Өмір өзені қияметке қарай ағып барады
Өмір өзені қияметке қарай ағып барады
2 жыл бұрын 3240

Ағысы жылдам өмір өзені кері қарай ақпақ емес. Ағыс тек алдыға қарай ғана. Соны түсінгенімізді қалайтын Ұлы Раббымыз бізді әрбір аятымен тәфәккурге (пікірлеуге) және ойлануға шақырады. Біздің бойымыздан көргісі келетін сипаттарды қиямет таразысымен тарта отырып талап етеді және сол сипаттарға қол жеткізген құлдарының маңызды бір ерекшелігінен хабар бере келе былай дейді:

«Ол құлдарым – қорқынышы барлық жерді жайлайтын сол күннен қорқып, берген уәделерін орындап жүреді». («Инсан», 7).

Қиямет жайындағы аяттар сан алуан. Кейбір аяттар қуантады, кейбір аяттар қорқытады. Мысалы, қияметтің үрейлі сахналарын сипаттайтын аяттардың бірінде былай делінген:

«Ол күнде, көкті, кітаптың бетін бүктегендей бүктейміз де, әуел бастағыдай қайта жаратамыз. Бұл Бізге бір міндет. Шынында Біз орындаймыз. ». («Әнбия», 104).

Түрілген көкті көз алдымызға елестетіп көрейікші. Шексіз мұхиттай көз жүзі. Онда қанша жұлдыздар бар, санына жете алмаймыз. Егер есептесек, сандарымыз таусылып, жетпей қалады. Теңізде, шөлдерде қанша құм данасы болса, соншалықты жұлдыз бар, галактикалар бар. Сол күні соның бәрі бір кітаптың парағы, қағазы мыжылып түрілгендей болып түріледі. Алла Тағала бізге қазірден бастап білдіріп жатыр. Адамдар ол күннің қадір-қасиетін жете түсінсін, келешектеріне дайындалсын деуде. Ғапылдық пен жалқаулықтан арылып, құлшылықтарында жігерлі және ынталы болулары керек. Әйтпесе ол күн басымызға туғанда бәрі де кеш болады. Ол күні қанша өкінсек те пайда бермейді. Ол күні ғалам сілкінетін сілкініс болады.

Қиямет құбылысының үрейлілігі соншалық, аяттарда:

«Ол күні емізулі әйелдің емізген нәрестесін ұмытып, жүктілердің бәрі балаларын түсіргенін көресің. Адамдардың мас күйде теңселгендігін көресің. Олар негізінде мас емес, бірақ Алланың азабы тым қатты». («Хаж», 2).

«Сәбилерді ақ шашты қарияларға айналдыратын сол қияметтің күнінен өздеріңді қалай құтқармақсыңдар?» - деп ескертеді. («Мүзәммил», 17).

Біз бұл өмірде ешбір сәбидің қорыққанынан шашы ағарып, қарияға айналғандығын көрмедік. Бірақ ол күн солай болатынын, сәбилердің шашын ағартып, жүктілердің баласын түсіретіндей көрініс болатынын Раббымыз ескертуде.

Жүректерді көмейге әкеліп, әлемдерді қопарып тастайтын қияметтің күніндегі қорқыныштың дәмін татпаудың, оның орасан апаттарынан қорғанудың жолы бар. Ол қандай жол?

Әрине, сол күннің жалғыз Патшасы Алла Тағаланың достығына жету арқылы. Өйткені Хақ Тағала: «Біліп қойыңдар, Алланың достарына мүлде қорқу жоқ, олар қайғырмайды да» - деп сүйіншілейді. («Юнус», 62).

Ал, Алламен дос болу мәртебесіне жету үшін Құрандағы иләһи үгіт-насихаттарға құлақ асып, оның тәрбиесіне бағынып ғұмыр кешу шарт. Бұған жетелейтін жалғыз жол – махаббат, махаббат және махаббат... Өйткені Оған деген махаббатымыз қаншалықты көп болса, бойсұнуымыз бен құлшылығымыз да соншалықты қуатты және тірі болмақ. Махаббатсыз болмайды. Өйткені ең қиын ғибадаттарды оңай қылатын, ең ауыр қиыншылықтардың ащы дәмін сездірмейтін эликсир – ол, махаббат. Егер толқыған, тебіренткен махаббат болса, адамды басынан аяғына дейін абырой мен береке бағына айналдырып жібере алады1...


1) Осман Нұри Топбаш: «Ықылас пен тақуалық», «Хикмет» баспа үйі.

0 пікір