Арайлап атқан әрбір таңда мен күйеуімнен ертерек оянып, оның ас-суын қамдаймын. Өйткені дайын тұрған дастархан оның көңілін көтеретінін білемін.
Әр күн сайын жұмысына күннің көзіндей күлімдеп шығарып саламын. Өйткені жұмысынан соң мені көру үшін үйге қарай асығады.
Келгенде үйдің айнадай таза, ал дәмді тағамның дайын болуына бар күшімді саламын. Өзім де барынша көрікті киімдерімді киіп, жағымды жұпар себініп алуға тырысамын. Өйткені күйеуім өзімен екі дүниеде бірге болатын адал жарын көргенде көзі тойып, көңілі байыз тапқанын жан жүрегіммен қалаймын.
Үй шаруасының бітпейтін күйбеңдерін үйіп-төгіп, оның еңсесін түсіргенді қаламаймын. Өйткені оның менсіз де жұмысынан шаршап келгенін жақсы түсінемін. Отбасымыздың қажеттіліктерін оның көңілі көтеріңкі, уақыты кең кезде ғана айтып жеткіземін.
Ата-анасын шын ынтаммен құрметтеймін, қолымнан келген бар жақсылықты жасаймын. Өйткені Алла Тағала менің асыл жарымды дүниеге жіберу үшін өзгені емес, дәл сол кісілерді таңдаған.
Туған-туыс, ағайындарын да шын пейілмен, күліп қарсы алуға тырысамын. Өйткені олар мені көріп адамдық қасиетіме баға беретінін сеземін.
Бөтен еркектермен еш уақытта әңгіме сапырып тұрмаймын. Өйткені күйеуім ондай қылықты ұнатпайтынын жақсы білемін.
Ауырып, сырқаттанғанымды да еш білдірмеуге тырысамын. Өйткені оның өз отбасын қатты уайымдатыны маған мәлім.
Ал мазасы қашып, ауыра қалса, әрдайым жанынан табылуға тырысамын. Себебі мен оған өте керекпін.
Иә, кейде ашуға булығып, ренжитін кездері де болады. Бірақ ондай кездерде «ә десе, мә деп», әр сөзіне жауап беріп отырғым келмейді. Себебі оның реніші де, ашуы да шәйі орамал кепкенше.
Рас, кейде қым-қуыт жұмыстарының арасында маған көңіл бөле алмай да қалады. Бірақ бұған ренжімеймін. Өйткені ол не істесе де, отбасының бақыты үшін шаршап жүр.
Біз бәрібір ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Сондықтан кей кейде ыдыс-аяқ та сықырлап қалады. Ондай кездерде көбінесе оны үндемей жеңуге тырысамын. Өйткені қазір болмашы себепке бола талай үйде Алланың алдында қиылған ақ некенің бұзылып жатқаны мәлім.
Айтпай келген кейбір кикілжіңнен кейін бірінші болып кешірім сұрайтын да менмін. Өйткені ақиретте бірінші кешірім сұрағандар мол сауапқа кенелетінін анық білемін.
Ол менің қасымнан қашан да жақсы көңіл-күймен кеткенін қалаймын. Өйткені үйден ұрыс-керіспен шықса, содан соң біреуіміз күтпеген жерден өмірмен қош айтыссақ, ең соңғы ұрысымыз үшін мәңгі қиналатынымызды білемін.
Үй шаруасына жұмса деп берген қаражатын тек қажет нәрселерге ғана үнемдеп жұмсаймын. Өйткені Алла менен оның да есебін міндетті түрде сұрайды.
Үйіміздің қашан да тыныш, берекелі, көңілге жағымды болуына жағдай жасаймын. Өйткені әрбір мұсылман үйленер кезде сондай шаңырақты армандайды.
Әрбір түнде оның менен разы болып ұйқыға жатқанын қалаймын. Өйткені күйеуі разы болмай ұйқыға кеткен әйелге таң атқанға дейін лағынет, қарғыс жауып тұратынын жақсы білемін.
Иә, мен бәрін де дәл осылай жасаймын. Өйткені мен білемін: күйеуім менің жұмағым немесе тозағым!
Асылбек Әуезханұлы, "Ізгілік қалсын әр ізде".