықтарды (саңырауқұлақ) алуға барамыз. Үш-төрт бөшкеге тиеп әкелеміз. Әлі есімде, ол жақтан келісін 400теңгеге алып, мұнда мейрамханаларды аралап жүріп, қыркүйек, қазан кездері 800 теңгеге сатамын. Бір орыстан “Жаңа жылға қарай саңырауқұлақтардың бағасы 2000теңге болады” дегенді естіп қалып, бөшкемен үйге жинайтын болдым. Жаңа жылдың алдында науқан басталады екен. Сөйтіп саңырауқұлақтың арқасында 4-курстағы әйелімнің, өзімнің оқуымның ақшасын төледім. Үйленетін кезде әкем: “Жассың ғой, ерте емес пе? Жалғыз өзім ақша жеткізе алмаймын ғой” деген еді. “Сүйем, күйем. Өзім бір жағыңыздан шығысам” деп болмай үйлендім. Ол уақытта әкем жалғыз өзі жұмыс істейді, анам ІІ топтағы мүгедек. Әкеме берген сол сөзімде тұрдым. Саңырауқұлақтан жақсы ақша жасадық. Сол кездегі әпкемнің көмегін еш уақытта ұмытпаймын. Менде ақша жоқ қой. Ол жездемнен сұрап жүріп, 80 мың теңге алып берген. Оны бір рейстен-ақ қайтарып алдық. 

Сіз алтын белгіге бітіріп тұрып, оқуға ақылы бөлімге түстіңіз бе?

- Біз бітірген 2004 жылы алғаш ҰБТ деген дүние басталды. Тестке біліміме сенімді болып кіргенмін. 80-ақбалл жинадым. Ертеңіне апелляциялық шағым жасап, комиссияның алдына кірдім. Барлығы бір кабинетте отыр екен. Бір пәннен бір ғана сұрақтан қарастырды. “Менің 80 балл алуым мүмкін емес. Сіздер жасаған тестте қате көп” деп мен де қоймаймын. Өз есебімде 108-110 балл алуым керек. Ақыры мені келесі кабинеттегі комиссия төрағасының алдына кіргізді. Қалған төрт мұғалім бар, бесеуінің ортасында жалғызбын. Сол кезде төраға маған: “Сен бала осы тестті жасаған Қазақстанның барлық профессорларынан жалғыз өзім ақылдымын демексің бе?” – деді. Мен де “Дәлелдеймін, маған қиянат жасамаңдар” деп қоймаймын. Сонда ол кісі: “Бала, сен үлкен өмірге енді қадам басып келе жатырсың. Мұндай жағдайлар өмірде көп кездеседі. Сен шу шығарма. Егер шу шығарсаң, мүлде дисквалификация жасап тастаймын. Негізі бізге бір баллдан артық қосуға болмайды, жарайды, саған үш балл қосып берейін. Соны қанағат тұт”, - деді. Әпкеме де жағдайды түсіндірді, амалсыз басымыз салбырап үйге қайттық. Еркек болсам да, бір бөлмеге кіріп алып, қатты жыладым. Содан таңғы сағат төртте бар болғаны 17 жасымда қан қысымым көтеріліп, ауруханадан бірақ шықтым. “Әбден зорығу” деген диагноз бар екен. Ауруханада жатқанда әкем: “Балам, жаным кеудемде болса, сені оқытпай қоймаймын. Қатарластарыңнан қалма. Енді бұлай уайымдамашы, маған сау бала керек”, - деді. Мен оқымайтынымды, келесі жылы қайта тапсыратынымды айтқанмын ғой. Ауруханада 10 күн жатып емделіп шықтым. Негізі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетке геодезия мамандығына тапсырғанмын. 

Сол салаға қызығушы ма едіңіз?

- Жоқ, алған балыма сәйкес қарастырғаным ғой. Әке-шешеме салмақ салмай, грантқа ілігіп кетсем деген ой болды. Бір күні газеттен “Тұран университеті 80 баллдан жоғары алған талапкерлерге ішкі грантын береді” дегенді оқып қалып, құжаттарымды политехтан қайтарып алып, Тұранға тапсырдым. Олар маған бір жылға 45 мың теңгемен оқитын мүмкіндік берді. Оқудың негізгі бағасы сол кезде 120мың теңге болатын. Шынын айтсам, ол кезде мамандық таңдайтындай болған жоқпын.

-Бірақ өзіңіз кім болғыңыз келуші еді?

- 7-сыныптан бастап кәсіпкер болғым келетін. Қазіргідей емес, ол кезде бұл мамандық сәнде болмайтын. Менің мұндай қорытындыға келуім әкемнің қиналғанын көріп өскеннен шығар. Үйде төрт баламыз. Анам мені бір бүйрекпен босанған. Бойына біткенімде дәрігерлер “Алдырып тастамасаң, өз өміріңе қауіпті. Біз тудырмаймыз” депті. Ол уақытта Шонжыда тұрады екен. Содан әкем мен анам қашып, Алматыға келеді. Осында айы-күні толғанға дейін тығылып жатып, тек толғақ келгенде ғана жедел жәрдем шақырып, 1-перзентханада дүниеге әкеліпті. Үш қыздан кейін ұл болатынына сенсе керек. Үміттері ақталыпты. Содан айтайын дегенім, анашым мен ес білгелі ауруының себебінен ешқайда қонаққа да бармайды, үйден шықпайды. Біз маңайында күтім жасап жүреміз. Әкеме де Алла разы болсын. Көп еркек ондай жағдайға шыдамайды ғой. Өзі кешкі сегізге дейін бастығын тасиды. Одан қызметтік көлігімен түннің бір уағына дейін таксист болады. Сол жетіспеушілік қатты әсер етсе керек, кәсіпкер болғым келетін. Әкем мен шешемді үлде мен бүлдеге орасам дейтінмін. 1995жылы Алматыға көшіп келдік. Қазіргі “Пайдалы монша” тұрған жерден үй сатып алдық. Балалық шағым сонда өтті, сонда үйлендім, балаларым дүниеге келді. Жас отбасы ретінде мемлекеттен үй алғаннан кейін бұрынғы үйіміздің орнына монша салдым. 

-Белгілі инвестор Марғұлан Сейсембай: “Кәсіпкерлерден қалай жетістікке жеткенін емес, қалай қателікке ұрынғанын сұраңдар” дейді ғой. Өйткені, қателіктер ұқсас келеді екен. Сіз де бизнесте жүрген уақытыңыздағы сондай бір сүрінген шағыңыз туралы айтып беріңізші. Мүмкін өзгелерге сабақ болар... 

- Ең үлкен қателігім ашкөздік болды. Негізі ақша адамды бұзады екен. Исламнан алыстау кезім. 2010 жылдары Жаркент, Есік, Қаскелең қалаларында покерлік клубтарымыз болды. Ол кезде рұқсат етілген, Спорт және туризм министрлігіне қарайтын. Алған лицензиямыз да бар болатын. Сол уақыттары ашкөздік пе, әлде шайтан биледі ме, мен үшін ақша бірінші орында тұратын. Отбасымда да жағдай қиындай берді. Бизнесте де серіктестерімізбен сөзге келе бастадық. Басында бір-ақ нүктеміз болып, ақша аз кезде көп ұрыспайтынбыз. Ақша көбейген кезде бұзыла бастадым-ау, шамасы. Келіншегім көңіл бөлгенімді қалайды. Ал мен түнімен істегеннен кейін тәуліктеп үйге қонбаймын. Оған “Ойнап жүрмін бе, ақша тауып жатырмын” деймін, өзімше. Достармен де арамыз ажырай берді. Ашудан ба, бәлкім адам менсінбеушілік болып кетті ме, қарапайым адамдарға дөрекі сөйлеу пайда болды. Құдай өзі тәубемізге келтірді ғой. 2012 жылы “бәрі жабылсын” деген жаңа заң шықты. Ашкөздіктен, келіп жатқан ақшадан айрылғымыз келмей тығылып жұмыс істей бастадық. Барлық айғақтарын асықпай жинаған екен, бір күні қаржы полициясы ұстады. Ақыры не керек, үлкен айыппұл төлеп құтылдық. Сол кезге дейін жиған-тергенім, көлігім, барлығы кетті. Жиһазымыз, керек-жарағымыздың бәрін тәркіледі. Содан аспаннан жерге түстім. Ақша жоқ болды. Барлығынан айрылдым. Сонша үміт артып отырған жалғыз ұлынан көңілі қалмасын деп, әкешіме жағдайды басқаша жеткіздім. Артық кеткенімді кейін ғана түсіндім. Келіншегім екеуміздің арамыздағы жылулықты қайтару үшін Тұран университетіне апарып: “Екеуміздің махаббатымыз осы жерде басталып еді ғой. Бәрін қайта бастайық” дедім. Аллаға шүкір, сол сезімді қайтардық. Содан іс істеп үйреніп қалған адам, ақырындап техникаларды қолға ала бастадым. Негізі одан бұрын көлік алып сатумен айналысқанмын. Ол кезде де үлкен ақша таптым. Көліктерді Америка, Германия, Литва, Ресейден әкеліп сататынмын. Кейін шекара жабылған соң, жүк машиналарына көштім. Барлығынан айрылғанда, әкемнің көлігі қалған. Соны сатып, қайта қаражат жинап, үлкен техникаларға кірісе бастадым. Шыны керек, менде бизнесімнің есеп-қисабын сауатты жүргізу, жүйелеу деген әңгіме болмапты. Есепші деген атымен жоқ, өзім есепшімін. Қазір еске түсірсем, оның барлығы жабайы алып-сату екен. Бизнес деп айтуға келмейді. Мен ауырып қалсам, ешбір жұмысым жүрмейді. Жан рахаты деген мүлде жоқ. Кәсібімді жақсы көрмеймін, тек ақша табу үшін істеп жүрген екенмін. Ал қазіргі монша бизнесінен жаным рахаттанады. Мысалы, бізде имамдарға, медреселер мен Нұр-Мүбәрак университетінің ұстаздарына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Олардың немесе қарапайым адамдардың “Бауырым, рақмет. Саған Алла разы болсын” деген бір ауыз сөзі кәдімгідей қанаттандырады. 

-Басқа бизнес емес, неліктен моншаны таңдадыңыз?

- Бұл –таза бизнес тұрғысынан шешілген шешім. Намаз оқып жүрген соң қоғамға пайдамызды тигізіп, шариғат шеңберінде жұмыс істегіміз келді. Басында халал тауарлар сататын супермаркет ашқым келген. Сөйтсем, ондай супермаркеттерге көп адамдар кіре бермейді екен. Дүкені бар адамдар пайданың 40-50 пайызын арақ-шарап пен темекіден көретінін айтты. Бизнес тұрғысынан тиімсіз екені айдан анық еді. Одан кейін мұсылман қыздарға арналған киіммен айналысқым келді. Бұл бағытта да біраз ізденіп көріп едім, конструктор-модельер табу қиын екен. Ақыры не керек, моншаға тоқтадым ғой. Оған дейін барған моншаларыма кемшілігін айтып жүретінмін. Бір күні “Талғат, сен жұрттың бәріне минусын айта бергенше, минусын плюс қып өзің ашпайсың ба?” деген ой келді. Бизнестің жүретін бірден бір жолы –қоғамның проблемасын шешу. Қажеттілігін өтесең, саған адамдар келеді. Байқап қарасам, бұл сала бос екен. Бәсекелестік жоқ. Бірақ зерттей келе білгенім, адамдар моншаға сыра ішу үшін көп барады екен. Алайда бу үшін баратындар да кездеседі. Соның бәрін жинап, қағазға түсіріп, бизнес-жоспар құрдым да кірісіп кеттім. Көп адамдар біздің “русская парилкамызға” оң көзқараспен қарайды. Расымен біз оған үлкен күш салып, үш қабатты изоляция жасағанбыз. Ыстықты жақсы ұстайды, ауа алмасып тұрады. Сыра іше алмаса да, парымыз үшін келетін орыстар бар. “Шыққан соң үйге барып ішіп аламыз” дейді. Барынша халық үшін жасадық. Инстаграмнан көріп жүріп, Қызылордадан Алматыға келгенде, біздің моншаға арнайы ат басын бұрғандар да бар. Қырғызстаннан сауда жасайтындар, Мысырдан, Сауд Арабиясынан келетін қонақтар да бізге келеді. Мен кішкентай монша аштым деп жүрген кезде, өзім ойламаған жерден мойныма қазақтың қонақ күту мәдениетінің аманаты жүктелген екен. Бұл бір керемет сезім. 

Монша қанша адамға арналған?

Елу адамға арналған. Әзірге әйелдерге қызмет көрсетпейміз. Бірақ 2-қабаттан ерлі-зайыптыларға, қыз-келіншектергеарналған жеке бөлмелер даярлап жатырмыз. Құдай қаласа, биылғы жылдың жоспары сол, ашылып қалар. Моншамыздың ішінде арнайы шайханамыз да бар. Онда 12түрлі шай, 18 түрлі салқын сусын бар. Тамақтан біріншіге қазағымыздың қара сорпасы берілсе, екіншіге ташкенттік палау әзірленеді. Аспазымыз да Ташкенттен келген қандас бауырымыз. Дәмді дайындайды. 

-Ал намазға қалай бет бұрдыңыз?

- “Құдай қазаққа не өлгенде, не қиналғанда керек” деген сөз бар ғой. Менде де тура сондай жағдай болды. 2007 жылы әкемнің ағасы қайтыс болып, баласы елдегі үйінің орнына мешіт салдырғысы келді. Сол ағам ақшасын беретінін айтып, мешіт жұмысын жүргізуді маған тапсырды. 

-Ол кісі намаз оқушы ма еді?

- Жоқ, оқымайтын. Бірақ имамдардан мешіт салудың сауабы туралы естіген ғой. Әкесінің артынан сауабы баратынын ойлап, салдырғысы келген. Екі жыл бойы сол мешіт құрылысының басы-қасында жүрдім, Алматы облысы имамдарымен тығыз байланыста болдым. Сол кезде кітаптар оқып, ол кісілерден сұрап әсерленіп жүретінмін. 2009 жылы мешіт құрылысы аяқталып, толығымен Діни Басқармаға өткізіп, Алматыға қайтып келдім. Намазға деген ниет алғаш сол кезде пайда болған. 2009жылы анашым қайтыс болып, бұл маған үлкен соққы болды. Әкешім тұйық кісі, ал анашым екеуміз көп сырласатын едік. Қайтыс болған соң анама 40 күн бойы Құран бағыштап жүріп, Фатиха, Ықылас, Нәс сүрелерін жаттап алдым. Содан покерлік клубтағы жағдайға ұрындық. Одан айыппұл төлеп, қашып шықтық. Екінші мұндай іске жоламастай болып, тәубемізге келдік. Қазіргі тілмен айтсақ, сол кезде менің өмірімде қара жолақ басталды. Покерлік клубтан кейін бастаған ісім кері кете берді. Табыс көзі мүлде болмай, бір жарым жылдай қиналып жүрдім. Ақшаға үйреніп қалған адамға тіпті қиын екен. Сол кезде діннен алыстау бір ағамыз келіп, Қарасазда жол ашатын емші әйел бар екенін “Анау жолын аштырып байып кетіпті, мынау жолын аштырып, жұмыс тауыпты” дегенді айтты. Мешіт салдырған кезде миыма Аллаға серік қоспау мәселесі қатты кіріп қалыпты. Ондай емшілерге баруға болмайтынын айттым. Ағам да “Ол кісі де намаз оқиды, біреу сені оқытып тастаған ғой, барасың” деп қоймады, ертеңіне алып кететінін айтты. Оның дұрыс емес екенін білдім. Жасы үлкен кісі болғаннан кейін сөзін сыйладым. Бірақ бармаудың амалын іздестіре бастадым. Ақыры не керек, сол күні екінтіден намаз бастап кеттім ғой. Біреулер “Дайындалу керек, ең бірінші таң намазын бастап жүру керек. Сосын уақыты келгенде бес уақытқа көшу керек” дейді. Ешқандай уақыты келмейді екен. Тек бастап кету қажет. Намаз бастаған соң жаңағы ағама хабарласып: “Аға, мен ертең бармаймын. Құдай екеуміздің арамызға делдал керек емес. Өзім намаз бастадым”, - дедім. Ол кісі біраз уақыт ренжіп, менімен сөйлеспей жүрді. Кейін өз білімім де артқаннан кейін, бәрін түсіндірдім ғой. Сол оқиға түрткі болды. Ол кезде үйде ешкім намаз оқымайтын. Кейін әкеме “намаз оқышы” деп жалындым. Ол кісі: “Мен қай кезде оқимын? Біреуге тәуелді адаммын, біреулерді тасимын. Зейнетке шығайын, сосын оқимын” деді. Сөзінде тұрып, зейнетке шыққаннан кейін бастады. Басында дәлізге шығып алып, айғайлап азан шақырып жүрдім. Үйдегілер қарсылық білдірсе, “Осылай қатты шақыру керек екен” дейтінмін. Іштерінде бірдеңе оянсын деген ой ғой. Ол кезде менде сабыр жоқ. Бәрі тезірек намаз оқыса екен деймін. Расымен бір әпкем менің азаным әсер етіп намаз оқыды. Қазіргі мына жылтыраған өмірде Алланың жолымен жүру оңай емес. Ал бизнесте тіпті қиын. Бірақ менің қазіргі мақсатым үлкен ақша емес. Балаларымның ішіп-жемі, тұрмысыма жетсе болды. Ақша көп болғанның өзінде Талғаттың жаны тыныш мұндай болған емес. Қоғамға, мұсылмандарға пайдам тисе екен деймін. Пайдалы моншаны басқа қалалардан да көбейтсем деймін. 

Моншаға кірерде арнайы киімдер беріле ме?

- Жалға беріледі немесе өздерімен әкелулеріне болады. Бізде сатылымда да бар. Жаңа шорты бағасы - 1600 теңге. 

Ал моншаға кіру құны қандай?

- Түскі 15.00-ге дейін 1000 теңге, 15.00-ден кейін 1500 теңге. Уақыты шектеусіз. Түнгі сағат 11.00-ге дейін жұмыс істейміз. Бағаны да халыққа қиын болмасын деп есептей отырып қойдық. 

Имамдар мен ұстаздарға жеңілдік барын айттыңыз. Олар кірерде қандай да бір құжат көрсету керек пе?

- Жоқ, жігіттерге “тексермеңдер, сендер құзырлы орган емессіңдер” дедім. Әркімнің ар-ұяты өзіне. Тек бір рет қана алдаған жағдай болды. Тіпті алдап жүргендер болса да Алланың алдында өздері жауап береді ғой. Олардың 750теңгесінен мен байып кетпеймін, олар кедей боп қалмайды. Мен мына нәрсені түсіндім, Алла тағала маған осы айда 1млн теңге ризық жазса, оны ешкім тартып та ала алмайды, бермей де қоймайды. Бәрібір Құдай оның орнын толтырып береді. Бізде бейсенбі имамдар күні. Ертеңгі жұмаға дайындалады ғой. Сондайда моншамыз ұстаздарға толып, басқа адамдар сыймай қалып жатады. Ақшаны есептесем, мен ұстаздарды емес, соларды кіргізуім керек қой. “Имам аз төлейді, аналар көп төлейтін еді” деп ойлаған жерде біткенің. Сол ойдың өзі жеп қоймай ма?!  

Батыстық жазушылар Құдай демесе де “Вселеннаяға не берсең, сол қайтады” деп жатады. Сол нәрсеге менің де көзім жетті. Ол исламда айтылған садақа екен. Біздің моншаның төлейтін пәтерақысы көп. Ақшамыз жоқ емес, бар, бірақ айналымда жүреді. Өткенде мынандай жағдай болды. Жаңа жылдың алдында қалтамда 22мың теңгедей ғана ақша қалыпты. Ал моншаға газдың ақшасы келіп тұр екен, яғни 128 мың төлеуім керек. Төлейтін ақшам да, алатын жерім жоқ. Өзі жұма күні болатын. Жұма намаздан шығып келе жатсам, бір келіншек “Азаматтар, көмектесіңіздерші. Бес бала үйде жатыр. Үйіміз суық, көмір жоқ. Ақшамыз жоқ. Өзім аурумын” деп қатты айғайлап жатыр екен. Қайыр сұрап жүрген адам көп, бірақ ана әйелдің сөзі қатты әсер етті. Ішімнен нәпсім: “Ей, Талғат, анау 128 мыңды жаппасаң, газды өшіріп тастайды. Бизнесіңнің бәрі тоқтайды. Өзіңе ақша керек қой”, - дейді. Тағы бір дауыс “Қазір менің бала-шағам жылы үйде отыр, тамағы бар. Жұмысым бар, сатсам қыруар ақша болайын деп тұр. Олай шағым жасайтындай қақым жоқ шығар. Осы кісі менен мұқтажырақ қой” дейді. Қалтамнан 10мың теңге шығарып бердім.Бір жағынан дүйсенбіге дейін ақша табылар деген сенімділік пайда болды. Мешіттен шығып, қайта жұмысқа бардым. Касса жабылайын деп жатыр екен. Қонақтардың бәрін шығарып салып, кассаны жапсақ, сенесіздер ме, сол күні 128 мың теңге пайда түсіпті. Алланың құдіреті емей, ол не? Оған дейін ондай ақша түспеген. Сол күні рекорд болды. Әрі біз жұма күні жұма намаздан кейін ашыламыз. Шок болдым. Ақшаға бір, есепке бір қараймын. Аллаға шүкір еттім. Сенбі, жексенбі де адам жақсы келіп, дүйсенбіде газды еш қиындықсыз жауып тастадық. Садақама жауапты солай алғанмын. Одан кейін садақа беруді пендешілікпен әдетке айналдырып алдық. Ақша керек кезде барып садақа беретін болдық. Мен садақаны көбейткен сайын рекордымыз да көбейіп отырды. Осыған дейін қанша бизнес жасап жүрмін ғой, ондай кереметті байқаған емеспін. Содан кейін барып түсініп жүрміз, шын ниетпен Алланың разылығын алуды ойлап әрекет етсең, Алла береді екен. 

1 пікір