Мейірбандық пен аяушылық жайында
Мейірбандық пен аяушылық жайында
4 жыл бұрын 3401
Әбу Ләйс әс-Самарқанди (м 911-985 ж.)

Фақиһ (фиқһшы) ғалым Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди былай дейді: Бізге Әбульхусайн Ахмад ибн Хамдан хадис жеткізді. Ол (Ахмад ибн Хамдан) айтты: Бізге Ахмад ибн Харис хадис жеткізді. Ол айтты: бізге Құтәйба ибн Саъид әл-Бәғдәди Мәликтен, Мәлик Әбу Бәкірдің азатты құлы Сүмәйдан, Сүмәй Әбу Бәкірден, Әбу Бәкір Әбу Салих әс-Сәмәннан, ол Әбу Һурайрадан Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігін жеткізді:

«Бір адам жолда кетіп бара жатып, қатты шөлдейді. Бір құдыққа кезіккен ол, құдыққа түсіп, шөлін қандырады. Құдықтан шықса бір тілі салақтаған иттің тұрғанын көреді. Ит қатты шөлдегеннен дымқыл батпақты жеп жатыр екен. Сонда әлгі адам: «Мені шөл қысқандай, мына итті де шөл қысқан екен» деп, құдыққа қайта түсіп, мәсісіне су толтырыпты да оны аузымен тістеп, жоғары шығыпты. Мәсісіндегі суды итке беріпті. Оның бұл әрекеті үшін Алла рахмет айтып, оның күнәларын кешіріпті»[1].

Сахабалар Алла елшісінен: «Уә Расулалла! Хайуандарда біз үшін сауап бар ма? – деп сұрайды. Алла елшісі: «Әрбір тірі жанда сауап бар» деп жауап береді.

Бізге Мұхаммед ибн Фадл хадис жеткізді. Ол айтты: Бізге Мұхаммед ибн Жаъфар хадис жеткізді. Ол айтты: Бізге Ибраһим ибн Юсуф хадис жеткізді.  Надр ибн әл-Аъас Хасаннан, Хасан болса Алла елшісінен, Оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дегендігін жеткізді:

- Пейішке тек мейрбан жан ғана кіреді» дейді Алла елшісі. Сонда сахабалар:

- Уа, Расулаллаһ! Біз бәріміз мейірбанбыз» - деп айтады.

- Кейбіреулеріңе ғана көрсеткен мейірімділікті айтпаймын. Жаппай барлық адамға мейірім көрсетуді айтамын. Алла адамдардың бәріне мейірімін төгеді» - дейді Алла елшісі[2].

Фақиһ Әбу Ләйс ас-Самарқанди айтады:

Саған бұрынғылардың жолымен жүру керек. Шынында Алла Тағала Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларын «Өзара мейірбан» деп[3], бір-бірлеріне деген мейірімділіктері себепті мақтаған. Олар мұсылмандарға және бүкіл халыққа мейірімділік танытатын. Мұсылманың не, олар діні бөтендердің өзіне (зимми) мейірбан еді.

Әзіреті Омар (радияллаһу анһ) әркімнің есігін қағып, қайыр тілеп жүрген діні бөтен зимми бір қарияны көреді. Әзіреті Омар оның жанына келіп: «Саған жас кезінде жизия (налог) төлетіп, бүгін қартайғаныңда тәлкекке түсірсек, саған әділетсіздік жасаған болмаймыз ба?» дейді де оның ішім-жемін қазынадан беріліп тұруын бұйырады[4]...

Хасан (радияллаһу анһ) Алла елшісінің былай дегендігін жеткізген:

«Кейінгі үмбетім (бүдәлә) оқыған намазы мен ұстаған оразасының көптігі себепті пейішке кірмейді. Алла Тағала оларды жүректерінің тазалығы, жандарының жомарттығы және барлық мұсылмандарға көрсеткен мейірімділіктері себепті рахымына бөлейді»[5]...

Риуаятқа қарағанда бір күні Пайғамбарымыз: 

- Қой бақпаған пайғамбар жоқ, - дейді. Қасындағы сахабалар:

- Сіз де қой бақтыңыз ба, уа Расулаллаһ?» - деп сұрайды.

- Иә, мен де қой баққам», - деп жауап береді[6].

Фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқанди айтады:

Пайғамбарлардың (саләуәтуллаһи алейһим уә сәләмуһу) қой бағуларының мәні – Алла Тағала олардың жағдайын білсе де, аяушылықтарын жаратылыстарға көрсетерме екен деп, әуелі хайуандармен сынаған. Кейін хайуандарға да мейірімді екендіктері анықталғаннан кейін оларды пайғамбар етіп, оларға адам баласының дін істеріндегі басшылықты тапсырды.

Риуаттарға қарағанда, Мұса ғалейһиссәләм Жаратушыға:

- Уа Раббым, мені неге таңдаулы қылдың? – деп сұрайды. Сонда Раббымыз:

- Сен Шуъайб пайғамбардың қойларын бағып жүргеніңде бір қойды жоғалтып, оның ізінен іздеп кеттің. Оны шаршап-шалдығып іздеп, ақырында таптың. Сол кезде оны қолыңа алып, құшағыңа қыстың да: «Бейшара, шаршадың ба» деген едің. Жаратылыстарыма көрсеткен мейірбандылығың үшін сені таңдадым және саған пайғамбарлық сыйладым, - деп жауап берген екен бүкіл әлемнің Жаратушысы Алла.

Сахаба Әбу Дәрда ридияллаһу анһу кішкене балалардың соңынан жүріп олардан қолдарындағы шымшықтарды сатып алады екен де: «Бара ғой, өмір сүре ғой» деп ұшырып жібереді екен.

Пайғамбарымыздың былай дегендігі риуаят етіледі:

«Кім адамдарға мейірімділік көрсетпесе, Алла оған мейірімділік танытпайды»[7].

Имам Шаъби Әзіреті Омардың мына сөзін риуаят еткен:

«Мейірімділік танытпағанға Алла да мейірімділік танытпайды. Кешірім жасамағанға Алла да кешірім жасамайды. Біреудің тәубесін, өкінішін қабыл етпегеннің Алла да тәубесін қабыл етпейді»...

«Тәнбиһул ғофилин» атты кітаптан. (Ықшамдап алынды).
Арапшадан аударған: А. Қасым 


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Китабуль Мазалим. 2466.
[2] Мәжмаъуз Зәуәид. Бәззәз риуат еткен және Иснәдінда Әбу Мәһди Саъид ибн Синан деген «мәтрук» адам бар. Оның мінездемесі жайында «Мизан» кітабынан қарауға болады.  2/333, 334. №3208.
[3] Құран Кәрім: «Фәтх» сүресі, 29 аят.
[4] Ибн Асакир мен әл-Уақиди Абдулла ибн Әбу Хәдрад әл-Әсләмиден риуаят еткен. Сондай-ақ, бұл риуаят «Кәнзуль Уммалда да» орын алған.
[5] Имам Бәйһақи: «әш-Шуъаб». №1477.  «Жалған хадис» деп баға берген мамандар бар.
[6] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Китабуль Ижара. №2262.
[7] Сахих Мүслім: Китабуль Фадаил. 2319.

0 пікір