Борышкердің есімін қарыз дәптерінен өшірген сахабаның оқиғасы (Сахабалардың өмірінен)
Борышкердің есімін қарыз дәптерінен өшірген сахабаның оқиғасы (Сахабалардың өмірінен)
2 ай бұрын 2924
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Мұсылман дінінде қарыз беру сауапты іс. Тіпті кей ақпарларда қарыз сұрап келгенге қарыз беру - садақа беруден де сауаптырақ делінген. Ислам дінінде қарыз сауап үшін беріледі. Сондықтан да, қарызға процент қосуға және берген ақшасын үстеме өтемемен қайтарып алуға жол жоқ, олай ету ауыр күнә, харам іс. Және де қарыз Алла ризалығы үшін берілетіндіктен борышкердің өтеуге жағдайы келмей жатса, төлей алатын сәтке дейін уақыт танып, оған жеңілдік көрсеткен дұрыс, тіпті мүлдем жағдайы жоқ адамның қарызын кешіріп жіберген де жақсы. Алайда, борышкердің алған қарызын өтеуге күші жетіп тұрса, ең әуелі қарызын өтеуге талпынуы міндет, шамасы келіп тұрса да өтемей кейінге қалдырып жүре беруі үлкен күнә харам болатындығын айтпай кетуге болмайды. 

Төменде берген қарызын сұрап келген сахабаның борышкерге уақыт танып, артынан есімін қарыз дәптерінен өшірген оқиғасымен бөлісіп отырмыз. Сахабалардың әрбір әрекеті мұсылман үшін өнеге болғандықтан, аталмыш оқиғаның да мұсылмандар үшін үлгі аларлық тұсы бары сөзсіз. Бұл оқиғаны сахабаның көзін көрген табиғин әрі сахабаның немересі Убада ибн әл-Уәлид (р.а.) әңгімелейді:

«Біз әкем (әл-Уәлид) екеуміз осы аудандағы Мединелік Аңсарлықтар қайтыс болып кетпей тұрғанда олардан ілім сұрап, біліп алайық деп шықтық. Ең бірінші кездестірген адамымыз - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабасы Әбульюсур болды1. Қасында құлы бар тұғын және қолында бір бума қағаз (дәптер) бар еді. Сахаба Әбуюсурдың үстінде «Маъафир» қаласында тігілетін шапан бар болатын. Құлының да үстінде «Маъафир» қаласында тігілген шапан бар-тын (яғни, өзі не кисе, құлына да соны кигізіп қойған).

Оған (сахаба Әбуюсурға) менің әкем:

- «Ә, көке! Жүзіңізден ашудың белгісін көріп тұрғандаймын. Оның себебі неде? - деп сұрады. 

- Ол рас, - деп жауап қайырды сахаба Әбуюсур (р.а.) және сөзін жалғап оның себебін былай деп түсіндіріп берді: - Харамилік пәленше ұлы пәленшеде менің алашақ дүнием (қарызым) бар еді. Үйіне барып, үйдегілеріне сәлемдесіп, жаңағы кісіні сұрадым. Үйдегілері «үйде жоқ» деп жауап берді. Соның артынша (бес-алты жасар) кішкене бір бала шықты. Мен одан: «Әкең қайда?» - деп сұраған едім, бала: «Даусыңызды естіп, анамның төсегінің астына кіріп кетті» деп жауап берді. Сосын мен, әлгі адамға:

- «Шық бермен! Сен қайда екеніңді білемін!» - дедім. Ол шықты.

- «Менен жасырынуыңа не нәрсе итермеледі?» - деп сұрадым.

Ол:

- «Құдай ақы, сізге түсіндіріп айтайын, Алла елшісінің сахабасы болған сізге жалған айтпаймын!» - деді де сөзін жалғап: - «(Жасырынуымның себебі) мен, Алла куә, тарығып тұр едім (яғни, қарызды өтейтіндей жағдай болмай тұр еді)» - деді.

Мен:

- Құдай ақы ма? - деп сұрадым.

- Құдай ақы! - деді.

- Құдай ақы ма? - деп қайталап сұрадым.

- Құдай ақы! - деді.

- Құдай ақы ма?

- Құдай ақы! - деді. (Оның бұл сөзінен кейін) Сахаба Әбуюсур қарызы жазылған бума қағазды алып, одан әлгі кісінің берешегін және өтеуі керек уақытын өшірді. Сосын әлгі борышкерге қарап:

- «Егер, өтеуге шамаң келіп жатса, қарызыңды өтерсің, ал өтеуге мүлдем жағдайың болмай жатса, саған адал болсын (қарыздан босатамын)» - деді.

Одан соң  сахаба Әбульюсур Убада мен әкесіне қарап:

- «Мен куәлік етемін, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дегенің мына екі көзіммен көрдім, мына екі құлағыммен естідім және жүрегімде сақтаулы (яғни, сөзбе-сөз есімде былай дегені): «Кімде-кім тарыққан борышкерге мәулет берсе (уақыт таныса) немесе қарызының (бір бөлігін не бәрін) кешірсе, қиямет күні Алла Тағала оны өз көлеңкесіне алады» - деген тұғын» - деп хадис жеткізді»2 деп табиғин Убада ибн Уәлид әңгімесін аяқтайды.

Осы оқиғаны кейінгі ұрпаққа әңгімелеп отырған кісінің өзі сахаба Убада ибн Самит (عُبَادَةَ بنِ الصَّامِتِ) есімді сахабаның немересі болып табылады. Алла баршасынан разы болсын! 

Алынар тағылым:

    • Берген қарыздарын арнайы дәптерге жазып немесе нотариус арқылы ресми құжаттандырып, берілетін уақытын белгілеуге болады.
    • Қарызын төлей алмай жатырмын деген борышкердің шын не өтірік айтып тұрғанын нақтылау үшін ант ішкізуге болады (Құдай ақы, Аллаға ант етейін деген секілді).
    • Қарызды өтеуге шамасы келмейтін борышкерді шамасы келгенге дейін уақыт танығаны сауап.
    • Білімдіден ілім алуға талпыну.
    • Осы оқиғадан "балалы үйдің ұрлығы жатпас" деген атам қазақтың аталы сөзі еріксіз ойға оралады.

1  Әбульюсурдың толық аты-жөні Кәъб ибн Амр. «Ъақаба» оқиғасын көрген және «Бәдір» соғысына қатысқан сахаба. Алла оған разы болсын.
2  Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №3000.

0 пікір