Нобель сыйлығын иеленген мұсылман арулар
Нобель сыйлығын иеленген мұсылман арулар
9 жыл бұрын 5162
Марфуға Шапиян

Өткен апта басынан Швед академиясы биылғы 2015 жылдың әр саладағы Нобель сыйлығы иелерін жариялап жатыр. Көптің құлағы солай қарай түрулі. Химия саласы бойынша сыйлықты түркиялық Әзиз Санжар алғанда “Түркі дүниесі жасасын!” деп бөркімізді аспанға ата қуандық. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы белорусь қызы Светлана Алексиевичке бұйырды. Осы сәтте “Қазақ қашан Нобельді болады екен?” деген күңкілдер пайда болды. Қазақты айтамыз, бүкіл Ислам әлемінде Нобель алған мұсылмандар саны саусақпен санарлық қой. Мұның сыры неде екен? Ой үстінде әлемдік жоғары марапатқа ие болған мұсылман қыздарын санамалап көрмекке бел будық.

 

Нобель медалінен айырылып қалған Эбади

Ширин ЭБАДИ – ирандық адам құқығын қорғаушы, заңгер. 2001 жылы профессор Торолф Рафто атындағы сыйлықтың лауреаты атанса, 2003 жылы Нобель сыйлығын иеленеді. Нобельдің бейбітшілік сыйлығы Эбадиға “адам құқығы, оның ішінде Ирандағы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау және демократияны дамытуға” қосқан үлесі үшін берілді. 

 

Ширин Эбади 1947 жылы Хамадан қаласында, Мұхаммед Әли Эбади атты профессордың отбасында дүниеге келген. Өзінің шыққан тегі туралы Ширин: “Мен – парсымын. Ұлы Кирдің ұрпағымын” деген болатын. 1969 жылы Тегеран университетінің құқық факультетін бітіріп, 1971 жылы диссертация қорғайды. 1975 жылы Ирандағы әйелдер арасынан шыққан алғашқы сот та осы Эбади ханым еді. Бірақ Ирандағы 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін қызметінен босайды. Солай 10 жылға жуық мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды.

   

1980 жылдары кейіннен өзінің атын шығарған мақалалар мен кітаптарды жазумен айналысады. “Бала құқығы” атты кітабы ағылшын тіліне аударылған. Тек 1993 жылы ғана биліктен заңгерлік кеңес қызметімен айналысуға рұқсат алады. Эбади өзінің адам құқығын қорғауға қатысты еңбектерінде Ислам негіздерінен алыстамайды. Нобель комитетінің басшысы Оле Данболд Мьеэс те: “Эбади адам құқығын қорғау мен Ислам арасынан ешқандай қарама-қайшылық көрмейді” дейді. 2009 жылы Нобель сыйлығы тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Иран билігі Эбадидың банк сейфінде сақтаулы Нобель медалі мен дипломын “салық төлемеді” деп алып қойды. Нобельдің бейбітшілік саласы бойынша сыйлығы тапсырылатын Норвегияның сыртқы істер министрлігі Иранның бұл ісіне аң-таң. Бүгінде Ширин Эбади – Лондон қаласының тұрғыны.

 

Елінің саясатына сыртқы келбетімен де қарсы шыққан әйел

Тауаккул Абдусалам КАРМАН – йемендік журналист, саясаткер, адам құқығын қорғаушы. 2011 жылы Лейма Гбови, Элен Джон-Серлифтермен бірге “әйел қауіпсіздігі жолында бейбіт түрде күрес жүргізгені, әлемді құруда әйелдер қауымының орнын айқындау ісінде” атқарған қызметтері үшін Нобель сыйлығының иегері атанады. Ол – Йеменнен Нобель алған алғашқы адам, сонымен қатар, араб әлемінен бұл сыйлықты иеленген бірінші әйел.

Тауаккул Карман 1979 жылы Йеменнің Мехлав қаласында дүниеге келген. Әкесі Абдусалам Карман - өз еліне белгілі саясаткер, заңгер, екі мәрте Әділет министрі болған жан. Тауакул Карман өздерінің арғы тегі Түркиядағы Анадолының Караман қаласынан шыққанын айтады. Сол себепті ме, 2012 жылы Түркия Карманға түрік азаматтығын ұсынған.

Тауаккул Карман өз еліндегі Сана университетінің экономика факультетін бітірген. Кейін магистр дәрежесін осы университеттің саясаттану факультетінен алады. 2005 жылдан журналистикаға бет бұрып, жеті журналистпен бірігіп “Шынжырсыз журналистика” атты адам құқығын қорғауды мақсат тұтқан ұйым құрады. 2007 жылдан бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз бостандығын қорғау ниетімен түрлі қарсылық акцияларын ұйымдастырды.

Оның өміріне талай рет қауіп төніп, түрлі шабуылдар да жасалды. Сонда да қайсар әйел елдегі демократия үшін жүргізген күресін тоқтатқан жоқ. 2011 жылы Йемендегі түрлі қарсылық акциялары үшін түрмеге де қамалды. Карманның есімі 2011 жылғы Йемендегі революция нәтижесінде әлемге танылды. Тіпті йемендіктер оны “темір әйел”, “революция анасы” деп атаған. Тауаккул Карман Йемен елі жүргізіп отырған саясатқа сыртқы келбетімен де қарсылық білдірді. Ол әдетте сол елдің әйелдері киетін бетін жауып тұратын қара ниқаптан бас тартып, түрлі-түсті хижаб кие бастады. Ол әрекетін: “Ислам қара киінуге, бетті жабуға міндеттемейді. Бұл біздің ескі дәстүрлі киіміміз болатын. Әйелдер өзін қор санауды қоюы керек”, - деп түсіндірді. Ал Мичиган университетінде сөйлеген сөзінде Карман: “Мен - әлем азаматымын, жер – менің елім, адамдық – ұлтым” деген болатын.

 

 

Әлемдегі ең жас Нобельді қыз Малала

 Малала ЮСУФЗАЙ – “әлемдегі балалардың барлығы білім алуы тиіс” деп балалар құқығын қорғаған пәкістандық құқық қорғаушы. Осы әрекеті үшін 2012 жылдың 9 қазанында Пәкістандағы Техрик-и-Талибан атты террористік ұйымның қолынан ауыр жарақат алады. 2014 жылы Кайлаш Сатьяртхимен бірге “балалар мен жастардың құқығы, олардың білім алуы” жөнінде жүргізген күресі үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Ол – әлемдегі ең жас Нобель сыйлығының иегері.

Юсуфзай 1997 жылы 12 шілдеде Пәкістанда дүниеге келген. Ол әлемге 2009 жылдары 11 жасында Би-би-сиде жүргізіп тұрған блогы арқылы танылды. Малала блогында талибтар дәуіріндегі өмірі туралы, қыздардың білім алуына қатысты көзқарастары жөнінде егжей-тегжейлі жазып отырды. 2009 жылдың соңында Малала тұратын Сват өлкесінен талибтер қуылып тасталып, Юсуфзай жүргізген блогы үшін Пәкістанның жоғары сыйлығымен марапатталады. Ал 2012 жылдың 9 қазанында мектептен үйге қайтар жолда ол отырған автобус тоқтатылып, талибтер Малаланы басынан атады. Оқ қыздың басын тесіп өтіп, артында отырған екі оқушыны да жарақаттайды. Пешевар ауруханасында жатқан Малаланың жағдайы өте ауыр еді. Кейін әкесі оны Англияның Бирмингем қаласына апарып, емдетеді. Көрер жарығы бар екен, 2013 жылдың 4 қаңтарында ол ауруханадан жазылып шығады. Ал осы жылдың 12 шілдесінде 16 жасар Малала БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде сөз сөйлейді.

Ал бұл кезде “Талибан” ұйымының басшысы Шахидулла Шахид Пәкістан басылымдарына: “Тағы бір мүмкіндік берілсе, біз оны бәрібір өлтіреміз. Рас, Ислам әйелдерді өлтіруге тиым салады, бірақ теріс жолда жүріп, дінімізге қарсы шыққандарды өлтіруге болады” деп сұхбат беріп жатты. 2013 жылдың 8 қазанында Юсуфзайдың өз өмірін баяндаған “Мен – Малаламын” атты кітабы жарық көреді. Кішкентай қыздың білім алу жолындағы ерлігі әлемді таңғалдырып, оның кітабы мыңдаған тиражбан тарайды. 2015 жылы 12 шілдеде Малала Ливанда Сирия босқындарының қыздарына арналған мектеп ашты.

0 пікір