Ғалымдар ұзақ жасаушылардың басты ерекшелігін анықтады
Ғалымдар ұзақ жасаушылардың басты ерекшелігін анықтады
8 сағаттан соң 167
islam.kz

90 жастан асқан адамдардың қанында ұзақ өмір сүруге ықпал етуі мүмкін ерекше биологиялық белгілер бар. Ғалымдар осындай қорытындыға келіп отыр. Бүгінде ұзақ жасаушылар әлемдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан жас топтарының біріне айналған. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері олардың саны әр он жыл сайын екі есеге жуық артып келеді.

Адамның неліктен ұзақ өмір сүретінін зерттеу кеше басталған жоқ. Осыдан 2300 жылдан астам уақыт бұрын Платон мен Аристотельдің өзі қартаю үдерісі мен оның себептері туралы ой қозғаған. Содан бері бұл тақырып ғалымдардың назарынан түскен емес. Қазіргі зерттеушілер де ұзақ әрі сергек өмір сүруге әсер ететін факторларды анықтауға күш салып келеді.

35 жылға созылған зерттеу

«GeroScience» журналында жарияланған жаңа зерттеуде 90 жастан асқан адамдардың қанындағы ортақ биомаркерлер зерттелген. Атап айтқанда, холестерин, глюкоза (қант) және басқа да қан көрсеткіштері сараланған. Бұл туралы Ұлыбританиядағы Independent басылымының Indy100 сайтына сілтеме жасаған «Әл-Арабия» хабарлады.

Зерттеу осы саладағы ең ауқымды жұмыстардың бірі саналады. Ғалымдар 100 жасқа жеткен адамдардың қан көрсеткіштерін өмір жасы қысқалау болған замандастарымен салыстырған.

Зерттеуге 64 пен 99 жас аралығындағы 44 мың швед азаматы қатысқан. Олар медициналық тексеруден өткеннен кейін, денсаулық жағдайы Швецияның ұлттық тіркелімдері арқылы 35 жыл бойы бақылауда болған.

Зерттеу соңында қатысушылардың 2,7 пайызы, яғни 1 224 адам ғасыр жасаған. Олардың 85 пайызы әйелдер екені анықталған.

Ұзақ өмірдің сыры - қандағы көрсеткіштер

Ғалымдар ұзақ жасаған адамдарда мынадай ерекшеліктер жиі кездесетінін байқаған:

  • қандағы глюкоза (қант) деңгейінің төмен болуы;
  • бүйрек қызметін көрсететін креатинин деңгейінің төмен болуы;
  • несеп қышқылы деңгейінің төмен болуы.

Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіштер ағзадағы зат алмасудың дұрыс жүретінін және ұзақ өмір сүруге ықпал ететінін аңғартады.

Ген ғана емес, өмір салты да маңызды

Зерттеу өмір салтының ұзақ жасауға қаншалықты әсер ететінін нақты анықтай алмаған. Өйткені оған тамақтану тәртібі, дене белсенділігі, темекі мен алкогольді пайдалану сияқты көптеген факторлар әсер етеді.

Соған қарамастан, мамандар дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу және ағзадағы зат алмасудың қалыпты болуы ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің маңызды алғышарттарының бірі екенін айтады.

Қорыта айтқанда, адамның ұзақ өмір сүруге бейімділігі өмірінің соңғы кезеңінде ғана емес, ондаған жыл бұрын-ақ қан көрсеткіштерінен байқалуы мүмкін. Демек, ұзақ жасауда тұқым қуалаушылықпен қатар, салауатты өмір салтының да маңызы зор.

Дереккөз: alarabiya.net, қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір