Оразаның ғажайып сырлары
Оразаның ғажайып сырлары
6 жыл бұрын 10050
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Ораза барша мұсылманның парызы. Оның ішіп-жеуден тиылу екені анық. Шын мәнінде ораза ұстаудың барлық сыры осы ғана ма. Ашығу барысындағы адамға келетін пайда не? Егер оразаны ас-ауқаттан тиылу ғана деп түсінсек, оның таңғажайып қадірі қайда қалады. Жалпы біз оразаны не үшін ұстаймыз?...

Барша ғаламды жоқтан жаратып, асқан құдыреті мен ұлылығын сол жаратылыс ішіндегі саналыға танытқан Хақ Тағалаға шексіз алғыс, теңдессіз мадақ. Оның ақырзаманда қара қылды қақ жарып, жер бетінің түнегін сейілтіп, рақым нұрын шашқан ғаламның Рақым Нұры – Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарына салауат айтып, сәлем жолдаймыз.

Алла Тағала адамзатты Өзіне құлшылық етіп, толық адам шыңына жетсін деп жаратқан. Сондықтан да Ол әу бастан-ақ жұмыр басты пендесіне Өзіне қалай құлшылық қылу керектігін уахи арқылы білдірген. Соның бірі – ораза. Парсы тілінен енген бұл сөздің арабшасы «саум». Саум қазақ тілінде нәпсісін тежеу, тосқауыл жасау мағынасына саяды. Ораза ақырзаман Пайғамбары мен оның (с.а.у.) үмбетіне ғана емес, бізден бұрынғылардың бәріне де парыз болған. Бірақ араларында өзгешеліктер бар. Ал біздерге ораза Пайғамбарымыз Мәдинаға хижрат еткен соң, бір жарым жылдан кейін Шабай айының оныншы күні парыз етілген. Құранда «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/187).

Ораза – Рамазан айы. Пайғамбарымыз(с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Алланың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару. Жалпы Рамазан айы өте мүбәрак ай. Сол айда оразадан бұрын, ең әуелі жер бетіне Құран түскен. Яғни, сол ай бұдан шамамен он бес ғасыр бұрын жер беті қараңғылық шәлісін бүркеніп тұрған шақта, атқан таңдай жарқырап, Пайғамбарымызға уахи келген еді Һәм сол айда мың айдан да қайырлы «қадір түні» бар. Сол түннің қадірін біліп, түні бойы Құдай Тағалаға құлшылық қылып, таң атырған мұсылман шамамен сексен жылдық сауапқа ие болмақ. Сол себепті Рамазан айында жәһаннамның қақпасы жабылып, жәннаттың алтын іспетті алып қақпаларының айқара ашылуының сыры сонда. Иә, Рамазан айында жер бетіне бейне бір жәннаттың қақпаларынан шелектеп нұр құйылғандай, Рақым Тағаланың рақымы төгілмек. Әсіресе, осы бір ерекшелік ораза ұстаған мұсылман өлкелерінде жақсы сезіледі. Байқап қараған жанға Рамазанның алғашқы атқан таңы мүлдем өзгеше атқандай болады. Әсіресе, ақшам одан кейінгі тарапа намаздары, жұлдыздары самсаған түнгі аспандары, таң сәресі бәрі де басқаша болмақ. Бірақ, әлбетте тым құрыса жылына осы айдың өзін бағалай білмегендер, көп сый-сияпаттардан құр қалады.

Хақ Тағаланың бізге парыз еткен оразасында көптеген хикметтер бар. Ораза әуелі адамның нәпсісін тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Пайғамбарымыз нәпсімен күресуді «үлкен жиһад» деп атаған. Адам баласының өзгемен күресуі оңай. Бірақ нәпсісімен күресіп оны жеңуі аса қиын. Мұсылман өз елін жаудан қорғап, солардың қолынан қаза тапса шейіт, жеңсе өле-өлгенше соғыс ардагері атанып еліне құрметтеліп өтеді. Сондықтан бұл «кіші жиһад» аталған. Алайда нәпсімен күрес мүлдем басқа һәм алдыңғыдан қарағанда аса қиын да қауіпті. Адам баласы нәпсісімен күресіп ақырында бейне оның алдында тізе бүксе қоғамның ең жаманы атанып, бүлікшілікке жол ашады. Өйткені ол нәпсісінің айтқанын істеп, ел ішінде парақорлық, зинақорлық т.б күллі жамандыққа барады. Сол себепті нәпсісін пенденің тез арада жеңе қою да қиын. Адам онымен бұл өмірден көз жұмғанға дейін алысып, арпалысып өтпек. Өмірде нәпсісін жеңгендер де кездеседі. Оларды «бұл ғұмырда оянып, «толық адам» шыңына» жеткендер деп атайды. Ондай адамдардың нәпсісі батырдың арғымағына айналады. Алайда соның өзінде адам атын тізгіндеп отырмаса кенеттен лағып кетуі ықтимал. Міне, сондықтан сол нәпсіні арғымаққа айналдыру жолының ең басында жоғарыда айтылған ораза келеді. Яғни, нәпсісін адам баласы аш қалдырғанда ғана тәрбиелей алады. Менмендікке салынып, жүгенсіз кеткен нәпсі бір ай бойы аш қалғанда, әуелде асау аттай тізгінге ерік бермей аспанға шапшып, құтырынып жұлқынғанмен бірте-бірте икемге келе бастайды. Міне сол уақытта пенде өзінің мына жалған ғұмырда қаңбақтай қауқарсыздығын сезініп, ымырт қараңғысында қол байлап, жұртпен бірге тарапаға тұрғанда, іштей әлдебір өзіне беймәлім сезімдердің тұңғиығына батып, Ұлы Жаратушыға тағзым етеді. Осы бір шақтың тәттілігі сол – Рамазан айы аяқталғанда асыр салып қуанғанмен көп ұзамай жүрегінің түкпірінде әлдебір өз ырқынан тыс бір тылсым нәрсенің сол шақты аңсағанын дүрбелең диірмен-дүниенің жетегінде бірде бұлқынып арта қалып, бірде оза шауып кетіп бара жатып кейде аңғарғандай болады. Бірақ пенденің жыл айналып, сол бір тәттілік шаққа қайта қауышуға күрмеуге келмес келте ғұмыры жете ме, жетпей ме ол жағы беймағлұм...

Оразаның ауыз бекіткен адамға ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамға да олжасы бар. Ораза қоғамдағы ауқаттылар мен кедейлердің арасында байланыс құрайды. Кейде дәулетті адам дүниенің қызығына батып, мастықтан айыға алмай күй кешеді. Оған ұғымында аш болу, аштық азабын тарту деген нәрсе болмайды. Сондықтан да қаншама көше бойлап, ат үстінде кетіп бара жатып, қыстың қақаған аязында титтей бала-шағасына бір жұтым ыстық сорпа ішкізудің қамын ойлап, әкесі жүк тасып, анасы аяқ-қолы үсіп, айран-сүт сатып тұрғандарын күнде көрсе де, оның санасына жанашырлықтың сәулесі түспейді Һәм сол көшелерде сан мәрте ескі киімі бойын жылытпай бүрсең қағып, дірдектеп қол ұзатып қайыр сұраған қарт кісілерді де көрген болуы мүмкін. Бірақ ешуақытта жүрегі селт еткен емес. Ал Рамазан айында адам ауыз бекітіп, нәпсілері аш қалып, әлгілердің күйін кешкенде ғана, олардың жай-күйін аңғарып, жаны ашып, мейірімі оянып оларға қол ұшын бере бастайды. Өзінің қауқарсыздығын сезген ол, күндердің бір күнінде мыналар секілді қартаятынын, өлімге бет алатынын сезінеді. Сол кезде оған барлық жоқ-жітіктер мен шарасыз қалған қариялар өзінің өмірдегі ең жақын адамдарындай бола қалады...

Тағы бір оразаның керемет қасиеті жұмыр басты пендені сабырлылыққа баулиды. Кейде адам өзінің алға қойған мақсаттарына тез жеткісі келеді. Бірақ олай емес. Адам бір ағаштан жеміс алу үшін оны бірнеше жыл баптайды. Бүгін егіп, ертең ора алмайсыз. Міне ораза алдағы мақсатына жету үшін адамның бойына төзімділік бітіреді. Өз нәпсісіне тізгін салып, ертеден қара кешке дейін аш қалып, Алла үшін сабыр ете білген адам, басқа уақытта да сабыр ете біледі. Алла Тағала Құранда: «Алла сабыр еткендермен бірге» дейді. Пайғамбарымыз да: «Әрбір нәрсенің бір зекеті бар. Дене мүшенің зекеті – ораза. Ораза – сабырдың жартысы» деп оразаның қадірін білдірген.

Адам көбіне өзіне берілген сансыз нығметтен басы айналып, Жаратушысын ойлауға мұршасы болмай асып-тасып кетіп жатады. Осындай жолға түспес үшін адамға оразаның пайдасы зор.

Хақ Тағала жалпы жаратылысты адам үшін жаратып, оны жер бетіне халифа етіп, алдына алып дастархан жайып, оның бетін жүз мыңнан астам бір-бірінен өткен тәтті тағамдармен толтырып қойса да, адам «батпан құйрық, неғылған айдалада жатқан құйрық» деуді білмей бейпіл тойымсыз асай береді. Бұлардың бәрі қайда келді, бізге неге берілді деп бір сәт болсын басын ауыртпайды. Бәрі осылай болуы тиіс, бұған лайықпыз дегендей ғапыл ғұмыр кешеді. Ал оразада күн ұзақ бойы нәр тартпай, алдында самсап пісіп тұрған тәтті тағамдарды жей алмай ындыны құрығанда ғана, өзінің шарасыз құл екендігін аңғарып, ырзықтың қадірін сезе бастайды. Ауыз ашарда ғана бір жұтым су ішіп, бүкіл тұла бойы шымырлап қоя бергенде сол су бейне бір жерден емес, басқа тылсым әлемнен келгендей сезінеді. Сонда ғана ол ырзықтың Алла Тағаланың несібесі екендігін тұла бойымен сезініп, терең ықыласпен, бәлкім көз жасы ыршып түсіп: «Аһ! Жаратушы Жаппар Ием-ай! Барлық берген ырыс-берекеңе шексіз шүкір еттім» деп, ақшам намазына ыстық ыждаһаттылықпен қадам басып бара жатады. Үнсіз қадам басып бара жатып азан- тәкбіршінің тәкбірдегі «Аллаһу әкбар» (Алла аса ұлы) сөзі жүрегінің түпсіз тереңде жатқан тылсым әлденеге тікелей әсер етіп, сол әсерден денесін ток ұрғандай тағы бір ыршып, іштей дүр сілкініп, баяғы кісілігінің бәрі қалып, кішілік қалпын бұзбай, басын иіп, именіп, Хақ Тағалаға терең тағзым етіп, намазға тұра бастайды. Оразаның барша сыры осы. Ораза ұстау ішіп жеуден тиылу ғана емес, Алладан кешірім тілеу, жан дүниені иман шуағымен нұрландыру. Бұл ай барша мұсылман тілегінің қабыл болатын айы. Рамазан айы - айлардың берекесі.

0 пікір