Қияметке жақын Иса пайғамбардың жер бетіне түсуі
Қияметке жақын Иса пайғамбардың жер бетіне түсуі
6 ай бұрын 4334

II белгі: Исаның (аләйһис-сәләм) жер бетіне түсуі

а) Исаның түр-тұлғасы

Иса – орта бойлы, қызыл реңді, денелі, кең кеуделі, таралған шашы моншадан шыққандай теп-тегіс және құлағынан төмен түсіп, иығына жетіп тұратын ер кісі.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Исра түні пайғамбарлармен кездескенін айтқанда, Исаны сипаттап: "Орта бойлы, қызыл шырайлы, моншадан шыққандай", – деген1.

Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Исаны, Мұсаны және Ибраһимді көрдім... Ал Иса болса қызыл шырайлы, кең кеуделі, денелі екен", – дейді2.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Исаға ең ұқсас адам – Уруа ибн Масғуд әс-Сақафи"3, – депті4. 

ә) Иса қалай түседі?

Дүниеге Дәжжал келіп жер бетінде ылаң салған соң, Аллаһ тағала көктен Исаны Дамаскідегі ақ мұнараның тұсына түсіреді. Иса түскенде мұсылмандар Дамаскіде қорғаныс шебін құрып, Дәжжал мен көпшілігін яһудилер құрайтын оның әскеріне қарсы соғысқа дайындалып жатады.

Жабир ибн Абдуллаһ (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): "Үмбетімнен бір топ ақиқат үшін Қияметке дейін соғыса береді. Сол кезде Мәриям ұлы Иса түседі. Олардың әмірлері: "Кел, бізге намазда имам бол!" – дейді. Ол: "Жоқ, Аллаһтың бұл үмбетке деген құрметі – сендер бір-бірлеріңе әмірсіңдер", – деп айтады", – деген5.

Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Аллаһ Мәриямұлы Мәсихті жібергенде, ол Дамаскінің шығыс тарапындағы ақ мұнараға үстіне екі киім киген, қолдарын екі періштенің қанатына қойған халде түседі. Ол басын еңкейтсе, (су) тамшылап, көтерсе, інжудей күміске (ұқсайтын су тамшылары) төгіледі. Оның демі (мұрнына) жеткен әр кәпір жантәсілім етеді, ал оның демі көзі жетер жерге дейін тарайды. Сосын ол Дәжжалдың ізіне түседі де, оны Лудд қақпасы (деген жерде) қуып жетіп, өлтіреді. Сонан соң Иса ибн Мәриям Аллаһ (Дәжжалдың бүлігінен) аман сақтаған адамдарға келіп, олардың беттерін сипайды және жаннаттағы дәрежелерін айтады", – деген6.

Бір риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): "Оны (яғни Исаны) Аллаһтың дұшпаны (Дәжжал) көрген кезде, тұз секілді ери бастайды. Егер жайына қалдырғанда, ол жоқ болғанша еритін еді", – деген. 

б) Исаның түсуіне қатысты Құрандағы дәлелдер 

Аллаһ тағала Иса туралы: "Ол – Қияметтің белгісі"7;

"Негізінде, олар оны өлтірмеді де, дар ағашқа кермеді, бірақ оларға ұқсатылды. Расында, ол жайында қайшылықтағылар, әрине, одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді. Жоқ, керісінше, Аллаһ оны Өз тарапына көтерді. Аллаһ – өте Үстем, хикмет Иесі. Кітап иелері Исаға өлуінен бұрын, әлбетте, иман келтіреді. Және ол Қиямет күнінде оларға куә болады"8, – деген. 

в) Исаның түсуіне қатысты хадистегі дәлелдер 

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

"Жаным қолында болған (Аллаһ)пен ант етейін! Сендерге Мәриямұлының түсуі жақын қалды. Ол әділ билік жүргізіп, крестерді сындырады. Шошқаларды өлтіреді, жизияны92 жояды. Мал-дүние асып-тасып, оны алатын ешкім болмай қалады. Тіпті бір реттік сәжде дүние мен ондағылардан қайырлы саналады", – деген. Сосын Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): "Қаласаңдар:

"Кітап иелері Исаға өлуінен бұрын, әлбетте, иман келтіреді. Және ол Қиямет күнінде оларға куә болады"103, – дегенді оқыңдар", – депті11.

Сондай-ақ Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Араларыңа Мәриямның ұлы түсіп, имамдарың өз іштеріңнен болса, қандай болады екенсіңдер?!" – деп айтқан12. 

г) Исаның түсуіндегі даналық 

Исаның түсуі туралы ғұламалар бірнеше пікірлер айтқан:

1. Бұл "Исаны өлтірдік" деген яһудилердің сөздерін өтірікке шығару үшін. Иса пайғамбар оларды және басшылары Дәжжалды өлтіреді.

2. Иса Інжілде Ислам үмбетінің: "Бұл бас жарып, сосын қуаттанып, жуандап, сабағында тік тұрған егін сияқты"13, – деп сипатталғанын көріп, солардың қатарында болуға дұға қылған. Аллаһ оның дұғасын қабыл етіп, тірі қалдырып, ақырзаманда Исламды қайта жаңғырту үшін түсіреді.

3. Иса христиандардың сенімдерін жоққа шығару үшін түседі. Ол түскенде, Исламнан басқа дін қалмайды. Крестерді сындырады, шошқаларды өлтіреді және жизияны тоқтатады. 

ғ) Иса қай шариғатпен үкім жүргізеді?

Иса пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) жолына ілесіп, соның шариғатымен үкім жүргізеді. Ол өзімен жаңа шариғат әкелмейді. Себебі Ислам – Қияметке дейін жалғасатын ең соңғы дін. Иса Ислам басшыларының бірі болып, оның ісін жаңғыртады. 

д) Иса пайғамбардың кезінде болатын береке

 Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): "...Сосын жерге: "Жемісіңді шығар, берекеңді төк", – делінеді. (Сол кездерде) бір топ адам бір анарды жеп, қабығын көлеңке етіп отыратын болады. Сүтке береке келеді: түйенің бір сауым сүті бір тайпаға жетеді, сиырдың бір сауым сүті бір руға жетеді, ал қойдың бір сауым сүті бір әулетке жетеді", – деген141.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): "...Сосын жер бетінде тыныштық болады. Түйелер арыстандармен, сиырлар жолбарыстармен, қойлар қасқырлармен жайылады. Балалар жыландармен ойнайды, ал (жыландар) оларға еш зиянын тигізбейді", – деген15.

Сондай-ақ Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Сендерге Мәриямның ұлы әділ басшы болып түседі. Крестерді сындырады, шошқаларды өлтіреді, жизияны жояды. Мал-дүниені жайына қалдырады, оған ешкім ұмтылмайтын болады. Дұшпандық, жеккөрушілік және қызғаныш жоғалады", – деген16. 

е) Исаның жер бетінде тұратын мерзімі 

Абдуллаһ ибн Амр (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): "Аллаһ Мәриямұлы Исаны жібереді... сосын адамдар екеудің арасында дұшпандық орын алмайтын жеті жыл тұрады. Содан кейін Аллаһ Шам жақтан суық жел жібереді де, ол жер бетіндегі жүрегінде тозаңның салмағындай жақсылық немесе иманы бар бірде-бір адамды қалдырмай, жанын алады", – деген17. 

"Ақырет өткелдер", А.Кадыров, Қ.Спатай, З.Аман 


1  Әл-Бұхари, Муслим.
2  Әл-Бұхари.
3  Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабаларының бірі.
4  .Муслим
5  Муслим
6  Муслим.
7  "Зухруф" сүресі, 61-аят.
8  "Ниса" сүресі, 157-159 аяттар.
9  Жизия – мұсылмандардың қол астындағы басқа дін өкілдерінен алынатын жан басы салығы.
10  "Ниса" сүресі, 159-аят.
11  Әл-Бұхари, Муслим.
12  Әл-Бұхари, Муслим.
13  "Фатх" сүресі, 29-аят.
14   Муслим.
15  Ахмад.
16  Муслим.
17   Муслим.

0 пікір