Мал союдың діни тұрғыдан ең жақсы әдісі
Мал союдың діни тұрғыдан ең жақсы әдісі
5 жыл бұрын 3353 lenta.inform.kz
Мұстафа әл-Бұға, Мухиддин Мисту

Исламда әрбір мұсылман міндетті түрде орындауы тиіс мал союдың белгілі тәртібі бар. Бұл барлық істі мейірімділікпен жақсы орындау керек деген қағиданың іске асуы болып табылады. Жоғарыда айтылған тәртіп бойынша, малдың жаны тез шығуы үшін соятын құралды (пышақ, т.с.с.) өткір етіп қайрау керек.

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (с.а.у.) пышақты жақсылап қайрауды және оны хайуанға көрсетпеуді бұйырып: «Кімде-кім мал соятын болса, тез сойсын»– деді»– деген.

Сойылатын малды соятын жерге жай айдап келу, оған мейірімділікпен қарау да жоғарыда айтылған тәртіпке кіреді.

Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) қойдың құлағынан ұстап сүйреп бара жатқан адамның қасынан өткенде, оған: «Қойдың құлағын қоя бер де, желкесінен ұста»– деді»– деген.

Имам Ахмад: «(Малды) соятын жерге (сүйремей) ақырын апару керек және пышақты көрсетпеу қажет, пышақты тек соятын кезде ғана алған жөн», – деген.

Малды жақсы сою деген сөз малдың мойын тамырларын (күретамыр) кесуді білдіреді. Ибн Аббас пен Әбу Һурайра (Алла оларға разы болсын): «Пайғамбар (с.а.у.) шайтан тілмеге тыйым салған», – деген. Яғни сойған кезде мойын тамырларын кеспестен тек терісін ғана кесу.

Сондай-ақ бір хайуанды сойғанда екінші хайуанға көрсетпеген дұрыс. Сойылатын малды құбылаға қаратып, Алла тағаланың есімін айту керек, содан соң малдың терісі суығанша оған тимеу керек, сойғанда құлшылық ниетімен сою қажет және Аллаһ тағаланың малды бізге бағындырып, сондай жақсылық жасағанына шүкіршілік еткен дұрыс.

Хайуанға жақсы қатынас жасау, малды сауғанда оның төліне жетерлік сүт қалдырмай сарқа сауып алмау, аса ауыр жүк артпау және қажетсіз мінбеу дегенді де білдіреді.

 

0 пікір